Азаматтық авиация академиясы халықаралық тәжірибеге жол ашты: Египет, Марокко және БАӘ-де тағылымдамалар
- Редакция "СО"

- Sep 4
- 2 min read
2025 жылдың тамыз айында Азаматтық авиация академиясының өкілдері Оңтүстік Африканың Дурбан қаласында өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Next Generation of Aviation Professionals (NGAP) симпозиумына қатысты.

Іс-шара аясында Азаматтық авиация академиясы мен ASE Group компаниясы арасында серіктестікті дамыту жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізілді. ASE Group — Египет, Марокко және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі жерүсті қызмет көрсету компаниясы.
Бұл серіктестік аясында Академияның студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы аталған елдердің жетекші әуежайларында кәсіби тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде:
халықаралық авиациялық ортада жұмыс тәжірибесін алуға;
заманауи технологиялармен және қызмет көрсету стандарттарымен танысуға;
кәсіби даярлық пен академиялық ұтқырлық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Симпозиумға әлемнің 83 елінен 1000-нан астам қонақтар мен делегаттар қатысты. Үш күн ішінде қатысушылар 10 сессиядан тұратын мазмұнды бағдарламаға қатысты. Жиында 50-ден астам спикер сөз сөйледі — олардың қатарында авиациялық органдардың, халықаралық ұйымдардың, салалық қауымдастықтар мен әуекомпаниялардың, сондай-ақ білім беру мекемелерінің өкілдері болды.
Форум аясында келесі маңызды мәселелер талқыланды:
цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуын ескере отырып, оқу бағдарламаларын жаңарту;
ұшқышсыз авиациялық жүйелермен жұмыс істей алатын мамандарды даярлау;
тағылымдамалар, тәлімгерлік пен халықаралық студенттік ұтқырлықты дамыту;
авиациядағы гендерлік теңдік пен әйелдер көшбасшылығын ілгерілету;
«авиация маманының әмбебап паспорты» тұжырымдамасын енгізу.
Сарапшылардың бағалауынша, 2050 жылға қарай әлемдік авиация көлемі үш есе артады. Демек, бүгінгі күні авиациялық кадрларды даярлаудың мықты негізін қалау аса маңызды. Симпозиум барысында Сингапурдың кадр саясаты мысал ретінде келтірілді — бұл елде мемлекет пен авиациялық органдар авиация мамандарын даярлау жүйесін ондаған жылдарға стратегиялық түрде жоспарлап отыр.
ICAO NGAP симпозиумы жас мамандарды даярлау мәселелеріне әлемдік авиациялық қауымдастықтың жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте растады және білім беру мекемелері, авиациялық органдар мен салалық серіктестер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Азаматтық авиация академиясы жаһандық авиациялық нарықтың талаптарына сай тәжірибеге бағытталған білім беру ортасын құру және халықаралық серіктестіктерді дамыту бойынша стратегиялық жұмысын жалғастыруда.



Comments