Азаматтық авиация академиясының студенттері ICAO Aviation Security Week 2026 халықаралық іс-шарасына қатысты
Астанада авиациялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған және Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған ICAO Aviation Security Week 2026 халықаралық іс-шарасы өтті. Іс-шараның өткізілуіне Алматы қаласынан арнайы келген Азаматтық авиация академиясының 31 студенті волонтер ретінде қатысты. Болашақ авиация мамандары ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейдегі іс-шарада Академияның атынан лайықты өкілдік етті.

Іс-шараға 60-тан астам елдің өкілдері, авиациялық ведомстволардың басшылары, халықаралық ұйымдар мен саланың жетекші сарапшылары жиналды. Күн тәртібінде авиациялық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, халықаралық стандарттар, заманауи технологияларды енгізу, кәсіби мамандарды даярлау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту тақырыптары қамтылған.
Азаматтық авиация академиясының студенттері іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, шетелдік делегацияларды қарсы алу және сүйемелдеу, қатысушыларға ақпараттық көмек көрсету, сондай-ақ жекелеген іс-шаралардың өткізілуіне жәрдемдесу жұмыстарын атқаруда.

Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатысу болашақ авиация мамандарына практикалық тәжірибе жинақтауға, коммуникативтік және ұйымдастырушылық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ ағылшын тілін кәсіби ортада қолдануға мүмкіндік береді.
«Іс-шара өтетін жерге келіп, көптеген елдің өкілдерін көргенде, авиация саласының ауқымын алғаш рет шын мәнінде сезіндім. Бұған дейін халықаралық ынтымақтастық мен үшін оқулықтардан оқитын ұғым ғана болса, бұл жолы оның дәл ортасында болдым», – деп әсерімен бөлісті «Азаматтық ұшақтарды ұшу арқылы пайдалану» білім беру бағдарламасының (ұшқыштарды даярлау) 2-курс студенті Бобиржан Умаров.

«Академияның формасын киіп, осындай халықаралық деңгейдегі іс-шарада оқу орныңның атынан өкілдік еткенде, ерекше жауапкершілікті сезінесің. Өзімізді жақсы жағынан көрсетіп, Азаматтық авиация академиясының студенттері кәсіби ортада жұмыс істеуге дайын екенін дәлелдегің келеді», – деп атап өтті «Әуежай қызметін ұйымдастыру» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Ибрагим Ислам Нұрланұлы.
Азаматтық авиация академиясы ICAO Aviation Security Week 2026 ұйымдастырушыларына студенттерге сенім білдіріп, осындай маңызды халықаралық іс-шараны өткізуге қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреді.
Жинақталған тәжірибе болашақ мамандардың кәсіби дамуына серпін беріп, Қазақстанның азаматтық авиация саласын дамытуға үлес қосуға жол ашады.


Comments