Алматыда «Мектеп мектеп үшін» пилоттық жобасы аяқталды
- Редакция "СО"

- Jun 24
- 2 min read
2025–2026 оқу жылы бойы Алматының жеті мектебінде «Мектеп мектеп үшін» жобасы жүзеге асырылды. Бұл жобада №105 гимназия ментор (тәлімгер) ретінде қатысса, №40, 20, 47, 171, 121 және 66 мектептер менти (тәлім алушы) болды.

Жобаны Алматы қалалық Білім басқармасы мен еліміздің мектептеріне арналған шет тілі оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеуші — EDU Stream халықаралық тіл академиясы ұйымдастырды. Академия Қазақстанда, Ресейде және Германияда филиалдар желісіне ие және білім беру саласында белсенді қызмет атқарады.
Жобаны Алматы қалалық Білім басқармасының «Жаңа технологиялар» қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы, Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, Қазақстанның ЮНЕСКО клубтарының ұлттық федерациясы, SHL Central Asia және ICF-Kazakhstan компаниялары қолдады.
Жоба авторлары мектептердің әлеуетін ашуды, тәлімгер мектептің адрестік көмегі мен қолдауы арқылы оқыту деңгейін теңестіруді және педагогтар мен директорлар үшін даму траекториясын қалыптастыруды мақсат етті. Өйткені, мектептегі өзгерістер осы тұлғаларсыз мүмкін емес.
Білім беру ұжымдары биыл басқару стратегиясын, әкімшілік пен педагогтар, педагогтар мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас стилін айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ ағылшын тілін оқытудағы заманауи трендтерді — командалық жұмысты, «жұмсақ дағдыларды» (soft skills) дамытуды, мұғалімдерді жетілдіруді, әр баланың, педагог пен директордың талантын ашуды және жасанды интеллектті қолдануды үйренді.
Директорлар мен мұғалімдер таланттарды бағалау және дамыту бойынша вебинарларға, фасилитация құралдары, командалық жұмыс және БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен коуч-сессияларға қатысып, қарым-қатынас пен оқытудың жаңа технологияларын меңгерді. Пилоттық мектептердің ағылшын тілі мұғалімдері жасанды интеллект технологиялары бар BOOKR платформасына, соның ішінде келесі оқу жылына да тегін қол жеткізді.
Оқушылармен жұмыс олардың жеке қасиеттерін, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, қауіпсіздікке үйретуге және табысты қазақстандықтармен кездесулер, Қазақстанның ЮНЕСКО клубтарының ұлттық федерациясының бағдарламаларына қатысу арқылы белсенді дамуға ынталандыруға бағытталды.
Сонымен қатар ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын тестілеу жүргізілді. Ол тұрмыстық қарым-қатынаста тілдік деңгейдің жаман емес екенін көрсеткенімен, оқу және тыңдалым (аудирование) дағдыларын дамыту қажеттігін анықтады. Академия бұл мақсатта ағылшын тіліндегі көркем әдебиетті оқып, оның аудармасын талдауға кеңес береді.
Жоба педагогтардың қызығушылығы артқанын көрсетті. Алайда, ата-аналардың вебинарларға қатысуы төмен болды, ал бағалау кезеңі күдік тудырды.
Брифинг барысында EDU Stream және SHL Central Asia сарапшылары бағалаудың балалар, педагогтар немесе мектеп басшылығы үшін жазалау сипатында емес екенін және олай қабылдамау керектігін түсіндірді. Керісінше, бұл әрбір оқу үдерісіне қатысушының және жалпы мектептің даму траекториясын құру үшін қажет. Себебі, мектеп біртұтас команда болуы керек және тек оқушылардың жоғары баллдары мен тәртібіне ғана емес, әрбір адамның жан-жақты дамуына бағытталған мақсат қоюы тиіс.
EDU Stream бас директоры Наталья Мұхамеджанова атап өткендей, жобаны кеңейту жағдайында бұл мәселелер ескеріледі: психологтар тобы тартылады. Олар мектеп ішіндегі, сондай-ақ ата-аналар арасындағы жанжалдарды шешуге көмектесіп, балалармен және ұжыммен жұмысты айыптау мен жазалау негізінде емес, озық педагогикалық-психологиялық әдістемелерді қолдану арқылы жүргізуге үйретеді.
Қорытындылай келе, «Мектеп мектеп үшін» жобасының күшті жақтары — жүйелі тәсіл, сарапшылардың жоғары деңгейі, халықаралық стандарттар, цифрландыру және «жұмсақ дағдыларды» (soft skills) дамыту арқылы мектепті басқару мен оқытудың жаңа мәдениетін қалыптастыру мүмкіндігі.



Comments