Жаңа мектептің алғашқы оқу жылындағы әдістемелік ізденістері мен жетістіктері
Updated: 2 days ago

Цифрлық технологиялардың дамуы және жасанды интеллект құралдарының таралуы жағдайында білім беру нәтижелеріне қойылатын талаптар мектепті басқару мен оқыту тәсілдерін жаңаша құруға міндеттейді. Жаңадан ашылған мектептің алдында екі маңызды міндет тұр: сапалы білім беру процесін қалыптастыру және оны үздіксіз жетілдіруге қабілетті кәсіби орта құру. Бұл істе педагог тұлғасының рөлі ерекше, мұны көрнекті қазақ ағартушысы Ахмет Байтұрсынов та атап өткен: «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай».
Астана қаласы әкімдігінің № 114 жалпы білім беретін мектебі өз жұмысын 2025 жылдың 1 қыркүйегінде бастады. Мектептің алғашқы оқу жылы – мектептің өзіндік ерекшелігін айқындайтын кәсіби ДНҚ-сы қалыптасатын кезең. Ол педагогикалық қарым-қатынас мәдениетінен, әдістемелік дәстүрлерден, ортақ құндылықтардан, педагогтардың кәсіби ұстанымынан, зерттеу мәдениетінен және оқушының дамуына бағытталған ортадан құралып, болашақ дамудың басымдықтарын айқындайды.
Мектеп бейнесін қалыптастырудағы басты қағидат – педагогтің дамуын оқушылардың жетістіктерімен, ал жеке бастамаларды мектептің стратегиялық мақсаттарымен ұштастыру.
Педагогикалық ұжымның жалпы жұмыс бағытын № 114 мектептің 2025–2030 жылдарға арналған «Құндылықтарға адал, әлемге ашық көшбасшы мектеп» даму бағдарламасы айқындады. Мектептің миссиясы: «Білім берудегі жаһандық трендтерге икемді, ұлттық құндылықтарға адал көшбасшыларды қалыптастырамыз».
Әдістемелік қызмет: іс-шаралардан ортақ даму мәдениетіне
Жаңа мектептің бірінші жылындағы басты міндеттердің бірі – педагогтардың кәсіби дамуына ықпал ететін тұтас жүйе құру, әдістемелік жұмысты ұйымдастыру болды. Осы мақсатта әдістемелік бірлестіктердің қызметі тәжірибе алмасуға, педагогтардың шығармашылық әлеуетін ашуға және оқу процесіне заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталды.
Пәндік онкүндіктер мұғалімдердің кәсіби мүмкіндіктерін көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар оқушылардың пәндерге қызығушылығын арттырып, білімді өмірлік жағдайларда қолдануға мүмкіндік беретін ортаға айналды. Атап айтқанда, «Ұлттық тіл және жасанды интеллект: жаңа дәуірдің серігі», «Математика, физика, информатика және ЖИ: шексіз мүмкіндіктер әлемі», «Биология, химия, география және ЖИ: өмір мен ғаламды танудың жаңа көкжиегі» тақырыптарында онкүндіктер ұйымдастырылды.
Бұл бастамалардың ерекшелігі – дәстүрлі пәндік білімді цифрлық мүмкіндіктермен ұштастыруға бағыттылығы. Оқушылар пәндік тапсырмалармен қатар зерттеуге, талдауға, салыстыруға, шығармашылық шешімдер ұсынуға тартылды. Ал педагогтар үшін бұл өз пәнін оқытудың жаңа тәсілдерін сынақтан өткізіп, тәжірибесін байытуға мүмкіндік берді.
Мектептегі әдістемелік жұмыстың маңызды қағидаты – инновацияларды инновация үшін ғана қолданбай, олардың оқу процесіне әсерін түсіну. Сондықтан әрбір педагогикалық бастаманың мазмұны оқушының оқу белсенділігімен, білімді меңгеру сапасымен және мұғалімнің кәсіби даму қажеттілігімен байланыстырылды.
Зерттеуші мұғалім. Мектептің әдістемелік қызметін дамытудың маңызды механизмі – педагогикалық идеяларды практикада сынақтан өткізу және олардың тиімділігін талдау. Осы тұрғыдан алғанда, Lesson Study, STEM бағытындағы жұмыс және кәсіби тәжірибе алмасу алаңдарын педагогикалық зертхананың өзара байланысты элементтері ретінде қарастыруға болады. Жұмыс төрт кезеңге негізделген: мәселені анықтау → шешімді сынақтан өткізу → нәтижені талдау → практиканы жетілдіру. Мұндай тәсіл әдістемелік жұмысты тек іс-шаралар өткізумен шектемей, оны педагогтің кәсіби қажеттіліктері мен оқушының оқу іс-әрекетіне бағыттауға мүмкіндік береді.
Lesson Study зерттеулеріне шамамен 70 педагог қатысып, олар сабақтарды бірлесіп жоспарлау, оқушылардың іс-әрекетін бақылау және нәтижелерді талдау арқылы оқыту практикасын жетілдіруге ұмтылды. Сабақтарды бақылау процесін жүйелеу мақсатында Google Forms цифрлық құралы пайдаланылды, бұл бақылау нәтижелерін қорытындылауға, педагогтардың кәсіби қажеттіліктерін анықтауға және әдістемелік жұмыстың басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.
Бұл жұмыс педагогтардың кәсіби дамуы, жас мамандарды қолдау және оқушылардың зерттеу әлеуетін дамыту арасындағы өзара байланысқа бағытталды. Lesson Study-ді бақылаудың цифрлық құралдарымен ұштастыру әдістемелік жұмысты нақты кәсіби қажеттіліктерге сәйкес жетілдірудің маңыздылығын көрсетті.
Кәсіби даму және тәжірибе алмасу. Абай Құнанбаевтың «Ұстаз да үйренуден шаршамайды» деген сөздері мұғалімнің кәсіби ізденісінің үздіксіз сипатын бейнелейді. Біздің мектепте педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру мақсатында олардың ғылыми мақалалары республикалық және халықаралық басылымдарда жарияланды, ал авторлық бағдарламалары әдістемелік кеңесте мақұлданды. 30-дан астам педагог ғылыми-әдістемелік ізденістерге қатысып, кәсіби тәжірибені жетілдіруге және тиімді педагогикалық идеяларды таратуға үлес қосты. Олардың ішінде ерекше шығармашылық сипаттағы екі тәсілді атап өтуге болады:
– «Шығармашылық сабақ шеберханасы» алаңы. Мұнда педагогтар дайын үлгілермен шектелмей, әрбір сабақты оқушы үшін ашылуларға, ізденіске және эмоцияларға толы әлемге айналдыруды меңгерді. Тақырып квест, кейс, рөлдік ойын, подкаст, қысқа бейнеролик, интеллект-карта, STEM-жоба немесе шағын зерттеу форматында ашылып, мұғалімдер «5 минут – 5 идея» форматында тәжірибе алмасты. Мысалы, математикадағы формула сәулеттік жобаға, биологиядағы жасуша қала моделіне, тарихтағы оқиға рөлдік сотқа, ал әдеби кейіпкер заманауи медиа-портретке айналды.
– «Шығармашылық чемодан және айналмалы станциялар» алаңы. Бұл шеберхананың жалғасы ретінде ең нәтижелі тәсіл болды. Әрбір педагог сабаққа дайын презентациямен емес, ішінде 5 күтпеген зат – 3D-қалам, QR-код, ескі кілт, құмсағат, LEGO бөлшектері бар «шығармашылық чемоданмен» келді. Сабақ осы заттардың айналасында құрылды. Ал «Айналмалы станциялар» / World Cafe форматында бір тақырып төрт жағынан қарастырылды: 1-станция – Визуал, 2-станция – Геймификация, 3-станция – Сторителлинг, 4-станция – Зерттеу. Мұғалімдер әр 12 минут сайын станцияларды ауыстырып, бір сабақ үшін 4 түрлі шығармашылық шешім ұсынды. Мұғалімдерге педагогикалық идеяларды талқылауға, тиімді әдістерді көрсетуге және оқу процесін жетілдірудің практикалық жолдарын қарастыруға мүмкіндік берілді.
Мұғалімдердің кәсіби дамуы тек жаңа ақпарат алу арқылы ғана емес, сонымен қатар оны практикада сынақтан өткізу, нәтижелерді бағалау және тиімді тәсілдерді үнемі қолдану арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Жас мамандарды қолдау
Жаңа мектептің тұрақты дамуы мектепте өзара қолдау мен кәсіби ынтымақтастыққа негізделген ортаның қалыптасуына байланысты. Жас мұғалімнің еңбек жолының басында әдістемелік қолдау алып, кәсіби қиындықтарды талқылай алуы және өз мүмкіндіктерін көрсете алуы ерекше маңызды.
Жас педагогтардың шығармашылық әлеуетін ашу және кәсіби қалыптасуын қолдау мақсатында біздің мектепте семинарлар, шеберлік сағаттары және «Үздік жас маман – 2026» байқауы ұйымдастырылды.
Жас маманды қолдаудың негізгі мәні – оған дайын шешімдерді ұсыну ғана емес, сонымен қатар өз бетінше шешім қабылдай алатын, кәсіби рефлексия жасайтын және үздіксіз дамуға ұмтылатын педагог ретінде қалыптасуына жағдай жасау..
№ 114 мектептің әдістемелік даму формуласы
Әдістемелік қызметтің сапасы тек өткізілген іс-шаралармен ғана емес, олардың білім беру процесіне әкелген өзгерістерімен де айқындалуы тиіс. Бірінші оқу жылының тәжірибесін қорытындылай келе, мектептің әдістемелік қызметінің негізгі бағыттарын өзара байланысты төрт компонент арқылы қарастыруға болады.
Бірінші бағыт – кәсіби ұжым. Педагогтардың біліктілігін арттыру, жас мамандарды қолдау, тәжірибе алмасу және кәсіби ынтымақтастықты дамыту.
Екінші бағыт – зерттеу және инновациялар. Lesson Study, STEM, цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін педагогикалық мақсатта пайдалану, оқыту практикасын талдау және жетілдіру.
Үшінші бағыт – оқушының дамуы. Функционалдық сауаттылықты, зерттеу дағдыларын, сыни тұрғыдан ойлауды, шығармашылықты және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру.
Төртінші бағыт – мектептің тұрақты дамуы. Кәсіби ізденістерді білім беру ұйымын дамыту мақсаттарымен байланыстыру, тиімді практикаларды жүйелеу және олардың нәтижелерін бағалау.

Оқушыларымыздың алғашқы жетістіктері
Мектептің миссиясының негізінде ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік өзгерістерге бейімделген және дамыған көшбасшылық қасиеттерге ие тұлғаны қалыптастыру мақсаты жатыр. Бұл мақсат оқушылардың ғылыми, интеллектуалдық және шығармашылық бастамаларын қолдауды талап етеді.
Оқу жылы ішінде оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру және функционалдық сауаттылығын дамыту мақсатында эдьютейнмент (education + entertainment) тәсіліне негізделген түрлі іс-шаралар өткізілді. «Білім елі», «Білім қазынасын іздеу» квесттері, «Әдеп әліппесі» танымдық саяхаты, «Ертегілер елінде саяхат», «Жұмбақ білім сандығы» интеллектуалдық ойындары, «Brain Battle» логикалық жарысы және «Сандар патшалығы» детективтік ойыны оқушыларға оқу процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік берді.
Ойын, квест және жарыс элементтерін пайдалану арқылы логикалық ойлауды, шешім қабылдауды, топта өзара әрекеттесуді және білімді практикада қолдануды дамыту көзделді.
«ЖИ – болашақ па әлде қауіп пе?» тақырыбында Карл Поппер форматындағы дебат турнирі оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамытуға бағытталды. Пікірталас барысында оқушылар өз көзқарастарын дәлелдеуге, дереккөздерді салыстыруға, ақпараттың шынайылығын бағалауға және жасанды интеллект мүмкіндіктеріне сыни тұрғыдан қарауға мүмкіндік алды.
Жаратылыстану-ғылыми бағыттағы жұмыс та оқушылардың зерттеу қызығушылығын дамытуға ықпал етті. «Қарапайым тәжірибелер» және «Ғылым – ғажап!» практикалық сабақтары мен шоу-бағдарламалары STEM тәсіліне негізделіп ұйымдастырылды. «Химия және биология әлеміне саяхат» танымдық іс-шарасы, «Living Science: Өмірді өз қолыңмен жаса» макеттер байқауы, «Ғылым алақанда: миниатюрадағы әлем» көрмесі және «Terra Incognita» квесті оқушылардың теориялық білімдерін практикамен ұштастыруына, ғылыми құбылыстарды бақылауына және шығармашылық шешімдер ұсынуына жағдай жасады.
Бұл жұмыстың ортақ ерекшелігі – оқушыны дайын ақпаратты тұтынушы рөлінен мәселені зерттеуші, шешім іздеуші және өз идеясының авторы рөліне бағыттау.
Халықаралық және интеллектуалдық жетістіктер: еңбектің нәтижесі
Оқушылардың ғылыми жобаларға, пәндік олимпиадаларға, шығармашылық байқауларға және халықаралық жарыстарға қатысуы мектептің білім беру ортасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Мектептің бірінші оқу жылында оқушыларымыз халықаралық деңгейдегі интеллектуалдық және шығармашылық жарыстарға қатысып, үздік нәтижелер көрсетті.
Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында ұйымдастырылған халықаралық саммит аясында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша «Тілім – болмысымның куәсі» халықаралық командалық ауызша олимпиадасында мектептің 1-сынып оқушылары I орынды иеленді.
«RoboLand–2026» халықаралық фестивалінің іріктеу кезеңінде «Робогеометрия» бағыты бойынша 7-сынып оқушылары II орынды иеленді.
Алайда мектеп үшін жүлделі орындардың саны ғана емес, әрбір оқушының өз қабілеттерін ашуы, қызығушылығын дамытуы және білімін жаңа жағдайларда қолдана алуы да маңызды.
Мектеп дәстүрлерін қалыптастыру
2025–2026 оқу жылы № 114 жалпы білім беретін мектеп үшін жаңа білім беру ортасын қалыптастырып қана қоймай, әдістемелік қызметтің басым бағыттарын айқындаған маңызды кезең болды.
Бірінші оқу жылы бізге бір маңызды ойды ұқтырды: мектептің шынайы табысы осы кеңістікте қалыптасқан кәсіби мәдениетпен, оқушының мүмкіндіктерін аша білумен және ортақ мақсатқа жету жолында бірлесіп әрекет ететін ұжыммен өлшенеді.
Болашақта осы бағытта жұмысты жүйелі түрде жалғастыру, педагогикалық бастамалардың нәтижелілігін нақты көрсеткіштер арқылы бағалау, оқыту практикасын зерттеу және тиімді шешімдерді кеңінен тарату маңызды.
№ 114 мектептің мақсаты – бүгінгі жетістіктермен шектелмей, әр оқу жылы сайын өз тәжірибесін талдап, жаңарып, оқушылардың мүмкіндіктерін кеңейтетін көшбасшы мектепке айналу.
Ұлбола ТОЙЛЫБАЕВА,
Астана қаласындағы № 114 жалпы білім беретін мектептің директоры,
Зарина МУСЛИМБЕКОВА,
бейіндік оқыту жөніндегі директордың орынбасары
АННОТАЦИЯ
Успех школы измеряется не только её материальными возможностями, но и профессиональным потенциалом педагогического коллектива, общими ценностями и стремлением к непрерывному поиску. В статье рассматривается методическая деятельность школы №114 в первый учебный год, профессиональное развитие педагогов, поддержка молодых специалистов, а также интеллектуальные, научно-творческие достижения учащихся

Comments