Ақмолалық студенттер Германиядағы John Deere зауыттарына барды
- Редакция "СО"
- 2 hours ago
- 1 min read
Шағалалы ауылындағы Жоғары агротехникалық колледжінің «Агрономия» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттері – Оружев Тимур мен Подласова Татьяна әлемге танымал John Deere компаниясының Германиядағы өндірістік алаңдарын аралау мүмкіндігіне ие болды. Бұл сапар оларға Көкшетау қаласында өткен «DigitalAgroLeaders – 2024» республикалық студенттік байқауында жеңіске жетудің арқасында бұйырды. Байқауды Eurasia Group компаниясы ұйымдастырды.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру мен технологиялық даму қарқынды жүріп жатқан қазіргі кезеңде теориялық білімнің нақты өндірісте қалай қолданылатынын көру аса маңызды. Сапардың басты мақсаты – студенттерді халықаралық агроөндірістегі инновациялармен және өндірістік үдерістермен таныстыру болды.
Сапар барысында студенттер John Deere компаниясының заманауи өндірістік желілерін көріп қана қоймай, компанияның инженерлері мен мамандарымен жүздесті. Олар технологиялық шешімдер, инновациялар, тағылымдамалар мен мансаптық мүмкіндіктер жайында сұрақтар қойып, құнды ақпарат алды.
Әсіресе, ауыл шаруашылығының болашағын қалыптастырып жатқан инженерлер мен агрономдардың табысты оқиғалары студенттерге үлкен әсер қалдырды.
Бұл сапар студенттердің кәсіби өсуіне ғана емес, тұлғалық дамуына да оң ықпал етіп, оларды аграрлық салада жоғары нәтижелерге ұмтылуға шабыттандырды.
Comments