Жетісу университеті: Халықаралық еріктілер жылы аясында ізгілік шарасы ұйымдастырылды
- Редакция "СО"

- 9 hours ago
- 2 min read
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Айналайын» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне арналған «Шын жүректен» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті. Аталған игі бастаманың негізгі мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау, олардың жүрегіне мейірім мен жылулық ұялату, сондай-ақ жастар арасында жанашырлық, жауапкершілік, ізгілік және еріктілік құндылықтарын дәріптеу.

Аталған іс-шара университеттің әлеуметтік жауапкершілік саясатының маңызды бағыты ретінде ұйымдастырылып, қоғамда қайырымдылық мәдениетін нығайтуға, балаларға жан-жақты қолдау көрсетуге және ізгілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға мейірім мен қамқорлық көрсету арқылы қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, волонтерлік мәдениетті дамыту, сондай-ақ университет ұжымы мен «Айналайын» балаларды қолдау орталығы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік, азаматтық белсенділік пен еріктілік мәдениетін дамыту мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент «Еріктілік – бұл азаматтардың бір-біріне деген жанашырлығы мен ортақ жауапкершілігінің айқын көрінісі. Біз әділетті қоғамды ең алдымен өзара құрмет пен қамқорлық арқылы қалыптастырамыз» – деген еді.
Бұл бағыт еліміздің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігіне айналып, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға қызмет етіп келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында волонтерлік қызмет пен қайырымдылыққа конституциялық деңгейде ерекше мән берілді. Атап айтқанда, Конституцияның 31-бабының 2-тармағында: «Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, өзге де әлеуметтік қамсыздандыру нысандары, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық қолдау табады», – деп нақты көрсетілген. Бұл норма еріктілік пен қайырымдылықты әлеуметтік мемлекеттің, қоғамдық ынтымақтастықтың, азаматтық жауапкершіліктің және адамгершілік құндылықтардың маңызды тетігі ретінде айқындайды.
Осы құндылықтар аясында ұйымдастырылған «Шын жүректен» іс-шарасы – балаларға деген шынайы қамқорлықтың, ізгі ниет пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Басты мақсат бүлдіршіндерге материалдық көмек көрсету ғана емес, әрбір балаға қоғамның назарын, жылуын және мейірімін сезіндіру. Шара барысында мәдени-рухани кеш ұйымдастырылып, балалар мен студенттер өздері даярлаған концерттік бағдарлама ұсынды. Дәстүр бойынша көктем айында туған балаларға ерекше құрмет көрсетілді. Университет ұжымы мен студенттерінің «Сыйлық бұрышына» жинаған сыйлықтары орталық тәрбиеленушілеріне табысталды.
Ізгілік шарасына ҚР Парламенті Сенатының депутаты, облыстық әкімдік өкілдері, қоғам қайраткерлері, серіктес ұйымдар өкілдері, университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ «Айналайын» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері қатысты.




Comments