Жетісу университетінде Студенттік Ассамблея ашылды
- Редакция "СО"

- 8 hours ago
- 1 min read
Жастар арасындағы көшбасшылықты, бастамашылдықты және ұлтаралық келісімді дамытуға бағытталған Студенттік Ассамблея еліміз бойынша алғаш рет Жетісу университетінде өз жұмысын бастады. Бұл жаңа ұйым студенттердің азаматтық белсенділігін арттырумен қатар, этносаралық келісім мен патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталмақ.

Іс-шараның модераторы – әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев болды. Ол өз сөзінде Студенттік Ассамблеяның ашылуы университет жастарының қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.
«Бұл ұйым – жастардың өз бастамаларын іске асырып, ел дамуына үлес қосуына жол ашатын платформа. Бірлік, достық пен өзара құрмет – біздің басты құндылығымыз», – деді Болат Сериев.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Джумурбаев қатысып, студенттермен кездесті. Ол өз сөзінде түрлі этнос өкілдерінің татулық пен ынтымақ рухында бірігуінің маңыздылығына тоқталды.
«Жастар – елдің болашағы. Олар патриотизм мен жауапкершілік қағидаттарын ұстанып, қоғамның дамуына өз үлесін қосуы керек. Студенттік Ассамблея – осы мақсаттарды жүзеге асыратын бірегей бастама», – деді ол.

Жетісу университетінде құрылған Студенттік Ассамблеяның басты мақсаты – жастарды көшбасшылыққа, қоғамдық белсенділікке, сондай-ақ этномәдени келісім мен толеранттылық рухында тәрбиелеу. Ұйым аясында түрлі мәдени, әлеуметтік және еріктілік жобалар, пікірталас алаңдары мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылмақ.
Университет басшылығының пікірінше, бұл бастама оқу орнының ғана емес, өңірдің де әлеуметтік-мәдени дамуына серпін бермек. Студенттік Ассамблея жастарды біріктіріп, ел болашағы жолындағы азаматтық жауапкершілікті күшейтеді.



Comments