top of page

Итальян тілін оқыту орталығы Жетісу университетінде

2026 жылғы 2 наурызда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне итальян тілінің оқытушысы Алессандро Грасси және «Letteratè» итальян тілін меңгеру орталығының директоры Любовь Грасси ресми іссапармен келді. Бұл сапар университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейту және шет тілдерін оқыту сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болды.



Кездесу барысында университет басшылығы Марке политехникалық университеті филиалының студенттері мен оқытушыларына итальян тілін оқыту ісін жетілдіру, оқу-әдістемелік базаны күшейту, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру және алдағы уақытта академиялық байланыстарды нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады. Тараптар тілдік дайындықты халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, тәжірибе алмасу және болашақта ортақ бағдарламалар ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастырды.


Сонымен қатар, Алессандро Грасси курсқа қатысушы студенттер мен оқытушыларға арнап интербелсенді форматта ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында тыңдаушылар итальян тілінің сөйлеу мәдениеті, дұрыс дыбыстау, күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын тілдік құрылымдар және заманауи оқыту әдістерімен танысты. Практикалық тапсырмалар арқылы қатысушылар тілдік дағдыларын жетілдіріп, итальян тілін нақты жағдаяттарда қолдану тәжірибесін алды.


Аталған итальян тілі курсының 2025 жылғы 12 желтоқсанда басталғанын айта кету керек. Бүгінде курс онлайн және офлайн форматта жүргізіліп, студенттер мен оқытушылардың тілдік құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама қатысушыларға шетелдік әріптестермен еркін қарым-қатынас орнатуға, академиялық және мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page