top of page

ҚАТЗУ мен Конья техникалық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2026 жылғы 31 тамызда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Конья техникалық университетінің (Түркия) делегациясымен кездесу өтті. Кездесу екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналды.


ҚАТЗУ мен Конья техникалық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Түркиялық делегация құрамында Конья техникалық университетінің проректоры, профессор Нуреттин Четинкая және халықаралық байланыстар жөніндегі үйлестіруші, қауымдастырылған профессор Мухаррем Хилми Аксой болды. ҚАТЗУ тарапынан Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов, Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық департаментінің директоры Эльмира Утеубаева, Seifullin University Агротехнопаркінің директоры Ержан Айнабеков, сондай-ақ университет институттарының директорлары қатысты.


Кездесуді ашқан Қанат Тіреуов Қазақстан мен Түркия арасындағы, соның ішінде жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Ректор ҚАТЗУ-дың Түркияның жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстарды жүйелі түрде дамытып келе жатқанын және қазіргі таңда елдің 14 университетімен ынтымақтастық орнатқандығын жеткізді.


Өз кезегінде Конья техникалық университетінің проректоры Нуреттин Четинкая университет қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, ҚАТЗУ-мен әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.


Келіссөздер барысында тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын, Erasmus+ KA171 бағдарламасына қатысу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен білім беру бастамаларын іске асыру мәселелерін талқылады.


Инженерлік және агротехнологиялық зерттеулер, ауыл шаруашылығы машина жасау және автоматтандыру, цифрландыру, жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар, сондай-ақ тұрақты даму және «жасыл» технологиялар салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.


Кездесу қорытындысы бойынша С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Конья техникалық университеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат арқылы тараптар білім беру, ғылым, академиялық ұтқырлық және бірлескен халықаралық жобаларды іске асыру салаларында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ниеттерін бекітті.


Сапар аясында Конья техникалық университетінің өкілдері ҚАТЗУ-дың ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысып, университет зертханалары мен Seifullin University Агротехнопаркін аралады.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page