Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді мерекесімен құттықтап, Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін жеткізді, «Замануи білім беру» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Президент елімізде педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келе жатқанын жақсы үрдіске балады
Биыл 12 мыңнан астам түлек, соның ішінде екі мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекет грантына ие болды. Мұғалімдік жолын таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандарға аға буын көп көмек көрсетуге тиіс. Сонда олар да өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасады. Сондай-ақ кәсіби сабақтастық дәстүрі пайда болады. Біз оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Білікті мұғалімді мықты мемлекеттің тұғыры деп айтсақ, артық болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің жоғары оқу орындары айрықша рөл атқарады. Себебі университет қабырғасында болашақ маманның кәсіби білімі мен дағдысы қалыптасады. Бұдан бөлек, білім-ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге баса мән беру маңызды. Шет мемлекеттерге сапарларым кезінде мен әлемнің озық оқу орындарымен байланыс орнату, ықпалдастықты нығайту мәселесіне айрықша назар аударамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев..
Президент алдымызда ауқымды міндет тұрғанына назар аударды. Бұл – жаһанда цифрлық өркениет пен білім экономикасы салтанат құрған дәуірде өмір сүріп, өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеп шығару.
– Сондықтан менің тапсырмаммен Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталды. Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс. Бұл бағытта маңызды қадам жасалды. Биыл қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекітті. Қалада немесе шалғай ауылда орналасқанына қарамастан, еліміздегі барлық мектеп озық әдістеме мен цифрлық платформаға қол жеткізеді. Бастама жақсы. Жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр. Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен асты. Оқушылардың когнитивті бейімделу индексі орташадан жоғарылады. Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқтап қалуға болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Алайда Президент озық технология дәуірінде кітап оқудың да мән-маңызын арттыруымыз қажет санайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа осы құндылықты сіңіруге тұтас қоғам атсалысуы қажет екенін айтты.
– Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан. Сондықтан мен биыл мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды.
Салтанатты жиында білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ мұғалімге жоғары мемлекеттік наградалар табысталды.

Comments