Премьер-министр Ұлттық ғылым академиясының ғылымды дамытуға бағытталған жүйелі ұсыныстарын қолдады
- Редакция "СО"

- 5 hours ago
- 5 min read
2026 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Абайұлы Бектеновтің төрағалығымен ғылымды дамыту және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми әлеуетін ел экономикасының түрлі салалары мен өңірлерін дамытуға тиімді тарту мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Кеңесте негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев жасады.
Ұлттық ғылым академиясы ұсынған ғылымды дамытуға бағытталған жүйелі бастамалар мен ұсыныстар Премьер-министр тарапынан қолдау тауып, оларды іске асыру бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Кеңес жұмысына Үкімет мүшелері, сондай-ақ облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері қатысты.
ҚР ҰҒА президенті А. Күрішбаев:
«Қазір біз еліміздің дамуындағы тарихи кезеңді бастан өткізудеміз. Жаңа Конституция жобасын талқылау басталды. Адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту алғаш рет мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде анықталды. Біз, академиялық және ғылыми қауымдастықтың өкілдері, Ата Заң жобасын қолдаймыз, ол құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттің ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық дамуының іргетасын қалайтыны анық.
Бүгінгі таңда ғылымның дамуын тежеп отырған негізгі мәселелерге тоқталып, ғылыми зерттеулердің практикалық маңызын қамтамасыз ету жөнінде Академияның ұсыныстарын баяндауға рұқсат етіңіздер.

Бірінші – ғылымның басымдықтары туралы. Бізде ғылыми зерттеулердің тақырыптары көбінесе экономиканың сұранысынан емес, ғалымдардың мүмкіндіктерінен туындайтынын мойындауымыз керек. Дамыған елдерде олар форсайттық зерттеулер мен технологиялық трендтерді талдау негізінде айқындалады.
Сондықтан, Академия форсайтты жоспарлаудың тұрақты құралы ретінде пайдалануға көшті: алғаш рет мемлекеттік органдардың, ғалымдардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен 70 өңірлік және салалық форсайт сессиялар өткізілді; 220 перспективалық міндет анықталып, осының негізінде 65 ғылыми-техникалық тапсырма дайындалды.
Осы ретте, биыл Ғылым және жоғары білім министрлігі алғаш рет ғылыми техникалық тапсырмаларды қалыптастыруда Академия ұсынған жобаларды ескере бастағанын атап өту керек.
Осыған байланысты, Ғылым және жоғары білім министрлігінен басымдықтарды анықтау және ғылыми-техникалық тапсырмаларды дайындау кезінде Академия жүргізген форсайттық зерттеулердің нәтижелеріне сүйенуді сұраймыз.
Екінші – қазір Жоғары ғылыми-техникалық комиссиямен ғылымның 7 басым және 153 мамандандырылған бағыттары бекітілген. Шын мәнінде, бұл ғылыми басымдықтарды анықтайтын жүйе емес, қаржыны «барлығына аз-аздан» бөліп беруге ыңғайлы механизм.
Әлемдік тәжірибені ескере отырып, Академия ғылыми басымдықтарды айқындаудың төрт деңгейден тұратын жаңа моделін ұсынады: Бірінші – стратегиялық деңгей – ұлттық қауіпсіздік пен бәсекеге қабілетті салаларды дамытуға бағытталған аса маңызды жобалар; Екінші – перспективалық – білім трансферті негізінде әлемдік деңгейдегі құзыреттерді қалыптастыратын бағыттар; Үшінші – базалық – қолданбалы шешімдерді қамтамасыз етудің негізі болып табылатын іргелі және инженерлік зерттеулер; Төртінші – ғылыми әлеуетті кеңейту – ғылымның жаңа дамып келе жатқан бағыттарын қолдау.
Мұндай жүйе елдің стратегиялық міндеттерін шешуге, экономиканың бәсекелестік артықшылықтарын іске асыруға, қолданбалы ғылымның іргетасын нығайтуға және болашақ басымдықтардың резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында осы моделді қарастырып, бекітіп, 2026 жылы қажетті дайындық іс-шараларын белгілеп, 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізу жөнінде тиісті тапсырма беруді сұраймыз.
Үшінші – қазақстандық ғылым халықаралық аналитикалық жүйеге интеграциялануы тиіс. Әлемдік трендтерді дер кезінде болжай алмайтын болсақ, ең мінсіз деген басымдықтар моделі де тиімсіз болады. Сондықтан,
Ұлттық ғылым академиясы әлемнің үздік аналитикалық орталығы – Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) бірлесіп AI SilkNet – ұлттық форсайт предиктивті талдау жүйесін құрды. Бұл жүйе жарияланымдар, патенттер, жобалар мен ресурстар және ауқымды деректерді біртұтас интеллектуалды цифрлық экожүйеге біріктіреді.
AI SilkNet – қай бағыттарға инвестиция салу, қандай технологияларды қолдау, қандай тәуекелдер мен мүмкіндіктерді көрсететін стратегиялық маңызды құрал екенін атап өткен жөн.
Сондықтан: 1) Қазақстан мен Корея мемлекеттері басшыларының 2026 жылғы кездесуінің күн тәртібіне ғылым, технология және жасанды интеллект саласындағы стратегиялық әріптестіктің бағыты ретінде AI SilkNet орталығы бойынша ынтымақтастық мәселесін енгізуді сұраймыз; 2) Биылғы жылдың бюджетін нақтылау кезінде аталған жүйені қолдау және дамыту үшін қосымша бюджет қаражатын қарастыруды өтінеміз.

Төртінші – бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларындағы бәсекелестіктің төмендігі мен пәнаралық байланыстың әлсіздігі.
Мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Академия дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес Назарбаев Университетімен бірлесіп өнімді терең өңдеуге бағдарланған геномдық селекция негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын құру, агробиотехнологиялар, жаңа энергетикалық технологиялар мен материалдарды әзірлеу, сондай-ақ биомедицина бағыттары бойынша «университет – ғылыми-зерттеу институты – бизнес» консорциумдары форматындағы флагмандық бағдарламаларды іске қоса бастады.
Осылайша біз ғылымның нәтижелерін өндіріске енгізіп, нақты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуге алып келетін ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи моделінің үлгісін көрсетпекпіз.
Флагмандық пәнаралық бағдарламаларды қолдап, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (мегагрант) аясында жоба мерзімін кемінде 5 жылға қаржыландыруды сұраймыз.
Бесінші – Мемлекет басшысы ғалымдардың алдына цифрлық технологиялар негізінде су ресурстарын интеграцияланған басқаруды жүзеге асыру міндетін қойды.
Біздің академия Қытай ғылым академиясының академиктерімен, Чжэцзян технологиялық университетімен және Қытайдың 10 жетекші технологиялық компанияларымен бірлесіп, кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект орталығын құруға кірісті.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан үшін ғарыш, әуе, жер және су арқылы алынатын деректерді біріктіретін DeepBas кеңістіктік-уақыттық интеллектінің зияткерлік тілдік моделін әзірлеу.
Мемлекет үшін бұл жобаның үш басты артықшылығы бар:
су қауіпсіздігі саласында су ресурстарының нақты қорын динамикалық түрде бағалау; ауыл шаруашылығы саласында егіс алқаптарының цифрлық егіздерін жасап, «ақылды» ауыл шаруашылығының базасын қалыптастыру; төтенше жағдайлар кезінде бірнеше секунд ішінде іс-қимыл жоспарын әзірлеп, құтқару жұмыстарын шынайы уақыт режимінде үйлестіру.
DeepBas жүйесінің бірегейлігі қосарлы модельдеумен түсіндіріледі: физикалық ғылыми модельдерді жасанды интеллектпен үйлестіру болжамдардың жоғары дәлдігін және «Модельдеу – Бағалау – Талдау – Шешім» циклін толықтай қамтамасыз етеді. Қытайлық серіктестер тарапынан тартылатын инвестицияның болжамды көлемі шамамен 1 млрд юаньды құрайды.
Аталған жоба Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің тапсырмасы бойынша вице-министр Мун Дмитрий Андреевичпен талқыланып, толық қолдау тапты.
Бұл жүйені жедел енгізу үшін Үкіметтің қолдауы қажет және сонымен бірге модельді Қазақстанның дербес деректер базасын қалыптастыру мақсатында бейімдеу үшін мегагрант (ПЦФ) шеңберінде қаржыландыру көзделуі тиіс.
Алтыншы – ғылымда айтарлықтай өңірлік теңсіздік сақталуда. Қазіргі таңда ғалымдардың 61%-дан астамы және бюджет қаражатының 71%-дан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған. Бұл жергілікті жерлердегі қолданбалы ғылыми зерттеулердің артта қалуының басты себептерінің бірі.
Мемлекет басшысының өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Академия: Академия Президиумының өңірлерде 10 көшпелі отырысын өткізді; өңірлерде ғылыми әлеуетті дамытуды қолдау Тұжырымдамасын қабылдады; өңірлік ірі жоғары оқу орындарының базасында Академия басшылығымен форсайттық зерттеулер орталықтары ашылды; облыс әкімдерімен бірлескен өңірлік ғылымды дамыту жоспарлары бекітілді; қолданбалы зерттеулер конкурстарын өткізу жөніндегі нұсқаулығын әзірледі.
Сонымен қатар, Академия өңірлердегі ғылымның практикалық рөлін айқындайтын пилоттық жобаларды жүзеге асыруды қолға алды.
Олар: Қарағанды облысында күн энергетикасы мен наноэлектрониканың кремний кластері қалыптастырылуда. Қостанай және Алматы облыстарында тұқым шаруашылығының цифрлық жүйесі пилоттық режимде енгізілуде. Алматыда алғаш рет қаланың жасыл қорын дамытудың цифрлық платформасы құрылуда. Ақтөбе, Ақмола, Алматы және Қостанай облыстарында «KMG PetroChem» компаниясымен бірлесіп жылына қуаты 1 млн. тонна болатын отандық карбамид өндірісіне ғылыми сүйемелдеу жүзеге асырылуда.
Бұл жобалар әкімдіктер мен бизнестің ресурстарын пайдалана отырып, өңірлік дамудың өзекті міндеттерін шешуге бағытталған, аяқталған ғылыми әзірлемелерді өндіріске тиімді енгізуге дәлел болатын нақты кейс.
Тағы бір мысал – Академияның Қазақ Ұлттық аграрлық университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Солтүстік Қазақстан облысының табиғи-шаруашылық дамуы үшін тиімді шешім қабылдауды қолдау жүйесін қалыптастыру» ғылыми бағдарламасы. 2025 жылы аймақтың цифрлық платформасы дайындалып, биыл, жоғарыда айтқанымдай, Қытай ғылым академиясының академиктерімен бірлесіп, жүйе кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллектке негізделген талдау және дайын шешімдер нұсқаларын ұсыну цифрлы блогымен толықтырылады.
Қорытындылай отырып, аймақтық Ғылым және технологиялар кеңестерінің жұмысы туралы ұсыныстарымызды атап өткім келеді.
Аймақтық ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудан басқа, Кеңестердің озық тәжірибелерді қайталаумен, жаңа технологияларды таратумен, аймақтық кадрларды даярлаумен және қайта даярлаумен айналысуы маңызды.
Атап айтқанда, дамыған елдердің тәжірибесі бойынша білімді тарату орталықтарының желісі дамыды, кадрлардың қажеттілігіне мониторинг жүргізілді, уәкілетті органға өңірге қажетті мамандарды даярлауға арналған білім беру гранттары бойынша ұсыныстар енгізілді.
Құрметті Олжас Абайұлы, Академияның мәселелері алғаш рет Үкімет деңгейінде қарастырылып отырғаны үшін Сізге үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
Қазір бұрынғыдай Академияның тікелей қарамағында ғылыми ұйымдар жоқ. Ол тағы бір қосымша әкімшілік құрылымға айналмауы тиіс. Заманауи академия – бұл сараптамалық ұйым және оның басты міндеті – ғылым саласындағы жүйелі мәселелерді реттеу, жетекші елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, замануи шешімдерді ұсыну. Бұл ұсыныстарды жедел жүзеге асыру үшін олар уәкілетті орган тарапынан уақытылы назарға алынып, Үкіметтің қолдауын қажет етеді».



Comments