С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ-да тілдік білім берудің цифрлық трансформациясы талқыланды
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Лингвистикалық білім берудің цифрлық трансформациясы: жасанды интеллект және заманауи педагогикалық шеберлік» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиын университеттің 70 жылдығына арналды.

Қатысушылар лингвистика мен тілдерді оқытуда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылап, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті және мамандар даярлаудың заманауи тәсілдерін қарастырды.
Конференцияға Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің ғалымдары Улфат Абдуллаева мен Гүлсара Самандарова, Әжинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті Тұрсынай Төрткұлбаева, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күлзат Садирова мен осы университеттің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Бахтиярова, сондай-ақ Астана халықаралық университетінің проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Есбол Мұханбетқалиев қатысты. Талқылауға университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы да атсалысты.

С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ-да осы шара аясында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тілектес Тоқсанбаеваның 60 жылдық мерейтойына арналған «Ғылым мен ғалым: өнеге тұтастығы» атты дөңгелек үстел өтті. Отандық және шетелдік ғалымдар, сондай-ақ әріптестері Тілектес Тоқсанбаеваның кәсіби жолы мен ғылыми еңбектері туралы айтып, ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесін атап өтті. Қатысушылар мерейтой иесін құттықтап, отандық ғылымды дамыту мен мамандар даярлауға сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.

Comments