С. Сейфуллин университеті органикалық өнім өндіретін жаңа цехты іске қосты
- Редакция "СО"

- 8 hours ago
- 2 min read
2026 жылғы 23 шілдеде Ақмола облысы Шортанды ауданының Научный кентіндегі А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің органикалық өнім өндіретін жаңа цехының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа өндірістік нысанның ашылуына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Асанов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма мүшесі – Зерттеу қызметі жөніндегі проректоры, ҰҒА академигі Сарсенбай Абдрахманов және басқа да сала өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Ахмединұлы құттықтау сөз сөйлеп, органикалық өнім өндіретін жаңа цехтың іске қосылуы отандық ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін беретінін және өндіріс орнының еліміздің аграрлық ғылымын дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
Жаңа цехта пестицидтер мен басқа да агрохимиялық заттарды қолданбай өсірілген дәнді дақылдар негізінде органикалық өнімдердің жаңа желісі өндірілетін болады. Бұл жоба экологиялық таза әрі сапалы өнім өндіруді дамытуға, сондай-ақ еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі инновациялық бағыттарды ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Органикалық өнім өндіретін цехтың ашылу рәсімінен кейін іс-шаралар А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының 70 жылдығына арналған «Заманауи аграрлық ғылым: егіншілік, өсімдік шаруашылығы және селекциядағы инновациялық шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.
Конференция жұмысына ғалымдар, мемлекеттік органдардың, аграрлық бизнес пен білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Германия мен Ресейден келген халықаралық әріптестер қатысты. Ресей Федерациясының жетекші ғылыми орталықтары онлайн форматта қосылды.
Пленарлық және секциялық отырыстарда Martin Luther Halle-Wittenberg университетінің, Ганновердегі Лейбниц университетінің, Галледегі Мартин Лютер атындағы университеттің Геология және география институтының, Мексиканың автономды аграрлық университетінің, Жапонияның Ұлттық аграрлық зерттеулер орталығының және Канаданың жетекші аграрлық ғалымдары баяндама жасады.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма мүшесі – Зерттеу қызметі жөніндегі проректоры, ҰҒА академигі Сарсенбай Абдрахманов университет ұжымы атынан Бараев орталығын 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, естелік сый-сияпат табыс етті.
1956 жылы құрылған Бараев атындағы орталық отандық аграрлық ғылымды дамытуға, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығаруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.



Comments