top of page

Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

9 hours ago
9 min read

Педагогикадан бастап бизнес-аналитикаға дейінгі кең бағыттар бойынша кадрлар даярлау мен ғылыми жұмысты жүзеге асыратын Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті түлектерінің жоғары біліктілігін қамтамасыз етіп, студенттерге, оқытушылар мен зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашады, халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, жетекші шетелдік университеттермен және халықаралық ұйымдармен әріптестігін кеңейтеді. Университет өңірлік және әлемдік консорциумдар мен ассоциацияларға мүше, экологиялық күн тәртібін алға жылжытып, кампустың тұрақты даму үлгілерінің бірі болып отыр. Басқарма төрағасы – университет ректоры Саламат ЫДРЫСОВ журналымызға университеттің соңғы жетістіктері, даму қағидаттары мен стратегиясы, сондай-ақ болашақ жоспарлары туралы айтып берді.

 

– Саламат Нұрмұханұлы, бүгінде интернационалдандыру қазақстандық жоғары оқу орындарының стратегиялық басымдықтарының біріне айналуда. Бұл жұмыс Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қаншалықты кең өріс алған? Шетелдік әріптестеріңіз кімдер?

 

– Біз бұл жұмысқа қандай орын беретінімізді, менің ойымша, университет басқармасының құрылымында стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор лауазымының болуы айқын көрсетеді. Бүгінгі таңда университет әлемнің түкпір-түкпіріндегі университеттер мен ғылыми-білім беру ұйымдарымен 150-ден астам халықаралық келісім жасасты. Ынтымақтастық географиясы АҚШ, Франция, Польша, Корея Республикасы, Малайзия, Қытай, Түркия, Гонконг (ҚХР), ТМД елдері және басқа да мемлекеттерді қамтиды.

Өткен оқу жылында ғана 40 жаңа шарт жасастық. Хэби политехникалық университетімен (Hebi Polytechnic University, Қытай) байланыс орнату жұмысы жалғасуда, Скопьедегі Әулие Кирилл мен Мефодий университетімен (UKIM, Солтүстік Македония Республикасы), сондай-ақ Еуропа мен әлемнің бірқатар басқа университеттерімен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде.

Түрік Республикасының университеттерімен ынтымақтастық кеңінен дамуда – академиялық ұтқырлықты, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға бағытталған Fırat University, Çankırı Karatekin University, Kütahya Dumlupınar University, Hatay Mustafa Kemal University және TED University-мен келісімдер жасалды.

2025–2026 оқу жылындағы университеттің ең маңызды жетістіктерінің бірі – Франкофония университеттік агенттігінің (Agence Universitaire de la Francophonie, AUF) қауымдастырылған мүшесі мәртебесін алу болды.

Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

AUF-қа мүше болу университетке Агенттіктің қамқорлығымен іске асырылатын халықаралық білім беру және ғылыми бастамаларға, грант конкурстарына, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына, бірлескен зерттеу жобаларына, халықаралық конференцияларға және басқа да іс-шараларға қатысуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

Қазіргі уақытта университет AUF-пен өзара іс-қимылды бірнеше бағытта жолға қоюда. Таяудағы маңызды оқиғалардың бірі – Атырау университеті ресми шақыру алған AUF-тың Өңірлік ректорлар конференциясы болмақ. Конференцияға қатысу университетке жаңа кәсіби байланыстар орнатуға, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, халықаралық грант бағдарламаларына қатысу перспективаларын, сондай-ақ франкофон кеңістігіндегі университеттермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.

 

– Университетті интернационалдандырудың маңызды бағыты – шетелдік ғалымдар мен оқытушыларды білім беру және ғылыми қызметке тарту. Сіздің жоғары оқу орныңыздың қабырғасында қай елдердің профессорларын кездестіруге болады?

 

– Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында 2025-2026 оқу жылында Атырау университетінде Akdeniz University (Түркия), Vytautas Magnus University (Литва), University of Guilan (Иран) және Gdańsk University of Tourism and Hospitality (Польша) зерттеушілері болды. Олардың біздің университетте болуы нәтижелі өтті: олар дәрістер, семинарлар, шеберлік сабақтары, ғылыми консультациялар өткізіп, бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларына қатысты.

Сонымен қатар өткен оқу жылында ORHUN академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университет Artvin Çoruh University (Түрік Республикасы) оқытушысы Mustafa Kemal Gümüş-ті қабылдады. Оның сапары дәрістер өткізуді, тәжірибе алмасуды қамтыды және екі университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы арасындағы академиялық өзара іс-қимылды дамытуға және түркі мемлекеттері университеттерінің желісі аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.


Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

Қазіргі уақытта біз халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырып, дәрістер, ғылыми семинарлар өткізу, бірлескен зерттеулер жүргізу және ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін University of Helsinki (Финляндия), University of Bristol (Ұлыбритания), University of Technology and Applied Sciences – Ibra (Оман Сұлтандығы), Royal College of Surgeons in Ireland – Bahrain (Бахрейн Корольдігі), Lund University (Швеция) және басқа да жетекші шетелдік университеттердің профессорлары мен зерттеушілерін шақыру жұмыстарын жүргізудеміз.


– Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік университеттері қауымдастығының белсенді мүшесі болып табылады. Осы консорциум туралы, оның мақсаттары туралы айтып беріңізші.

 

– 1996 жылы құрылған Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік университеттері қауымдастығы Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның 64 университеті мен ғылыми-зерттеу орталығын біріктіреді. Оның қызметі Каспий маңы өңірінің бірыңғай ғылыми-білім беру кеңістігін қалыптастыруға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және, әрине, ең алдымен Каспий өңірінің экологиялық және технологиялық сын-қатерлеріне тиімді шешімдер әзірлеуге бағытталған.


Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

Қауымдастық мүшелері ғалымдар мен оқытушылар арасында тәжірибе алмасуды ұйымдастырады, халықаралық білім беру бастамаларын іске асырады, университеттер арасындағы академиялық байланыстарды нығайтады. Ұйымның Еуропа, Азия және Таяу Шығыс университеттері қауымдастықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдары бар, Erasmus+, Horizon Europe, GreenCentral Asia және басқа да халықаралық грант бағдарламаларына қатысу мәселесі талқылануда.

2025 жылы Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік университеттері қауымдастығының Каспий экожүйесі тақырыбына арналған XXVII Бас ассамблеясы біздің университет базасында өтті. Онда өңірдің тұрақты даму перспективалары, ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, зерттеушілер мен мамандардың жаңа буынын даярлау, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыруды жалғастыру, жаңа бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселелері талқыланды.

2026 жылы қазан айының басында өткен Ассамблеяда біздің университеттің Қауымдастыққа төрағалығының қорытындысы шығарылды. Осы кезеңде біздің бастамамыз бойынша ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға, академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен зерттеулерді кеңейтуге және Каспий өңірінің экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылды.

Атап айтқанда, халықаралық ғылыми кездесулер мен форумдар ұйымдастырылды, «Каспий маңы кампусы», Каспий зерттеулерінің консорциумы және «Каспий – мәдени диалог кеңістігі» сияқты бастамалар ұсынылды. Жасанды интеллект технологияларын дамытуға және балық шаруашылығы мен аквамәдениет саласындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды..


Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

Бұл жұмыстың жалғасы ретінде стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор 2026 жылғы 29 мамырда Астана қаласында өткен «Еуразиядағы тұрақты даму» халықаралық конференциясына қатысты. Конференцияда Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, өңірлік ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және Еуразия кеңістігі университеттерінің өзара іс-қимылын кеңейту мәселелері талқыланды. Осы конференцияға қатысудың нәтижесінде жаңа кәсіби байланыстар орнады және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалы бағыттары айқындалды.

Біз Каспий өңірінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми зерттеулерді дамытуға ерекше назар аударамыз. Қазіргі уақытта тұрақты даму, экология және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану салаларында бірқатар ірі ғылыми жоба іске асырылуда. 

Олардың ішіндегі ең маңыздылары – «Каспий тұрақты инновациялар орталығы: өңірдің неғұрлым экологиялық таза болашаққа көшуі үшін балама шешімдерді ғылыми-академиялық ілгерілету» жобасы; қауіпсіз сумен жабдықтау, санитария және су ресурстарын басқару саласында Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологияларын қолдану жобасы, сондай-ақ өңірдің экологиялық және инфрақұрылымдық міндеттерін шешуге арналған инновациялық материалдарды әзірлеуге бағытталған зерттеулер.

Каспий маңы өңірі экономикасының маңызды құрамдас бөлігі – балық шаруашылығы саласы. 2025 жылдың күзінде біздің университетте балық өнеркәсібінің трендтері мен инновациялары жөніндегі семинар өтті, онда біз университет делегациясының Global Fishery Forum & Seafood Expo Russia халықаралық форумына (Санкт-Петербург қаласы, Ресей Федерациясы) қатысу нәтижелерін таныстырдық, балық саласын дамытудың заманауи үрдістерін, кадр даярлау, ғылыми ынтымақтастықты дамыту, шетелдік университеттермен қос дипломды және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру перспективаларын, балық шаруашылығы кәсіпорындарымен одан әрі өзара іс-қимыл мәселелерін талқыладық.


Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

 

– 2026 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті UI GreenMetric World University Rankings халықаралық рейтингінде әлемнің 2016 университетінің ішінен 590-орынды иеленіп, бір жылда шамамен 100 сатыға көтерілді. Рейтингке енген 41 қазақстандық жоғары оқу орнының ішінде университет 7-орынды алып, тұрақты даму және экологиялық жауапкершілік саласындағы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі мәртебесін растады. Осы бағыттағы стратегияңыз қандай?

 

– Қол жеткізілген нәтиже – БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына, ESG қағидаттарына және Green Campus тұжырымдамасына негізделген университеттің Тұрақты даму стратегиясын жүйелі түрде іске асырудың нәтижесі. Университетте инфрақұрылымды дамытуды, білім беруді, ғылыми зерттеулерді, цифрлық трансформацияны, халықаралық ынтымақтастықты және қоғаммен өзара іс-қимылды қамтитын тұрақты дамуды басқарудың кешенді жүйесі қалыптасты.

Негізгі бағыттардың бірі – заманауи экологиялық инфрақұрылымды дамыту. Атырау университетінің аумағында көгалдандыру алаңы жүйелі түрде ұлғаюда, кампусты абаттандыру, ағаштар мен сәндік өсімдіктер отырғызу жұмыстары жүргізіліп, жайлы қоғамдық кеңістіктер жасалуда.

Кедергісіз білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше назар аударылады: оқу корпустары пандустармен, автоматты кіреберіс есіктермен, арнайы санитарлық бөлмелермен, тактильді навигациялық мнемосхемалармен жабдықталған, «Daryn» инклюзивті қолдау орталығы жұмыс істейді.

Қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету үшін заманауи бейнебақылау, қолжетімділікті бақылау жүйелері енгізілді және тәулік бойы күзет жұмыс істейді.


Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

Университеттің экологиялық саясатының маңызды құрамдас бөлігі – энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану.

2017 жылдан бастап университет жасыл энергетиканы енгізу жобаларын іске асырып келеді. Кампус аумағында күнді автоматты түрде бақылау жүйесімен жабдықталған, демалыс аймағы және зарядтау станциясы ретінде пайдаланылатын Solar Gazebo 360 жұмыс істейді. Сондай-ақ күн және жел генерациясын біріктіретін, кампустың қоғамдық кеңістіктерін жарықтандыру үшін тәулігіне 6 кВт·сағ-қа дейін электр энергиясын өндіретін Solar Wind Tree инновациялық кешені орнатылды. 

Сонымен бірге біз жарықтандыру жүйесін кезең-кезеңімен LED-технологияларға ауыстырып, энергия үнемдейтін шешімдер мен энергия тұтынуды басқарудың зияткерлік жүйелерін енгізудеміз. Ресурс шығынының айтарлықтай азаюына AI SANA, Platonus, LIBAU Digital Library платформаларын, электрондық құжат айналымы жүйесін, корпоративтік электрондық поштаны және MOOC онлайн-платформасын пайдалана отырып, білім беру және әкімшілік процестерді цифрландыру арқасында қол жеткізілуде. Бұл қағаз пайдалануды едәуір қысқартып, ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесі қалдықтардың түзілуін азайту, оларды бөлек жинау, қайта пайдалану және қайта өңдеу қағидаттарына негізделген. Университет аумағында қағаз бен пластикті бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылған, экологиялық акциялар тұрақты өткізіліп, Green Campus бастамалары, студенттік экологиялық жобалар және «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының іс-шаралары іске асырылуда.

Университеттің ғылыми ұжымдары өнеркәсіптік күкірт қалдықтарын экологиялық қауіпсіз құрылыс материалдарын өндіру үшін қайта өңдеудің инновациялық технологияларын әзірлеуде, сондай-ақ темекі тұқылдарын құрылыс блоктары мен тротуар плиткасын жасауда пайдалану мүмкіндігін зерттеуде; бұл айналмалы экономика қағидаттарын дамытуға және қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсерін азайтуға ықпал етеді.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану – университеттің экологиялық саясатының басым бағыттарының бірі.

Кампус аумағында су тұтынуды қысқарту үшін жасыл екпелерді тамшылатып суару жүйесі енгізілді, бұл аумақты абаттандыру кезінде су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Оқу корпустарында судың берілуін автоматты түрде реттейтін және оның шығынын азайтатын сенсорлы араластырғыштар орнатылған. 

Сонымен бірге су тұтынуға тұрақты мониторинг жүргізіліп, инженерлік желілер жаңғыртылып, су шығынының алдын алу шаралары іске асырылуда. Университеттің ғылыми зерттеулері де судың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су ресурстарын тұрақты басқаруға және № 6 Тұрақты даму мақсатына қол жеткізуге бағытталған.


Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

 

– Университеттегі ғылыми зерттеулер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізумен қаншалықты белсенді байланысты және бұл жұмыс қалай ұйымдастырылған?

 

– Университетте «Экология, био және нанотехнологиялар» ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді, оның негізгі мақсаты – экологиялық тұрғыдан тұрақты даму қағидаттарын іске асыруға бағытталған іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, инновациялық шешімдер әзірлеу, ғылыми нәтижелерді өндіріске, ауыл шаруашылығына және білім беру жүйесіне енгізу.

Институт құрамына «Құрғақ жағдайда биология, геоэкология және шөп өсіру өндірісі» ғылыми-өндірістік орталығы, «Биотехнология» ғылыми-зерттеу зертханасы және «Каспий» қоршаған ортаны кешенді зерттеу және мониторингілеу зертханасы кіреді; олар экологиялық мониторинг, биоәртүрлілікті сақтау, биоремедиация, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіз технологияларды әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізеді.

Университеттің ғылыми-зерттеу қызметі тұрақты дамудың өзекті міндеттерін шешуге бағытталған және экология, климаттың өзгеруі, цифрлық технологиялар, ресурс үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қамтиды. 

Ең маңызды жобалардың қатарында – «Қазақстанда қауіпсіз су мен санитарияны қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты даму мақсатына қол жеткізу үшін жасанды интеллект пен машиналық оқытуды пайдалану», «Экологиялық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін қайталама полимерлер мен лигнинді пайдалана отырып, берік асфальтбетон төсемдерін жасаудың іргелі негіздерін әзірлеу», сондай-ақ жоғарыда аталған «Каспий тұрақты инновациялар орталығы: өңірдің неғұрлым экологиялық таза болашаққа көшуі үшін балама шешімдерді ғылыми-академиялық ілгерілету» бағдарламалық-мақсатты жобасы.

Сонымен қатар біз жасанды интеллект, білім беруді цифрландыру, жайылымдарды тұрақты пайдалану, экологиялық мониторинг және Каспий өңірінің тұрақты дамуы бойынша зерттеулер жүргіземіз.


Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

– Жоғары білікті мамандарды даярлау – тұрақты даму стратегиясының ажырамас бөлігі. Жасыл күн тәртібі білім беру процесіне қалай енгізілген? Жастар өз бастамасын көрсете ме, Каспий маңы өңірінің экологиясын жақсарту бойынша идеялар ұсына ма?

 

– Бұл бағытпен біздің көптеген бағдарламаларымыз байланысты: «Қолданбалы экология», «Экоаналитика», «Қалдықтарды басқару», «Биология», «География», «Химиялық талдау және сараптама», «Балық шаруашылығы және ихтиология», «Қолданбалы математикалық модельдеу», сондай-ақ биология, химия, география, физика, математика және жаратылыстану бойынша педагогикалық бағдарламалар.

Білім беру бағдарламаларының мазмұнына климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты ұтымды пайдалану, ресурс үнемдеу, айналмалы экономика, жасыл технологиялар және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелері кіріктірілген.

Біз студенттерді ғылыми зерттеулерге, далалық экологиялық практикаларға, еріктілер жобаларына және халықаралық бастамаларға белсенді тартып, тұрақты даму саласындағы заманауи құзыреттерді қалыптастырамыз.

Студенттік кәсіпкерлікті қолдау – біздің университеттің инновациялық экожүйесін дамытудың маңызды құрамдас бөлігі.

2020 жылдан бастап біз студенттердің, жас зерттеушілер мен оқытушылардың инновациялық идеяларын дамытуға бағытталған стартап конкурсын жыл сайын өткіземіз.

Осы кезеңде университет 34 стартап-жобаны қаржыландырып, бастаушы кәсіпкерлерге идеяларын іске асыру кезеңінде қолдау көрсетті. Жобалардың едәуір бөлігі тұрақты даму, цифрлық технологиялар, экология және айналмалы экономика мәселелеріне арналған.

Жобалар арасында – экологиялық қауіпсіз күкірт композицияларын әзірлеу, темекі тұқылдары мен шыныны қайта өңдеу, «Жасыл кампус» жобасы, күкіртсутекті бейтараптандыру жүйелері, экологиялық таза сабын өндірісі, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік пен өмір сапасын арттыруға бағытталған басқа да бастамалар бар.

Мұндай жобалар студенттерге ғылыми білімді тәжірибеде қолдануға, кәсіпкерлік құзыреттерін дамытуға және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосуға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымдық, білім беру, ғылыми және басқарушылық бастамаларды кешенді іске асыру UI GreenMetric World University Rankings халықаралық рейтингіндегі позицияларымызды айтарлықтай нығайтуға және тұрақты даму, экологиялық жауапкершілік пен инновациялық даму қағидаттарын жүйелі түрде жүзеге асыратын Қазақстанның жетекші университеттерінің қатарына кіруге мүмкіндік берді.

 

– Университетті таяу болашақта не күтіп тұр, халықаралық қызмет бойынша жоспарларыңыз қандай?

 

– Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті интернационалдандыруды тұрақты дамудың және білім сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі деп санайды. Біздің стратегиялық мақсатымыз – әлемдік білім беру және ғылыми кеңістікке одан әрі кірігу.

Алдағы жылдары біз халықаралық ынтымақтастық географиясын едәуір кеңейтуді, қос дипломды бағдарламалардың, академиялық ұтқырлықтың, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларының және шетелдік ғалымдарды білім беру қызметіне тартудың санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Еуропа, Азия, Солтүстік Америка және Таяу Шығыс елдерінің университеттерімен әріптестік қатынасты дамытуға ерекше назар аударылады.


Жаһандық ынтымақтастықтағы тұрақты даму: Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің халықаралық қызмет стратегиясы

Басым бағыттардың бірі – Erasmus+, Agence Universitaire de la Francophonie (AUF), ORHUN, сондай-ақ басқа да халықаралық бастамаларды қоса алғанда, халықаралық білім беру және ғылыми бағдарламаларға қатысуды одан әрі кеңейту.

Сонымен қатар университет Еуропалық университеттер қауымдастығына (European University Association, EUA) мүше болу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде; бұл жалпыеуропалық білім беру және ғылыми бастамаларға қатысуды кеңейтуге, халықаралық беделімізді нығайтуға және Еуропаның жетекші университеттерімен жаңа әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, біз жетекші халықаралық рейтингтердегі позицияларымызды нығайту бағытында дамуды жалғастырудамыз. Қазіргі уақытта QS Asia University Rankings рейтингіне қатысуға дайындық аяқталып, өтінім берілді, оның нәтижелері халықаралық бағалау рәсімінен өткеннен кейін күтіледі. Бұл рейтингке қатысу интернационалдандыру стратегиясын іске асырудың және университеттің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды кезеңі болып табылады.

Университет стратегиясы сонымен қатар ағылшын тілді білім беру бағдарламаларын одан әрі дамытуды, шетелдік студенттер контингентін арттыруды, білім беру процесін цифрландыруды, ғалымдардың жарияланымдық белсенділігін арттыруды, ғылыми инфрақұрылымды дамытуды көздейді.

 

– Саламат Нұрмұханұлы кеңінен сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Өңір алдындағы, оның экологиясы мен дамуы алдындағы жауапкершілікті түсінетін және орындайтын жоғары оқу орнының стратегиясын іске асыру сіздерге заманауи зерттеу университеті ретіндегі, әлемдік білім беру кеңістігіне белсенді енетін, өңірдегі білім, ғылым және халықаралық ынтымақтастықтың жетекші орталықтарының бірі ретіндегі позицияларыңызды нығайтуға мүмкіндік береді деп сенеміз.

 

Дайындаған А. ПЕТРУХИН

 

АННОТАЦИЯ

Атырауский университет имени Х. Досмухамедова является одним из устойчивых вузов Прикаспийского региона, работающих в направлении экологической повестки и достижения Целей устойчивого развития ООН, которые интегрированы в содержание образовательных программ и темы научных исследований. Вуз имеет связи более чем со 150 университетами и научно-образовательными организациями по всему миру, входит в региональные и мировые консорциумы и ассоциации и продолжает развивать международную составляющую своей деятельности.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page