top of page

Саясат Нұрбек жылды қорытындылады

Уақыт өз ағысымен алға жылжып келеді. Тағы бір жылды артқа тастап, жаңа белеске қадам басқалы отырмыз. Білім мен ғылым жолын таңдаған қауым үшін бұл тек қорытынды шығаратын сәт емес, атқарылғае іске қорытынды жасап, алдағы күнге үмітпен қараудың шағы. Университеттер мен зертханаларда, аудиториялар мен ғылыми ортада жиналған ой мен тәжірибе, табылған тың шешімдер мен жаңа идеялар елдің ертеңіне қызмет етіп жатыр. Жаңа жыл - ортақ еңбектің қадірін түсініп, келер жылды сеніммен айқындайтын мезет.


ree

2025 жыл Қазақстанның ғылымы мен жоғары білім жүйесі үшін мазмұнды да нәтижелі болды. Қазіргі таңда 267 ғылыми жоба іске асыру кезеңінде тұр, ал ғылымға тартылған жеке инвестициялар көлемі 20 млрд теңгеден асты. Бұл - жүйелі саясаттың, ғылымға деген сенімнің және ұзақмерзімді стратегияның нақты көрінісі.


Ғылым мен экономиканың арасы бұрынғыдан да жақындай түсті. Жаңа R&D орталықтары ашылып, металлургия мен энергетикадан бастап, жаңа материалдар мен болашақ технологияларға дейінгі қолданбалы әзірлемелер жүзеге асырылуда. Бірқатар ғылыми шешімдердің әлеуеті бүгінде ондаған миллиард доллармен бағалануы - қазақстандық ғылымның мүмкіндігі мен жоғарғы дәрежесінің көрсеткіші.


Бұл жыл қазақстандық ғылым бәсекеге қабілетті екенін, ал университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, ел дамуының зияткерлік тірегіне айналғанын дәлелдеді.


QS World University Rankings 2026 рейтингінде еліміздің 20 жоғары оқу орнының болуы соның бір дәлелі. Назарбаев Университетінің алғаш рет әлемнің үздік 500 университетінің қатарына енуі – бүкіл жоғары білім жүйесі үшін маңызды межe. Халықаралық әріптестік те кеңейді: 2025 жылы жетекші шетелдік университеттердің 9 филиалы ашылып, бүгінде Қазақстанда 40 стратегиялық серіктестік жұмыс істеп тұр.


Біз үшін ең басты құндылық – ғылым саласындағы адам. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен 576 жас ғалымға тұрғын үй кілттері табысталды. Білім беру гранттары кеңейіп, олардың саны 93 мыңға жетті. Шәкіртақылар өсіп, жаңа студенттік жатақханалар салынуда. Мұның бәрі – ғылым мен білімге жасалған жүйелі әрі нақты қолдау.


Біздің студенттер - ерекше мақтанышымыз. 2025 жылы қазақстандық құрама халықаралық универсиадада 23 медаль жеңіп алды. Олардың ізденісі, идеясы мен жігері – дұрыс бағытта келе жатқанымыздың ең сенімді айғағы.


Алда – 2026 жыл. Бізді жаңа міндеттер, жоғары талаптар мен үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Біз әрбір азаматқа мүмкіндік беретін, ашық, әділетті әрі заманауи ғылым мен білім жүйесін қалыптастыруды жалғастырамыз. Бұл – ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция.


Осы жолда бірге жүрген баршаңызға – ұстаздар мен ғалымдарға, серіктестер мен студенттерге, ата-аналарға шынайы алғыс айтамын. Сенімдеріңізге, еңбектеріңізге, білімді елдің басты құндылығы деп танығандарыңызға алғыс айтқым келеді!


Жаңа жыл құтты болсын!

Әр шаңыраққа – береке, әр іске – тереңдік, әр адамға – денсаулық пен тың серпін тілеймін.

Еліміздің ертеңі біліммен бекіп, ғылыммен кемелдене берсін!


Жаңа жыл құтты болсын!

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page