top of page

Аттестат және диплом: оқушылар жұмысшы мамандықтарын қалай игереді


Қазақстанның қазіргі білім беру жүйесі тек теориялық білімге ғана емес, сонымен бірге табысты кәсіби қызметке қажетті практикалық құзыреттіліктерді дамытуға көбірек бағдарлануда. Кәсіптік бағдар беруді ерте бастан жүргізу мен білікті мамандар даярлаудың өзектілігі мемлекеттік бастамалармен дәлелденіп отыр. Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылы бастамашылық еткен мектептегі оқумен қатар жұмысшы мамандығын игеру жобасы 10–11 сынып оқушыларына орта білімді аяқтаумен бірге алғашқы жұмысшы біліктілігін де алып шығуға мүмкіндік берді.


Астана қаласының Сервис және туризм колледжі базасында өткен экспериментке қаланың 14 мектебінен 50 жоғары сынып оқушысы қатысты. Даярлық екі мамандық бойынша жүргізілді: автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу (автомобильдерді жөндеу жөніндегі слесарь, 3W07161301) – және тамақтандыруды ұйымдастыру (аспаз, 3W10130302).

Оқыту үдерісі колледж базасындағы және қала кәсіпорындарындағы теориялық сабақтар мен практикалық жұмыстарды ұштастырды.



Жобаға қатысушыларға теориялық сабақтар аптасына бес күн, төрт сағаттан оқытылды.

Базалық кәсіби білім колледж шеберханаларындағы практикалық сабақтармен бекітілді; онда балалар нақты операцияларды пысықтап, технологиялық карталар бойынша тапсырмаларды орындады және дағдыларды игерудің кезең-кезеңімен жүргізілетін бақылауынан өтті.

Өндірістік практика үш кезеңді қамтыды: оқу практикасы, өндірістік практика және кәсіпорындағы практика. Бірінші кезеңде студенттер мамандықтың негіздерімен танысып, жұмыс үдерістерін бақылады және кәсіпорынның құрылымын зерделеді. Өндірістік практика барысында олар тәлімгердің бақылауымен қарапайым кәсіби операцияларды орындап, теориялық білімдерін бекітті және практикалық дағдыларын қалыптастырды. Қорытынды кезеңде кәсіби міндеттер шеңберіндегі тапсырмаларды өз бетінше орындады. Осылайша, жобаға қатысушылар нақты жұмыс жағдайына терең бойлады.



Оқу нәтижелерін бағалау практикалық тапсырмаларды орындау арқылы аралық аттестаттау және кәсіптік модуль бойынша біліктілік емтиханы нысанындағы қорытынды аттестаттау арқылы жүргізілді. Бағдарламаның жалпы көлемі теорияны, кәсіптік модульдерді және практиканы қамти отырып, 48 Кредитті (1152 академиялық сағат) құрады.

Оқу үдерісі «Қамқор Астана» ЖШС, №1 Автобус паркі, «Турандот» желісінің мейрамханалары сияқты кәсіпорындарға экскурсиялармен, сондай-ақ «Нан пісіру», «Карвинг», «Кимпаб», «Трайфл» шеберлік сыныптарымен және кәсіби шеберлік конкурстарына қатысумен толықтырылып отырды. Айта кету керек,

қалалық «Үздік-2024» байқауында студенттеріміздин бірі үздік аспаз, екіншісі үздік автослесарь деп танылды, бұл біздің дайындығымыздың жоғары деңгейін және қатысушылардың ынтасын дәлелдеді.


Біждің барлық оқушыларымыз колледж дипломы мен орта білім туралы аттестат алып, оқуды сәтті аяқтады. Сауалнама нәтижесі таңдалған мамандыққа деген қанағаттанушылықтың жоғары деңгейін, практикалық дағдыларды оң бағалауды және бұдан былай да кәсіби тұрғыда дамуға дайындықты көрсетті.

«Мен аспаздың нақты жұмысы қалай жүретінін алғаш рет түсіндім және енді мамандық таңдауыма сенімдімін», «Кәсіпорындағы практика өзімді ұжымның бір бөлігі ретінде сезінуге көмектесті және жауапкершілікке үйретті», «Жобаның арқасында мен жөндеу жұмыстарын орындай аламын және жұмысқа кірісуге дайынмын», – деп бөлісті балалар оқуды аяқтағаннан кейін.

Мектептегі оқумен қатар жұмысшы мамандығын игеру жобасы білікті мамандар даярлаудың тиімді құралы ретінде өзін дәлелдеді.

Теория мен практикалық дағдыларды игеру деңгейі, сондай-ақ өз бетінше жұмыс істеуге дайындық қорытынды аттестаттаумен расталды.

Мектеп пен кәсіптік білім беруді сәтті кіріктіру, икемді кесте, практикалық бекітуі бар модульдік құрылым, мектептердин, колледждің және кәсіпорындардың ынтымақтастығы, өндірістегі тәлімгерлік, шеберлік сыныптары, экскурсиялар мен конкурстар жоғары сынып оқушыларына негізгі оқуына зиян келтірмей, таңдаған мамандығын зерттеп, өзін байқап көруге мүмкіндік берді.



Пилоттық жоба барысында әзірленген оқыту стандарттары, дағдыларды бағалау әдістемелері мен тәлімгерлік жүйесі біздің колледждің бұл тәжірибені алдағы уақытта одан әрі тарату үшін қажетті әдістемелік платформаны қалыптастыруға қосқан үлесі болды.

Бұл жоба кәсіби бағытты ерте анықтауды, колледждердің практикалық даярлық орталығы ретіндегі рөлін күшейтуді, өндірістік жағдайларға бейімделген кадрларды шығаруды, сондай-ақ адами капиталды дамыту мен жастарды жұмыспен қамтуды арттыруды қамтамасыз етеді деп есептейміз. Қорыта айтқанда, мұндай тәсіл мектеп түлектерінің практикалық құзыреттілігін қалыптастырады және білім беру жүйесіне еңбек нарығының өзекті талаптарына жедел жауап беруге мүмкіндік береді.


Камила ЖАКИНА, Астана қаласы әкімдігінің Сервис және туризм колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары,

Гаухар Сатова, Астана қаласы әкімдігінің Сервис және туризм колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page