top of page

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі кеңесінің 40-шы отырысы өтті

Мәскеуде Қазақстан Республикасының төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жастар істері жөніндегі кеңесінің 40-шы отырысы өтті. Жиынға жастар саясатына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері мен Кеңес мүшелері қатысты, «Замануи білім беру» журналы Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.


ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі кеңесінің 40-шы отырысы өтті

Делегациялар өз елдеріндегі жастар саясатының негізгі бағыттарын таныстырып, алдағы бірлескен жұмыс жөнінде пікір алмасты.


Отырыста 2025-2026 жылдарға арналған салалық бағдарламалардың қорытындысы қаралып, 2027-2028 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарлары бекітілді. Сондай-ақ ТМД елдерінің 2031-2040 жылдарға арналған халықаралық жастар ынтымақтастығының жаңа стратегиясын әзірлеу мәселесі талқыланды. Құжатта волонтерлік бастамаларды дамытуға және жастармен жұмыста цифрлық технологияларды қолдануға басымдық берілмек.


Жиында Қазақстанның Достастық елдері арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға қосқан үлесі аталып өтті. Кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен ТМД волонтерлерінің І форумын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдірді. Сонымен қатар ТМД волонтерлерінің ІІ форумын 2027 жылы Минскіде өткізу туралы ұсыныс қолдау тапты.

Бағдарлама аясында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 35 жыл: жастардың орны» атты пленарлық пікірталас пен «ТМД кеңістігіндегі жастар саясаты: сын-қатерлер, шешімдер және келешек» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.


Биыл ТМД елдерінің Жастар істері жөніндегі кеңесінің құрылғанына 20 жыл толады.


Қазақстанның Кеңес жұмысына қатысуы мемлекеттер арасындағы әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жастардың қабілетін ашуға арналған ортақ бастамаларды дамытуға ықпал етеді.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page