Шанхайға жұмыс сапары: ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайту
- Редакция "СО"

- 15 hours ago
- 2 min read
М. Әуезов атындағы ОҚУ делегациясының Басқарма төрағасы Ректор Д.Ахмед Заки бастаған Қытайға жұмыс сапары Шанхай қаласындағы бірқатар ғылыми, білім беру және технологиялық орталықтармен танысумен жалғасты. Бағдарлама Шанхайдың жасанды интеллект, робототехника және заманауи цифрлық педагогика бағыттарында қалыптасып жатқан серпінді экожүйесін жан жақты көруге мүмкіндік берді.

Алғашқы нысан Unitree Robotics компаниясы болды. Делегация мобильді және өндірістік роботтардың жаңа буын үлгілерімен, өндірістік, сервис және зерттеу салаларына арналған автономды платформалармен, жасанды интеллектке негізделген навигация және қозғалыс жүйелерімен танысты. Көрсетілген технологиялар роботтандыру саласының концепциядан практикалық қолдануға жылдам өтіп жатқанын көрсетті.
Zhangjiang Robot Valley алаңында Шанхайдың негізгі инновациялық орталықтарының бірі ретінде гуманоидтық, медициналық және жоғары дәлдіктегі өндірістік роботтар бағытындағы кең ауқымды шешімдер ұсынылды. Бұл орта өнеркәсіпті, зерттеу топтарын және технологиялық стартаптарды біріктіріп, жасанды интеллект, робототехника, биомедицина және материалтану тоғысындағы пәнаралық жобаларды дамытуға жағдай жасайды. Делегация автономды басқару, ортаға бейімделу және интеллектуалды жүйелерді нақты өндірістік процеске енгізуге бағытталған әзірлемелермен танысты.
East China Normal University университетінде педагогтердің жаңа форматтағы дайындығына арналған цифрлық шешімдер көрсетілді. Соның ішінде білім беру деректерін талдау жүйелері, VR симуляторлары, жеке оқу траекторияларына арналған платформалар таныстырылды. Университет технологияларды қолдану арқылы болашақ мұғалімдердің практикалық дағдыларын дамытуға және цифрлық білім беру кеңістігіне бейімделуіне жағдай жасайтын үлгі қалыптастырып отыр.
Бағдарламаның қорытынды кезеңі Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарының бірі FUDAN University университетінде өтті. Делегация химия, катализ, наноматериалдар, химиялық биология зертханаларының жұмысымен, сондай ақ химиялық процестерді талдауда машиналық оқыту технологияларын қолдану тәжірибесімен танысты. Сонымен бірге университет үлкен деректер, биомедициналық технологиялар, компьютерлік көру және қалалық ортаға арналған цифрлық егіздер жасау бағыттарындағы жобаларын таныстырды.
Шанхай қаласына жасалған сапар ғылыми және технологиялық кластерлердің даму ауқымын көрнекі түрде көрсетті. Алынған мәліметтер мен жаңа байланыстар М. Әуезов атындағы ОҚУ үшін бірлескен жобаларды кеңейтуге, халықаралық серіктестікті нығайтуға және білім беру, зерттеу және инновациялық бағыттарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.



Comments