ШҚТУ автокеруені Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі ауқымды сапарын аяқтады
- Редакция "СО"

- 3 hours ago
- 2 min read
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің кәсіптік бағдар беру автокеруені Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі ауқымды сапарын қорытындылады, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Мамыр айы бойы университеттің оқытушылары, инженерлері, қызметкерлері мен студенттерінен құралған команда Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының қалалары мен аудандарында, сондай-ақ Шымкент қаласында болып, мектептерде, білім беру орталықтарында және ашық алаңдарда кездесулер өткізді. Іс-шаралар аясында екі мыңға жуық оқушы, педагог және ата-ана қамтылды.
Жобаның негізгі мақсаты – болашақ талапкерлерді инженерлік білім берудің заманауи мүмкіндіктерімен, халықаралық білім беру бағдарламаларымен, академиялық ұтқырлықпен, университеттің инновациялық инфрақұрылымымен және 2026 жылғы қабылдау науқанының ерекшеліктерімен таныстыру.
Бүгінде инженерлік білімді дамыту, жоғары білікті техникалық кадрларды даярлау және жастардың инженерлік мамандықтарға қызығушылығын арттыру – мемлекеттік білім беру саясатының басым бағыттарының бірі. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға және адами капиталды дамытуға бағытталған тәжірибеге негізделген заманауи кәсіптік бағдар беру жобаларын жүйелі түрде қолдап келеді.
Автокеруен кәсіби бағдар беру іс-шарасы ғана емес, университеттің жастармен өзара байланысының жаңа форматы ретінде ұйымдастырылды. Жоба аясында қатысушылар мамандықтар туралы ақпарат алып қана қоймай, заманауи инженерлік технологиялардың практикалық мүмкіндіктерімен танысты.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын халықаралық инженерлік Лу Бань шеберханасының көрме алаңы тудырды. Мұнда интеллектуалды жүйелер мен автопилот элементтерімен жабдықталған Haval M6, GEELY Emgrand L және Changan Deepal SL03 заманауи автокөліктері таныстырылды. Бұл көптеген оқушылар үшін университет студенттері меңгеріп жатқан нақты технологиялық шешімдермен алғашқы таныстық болды.
Автокеруеннің басты ерекшеліктерінің бірі – тәжірибеге бағытталған тәсіл. Қатысушылар инженерлік білімнің өндіріс, цифрлық технологиялар және заманауи индустриялық үрдістермен тығыз байланысын көре алды. Бұл технологиялық прогресс қарқынды дамып, экономиканың цифрлық трансформациясы күшейіп отырған кезеңде айрықша маңызды.
Жоба аясында «EKTU Quiz – 2026» зияткерлік ойындары өткізіліп, жеңімпаздарға университеттің білім беру гранттары мен арнайы сыйлықтары табысталды. Аталған формат кәсіптік бағдар беру, командалық жұмыс және талантты жастарды ынталандыру бағыттарын тиімді ұштастырды.

Кездесулер барысында оқушылар оқу үдерісі, халықаралық бағдарламалар, студенттік өмір, жатақхана, жұмысқа орналасу және инженерлік мамандықтардың болашағына қатысты сұрақтарын қойды. Университет өкілдері оңтүстік өңір жастарының техникалық білім мен заманауи технологияларға қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
Бүгінде кәсіптік бағдар беру дәстүрлі таныстырылым форматынан асып түсуде. ШҚТУ автокеруені заманауи университеттің мобильді, ашық және технологиялық болуы қажеттігін көрсетті. Ал инженерлік білім жастар үшін қолжетімді, түсінікті әрі болашағы зор бағыт ретінде қалыптасуы тиіс.
Аталған жоба кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілін қалыптастырудағы маңызды қадам болып, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте нығайтты.




Comments