І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті – өңір дамуының интеллектуалдық тірегі

Жоғары білім беру жүйесі – қоғамның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруын қамтамасыз ететін институционалдық негіз. Университеттер біртұтас кешен ретінде кадр даярлау қызметімен ғана шектелмей, жаңа білім өндіру, ғылыми нәтижені экономика мен әлеуметтік тәжірибеге енгізу, сондай-ақ азаматтық жауапкершілігі жоғары тұлғаны қалыптастыру міндеттерін атқарады. Осы тұрғыдан алғанда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті өңірдің адам капиталына, ғылыми-инновациялық әлеуетіне және әлеуметтік тұрақтылығына тікелей ықпал ететін жетекші білім ордасы ретінде қалыптасты. Университеттің стратегиялық ұстанымы – еңбек нарығының сұранысына жауап беретін білікті кадрларды даярлау, зерттеу мәдениетін жүйелі дамыту, ғылыми-инновациялық ортаны қалыптастыру және білім алушыларға сапалы әрі қолжетімді білім беру.
Академиялық жаңару: еңбек нарығына бағдарланған білім беру бағдарламалары
Жаһандану және технологиялық өзгерістер жағдайында білім беру мазмұнын жүйелі жаңарту – университеттің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі фактор. Бұл үдеріс жаңа бағдарламаларды әзірлеу немесе қолданыстағы бағдарламаларды жаңарту еңбек нарығының талаптарына, өңір мен елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына және кәсіби стандарттарға сүйенген кешенді талдаудан басталады.
Жүргізілген кешенді талдаулар нәтижесінде оқу жоспарлары құзыреттілікке негізделген тәсілдермен толықтырылып, барлық білім беру бағдарламаларына бірқатар жаңа пәндер енгізілді. Атап айтқанда, «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Жасанды интеллект негіздері», «Инклюзивті білім беру ортасы», «Зерттеулер, даму және инновациялар», «Педагогикалық зерттеулер» пәндері білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, зерттеу дағдыларын қалыптастыруға және еңбек нарығында тұрақты бәсекеге қабілетті болуына бағытталған.
Сонымен қатар,
«Дүниежүзілік банк» жобасы аясында педагогикалық бағыттағы 18 білім беру бағдарламасы жаңартылды.
«Білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған кәсіби стандарттар», сондай-ақ «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогі (профессор-оқытушылар құрамы)» кәсіби стандарттарына сәйкес Жоғары білім берудің бірыңғай платформасындағы тізілімде педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары 100% жаңартылды.
Цифрландыру және жасанды интеллект: оқу үдерісін технологиялық жаңғырту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанның қысқа мерзім ішінде цифрлық мемлекетке айналуы қажеттігін атап өткен болатын. Университет деңгейінде бұл міндет білім беру қызметін басқару, оқу мазмұнын әзірлеу және студенттерді қолдаудың тиімділігін цифрлық шешімдер арқылы арттыруды талап етеді.
Осы стратегиялық бағдар аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Ұлттық «AI-Sana» жобасына қатысып, нәтижесінде зәкірлік жоғары оқу орны ретінде танылып, ең белсенді он қатысушының қатарына енді. 2025-2026 оқу жылынан бастап 6В06105 – «Жасанды интеллект инжинирингі» білім беру бағдарламасының енгізілуі өңір үшін жоғары сұранысқа ие инженер кадрлардың жаңа буынын даярлауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Жасанды интеллект саласында құқықтық реттеудің күшеюі университеттер үшін академиялық адалдық, деректер қауіпсіздігі және оқу үдерісінде технологияны жауапкершілікпен қолдану мәселелерін жаңа деңгейге көтереді. Сондықтан жасанды интеллекті қосымша құрал ретінде ғана емес, басқару мен сапаны қамтамасыз етудің тұтас технологиялық экожүйесі ретінде қарастырған жөн.
Студенттердің цифрлық сауаттылығын дамыту мақсатында барлық білім беру бағдарламаларының оқу жоспарларына жұмыс берушілермен келісім бойынша жасанды интеллекті тиімді қолдану негіздерін оқытуға бағытталған пәндер енгізілді.
Қазіргі уақытта оқу үдерісіне 5 жасанды интеллект агенті әзірленіп, енгізілді.
«Aurora» – жасанды интеллектіге негізделген дауыс көмекшісі және ым-ишараны тану жүйесі; табиғи сөйлеуді түсіндіреді және ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін сурдотілге аударма жасайды.
«ZU Connect» – Telegram негізіндегі чат-бот; университетке түсу мәселелері бойынша кеңес береді және тәулік бойы анықтамалық ақпарат ұсынады.
«Smart Zhetysu» – университеттің оқу, әлеуметтік және ғылыми қызметіне қатысты сұрақтарға үш тілде жауап беретін цифрлық көмекші; эдвайзер мен куратор қызметтерін қолдайды.
«Мультимедиа» платформасы – бейнеконтент әзірлеуді автоматтандыратын жүйе; сурет генерациясынан бастап, дайын бейнеролик қалыптастыруға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
«AI Game Studio» – компьютерлік ойын әзірлеудің негізгі кезеңдерін автоматтандыратын платформа; концепт, кейіпкер мен локация генерациясынан бастап, ойын кодын жасау және тестілеуге дейінгі үдерісті қамтиды.
Сонымен қатар, университет базасындағы Huawei Академиясында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша тәжірибелік сабақтар мен тренингтер жүйелі түрде ұйымдастырылады. Академия аясында профессор-оқытушылар құрамы да кәсіби және цифрлық біліктілігін арттыру курстарынан өтеді.
Ғылым – жоғары білім беру жүйесінің өзегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 10 сәуірде өткен ғалымдармен кездесу барысында: «Ғылым мен білім бірге жүруге тиіс – университеттер тек маман даярлаумен ғана емес, ғылыми зерттеумен де айналысуы керек» деп атап өтті. Қазіргі жағдайда университеттің сапасы ғылыми зерттеудің деңгейімен, зерттеу инфрақұрылымының қуатымен және ғылыми нәтижені практикаға жеткізу тетіктерінің тиімділігімен өлшенеді.
Осы бағытта
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-ғалымдары 46 ғылыми жоба мен бағдарламаны жүзеге асырып келеді.
Зерттеулер әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер (22), өмір және денсаулық туралы ғылым (3), экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану (4), жаратылыстану ғылымдары (2), агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы (2), энергия, озық материалдар және көлік (1) бағыттарын қамтиды.
Ғылыми қызметті институционалдық тұрғыдан күшейту мақсатында университетте «Аксиологиялық зерттеулер және медиатехнологиялар», «Арнайы білім беру мәселелерін зерттеу», «Құқық, экожүйелер және тұрақты дамуды зерттеу», «Пәнаралық әлеуметтік зерттеулер», «Мектепке дейінгі ұйымда инклюзивті білім беруді педагогикалық сүйемелдеу» ресурстық орталықтары және «Өсімдіктерді микроклонды көбейту» зертханасы ашылды. Бұдан бөлек, Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Оның құрамында «экология», «молекулалық генетика және геномика», «биотехнология, өсімдіктерді микроклонды көбейту» зертханалары және өсімдіктерді өсіруге арналған жылыжай бар.
Жас зерттеушілерді қолдау – зерттеу университетін қалыптастырудың шешуші шарты. Университетте жыл сайын «Jas ǵalym» ғылыми жобалар байқауы өткізіледі: 2025 жылы жалпы сомасы 16 млн теңгені құрайтын 8 жоба орындалды, ал келесі жылға 19 млн теңгеге 15 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.
Студенттік ғылымды дамыту мақсатында студенттердің ғылыми қоғамдары мен Жас ғалымдар кеңесі белсенді жұмыс істейді.
Факультеттерде «Медиатор», «Бизнес және коммуникация», «Future Coders», «Квант», «Молодой программист», «Образование и искусственный интеллект», «Huawei ICT Academies», «Биологиялық мониторинг», «Географ-зерттеуші», «Эко-Клуб», «Жас агроном», «Сапа үйірмесі», «Жас құтқарушы», «Химик» секілді 20-ға жуық ғылыми үйірме мен клуб қызмет етеді.
Ғылыми кадрларды даярлаудың маңызды тетігі ретінде университетте 8D015 – Жаратылыстану пәндері, 8D017 – Тілдер және әдебиет, 8D013 – Пәндiк мамандандырылмаған педагогтерді даярлау бағыттары бойынша Диссертациялық кеңестер құрылған. Бұл құрылымдар жас зерттеушілердің кәсіби өсуіне, университеттің ғылыми мәртебесін нығайтуға және ғылыми мектептердің сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастық және ғылыми интеграция
Қазіргі әлемде жоғары білім мен ғылым ұлттық шеңбермен шектелмейді: академиялық ұтқырлық, бірлескен зерттеулер және профессорлық алмасу университеттердің сапасын арттырудың негізгі арналарына айналды. Осыған сәйкес І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті 80-нен астам жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан.
Жыл сайын республикалық бюджет есебінен алыс және жақын шет елдерден 10-нан астам ғалым-профессор келіп, білім алушыларға дәріс оқиды, профессор-оқытушылар құрамымен тәжірибе алмасады және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырады. Олардың қатарында Цюрих университеті, Марке политехникалық университеті, Камерино университеті, Чукурова университеті, Жилина университеті, Шаньдун университеті және басқа да серіктестер бар. Сонымен бірге
университет есебінен Ұлыбритания, Италия, Польша, Түркия, Ресей және Өзбекстан елдерінен 13 шетелдік ғалым-сарапшы оқытушылық қызметке тартылды.
Халықаралық академиялық ортаға кірігу студенттердің де білім көкжиегін кеңейтеді. Қазіргі таңда 70-тен астам шетелдік студент І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім алса, университеттің 30-ға жуық студенті Түркия, Италия, Польша, Малайзия, Оңтүстік Корея университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында білім алып жатыр.
Марке политехникалық университетінің филиалы:
қос дипломды дайындық және өңірлік әсер
Мемлекет басшысы 2022 жылы Қазақстанда үздік шетелдік университеттердің филиалдарын ашу туралы тапсырма берген болатын. Осы бастаманы іске асыру аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміз бойынша шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалын ашты. Солардың қатарында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жанынан ашылған Италияның Марке политехникалық университетінің (UNIVPM) филиалы бар. Бұл құрылым өңірдің білім беру жүйесіне жаңа академиялық стандарттар мен халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.
Филиал қызметі «Агрономия» (ЖУ) және «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» (UNIVPM) бағыттары бойынша қос дипломды бакалавриат бағдарламасын іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта филиалда 27 студент білім алуда. Бірінші оқу жылында студенттер І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жалпы білім беру пәндерін және ағылшын, итальян тілдерін меңгереді; екінші курстан бастап Марке университетінің профессор-оқытушылары дәріс оқиды. Соңғы оқу жылы мен өндірістік тәжірибе кезеңінде студенттер Италияда оқып, бағдарламаны аяқтағаннан кейін екі диплом алады.
Филиалдың институционалдық орнығуын күшейту мақсатында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің делегациясы UNIVPM-нің жаңадан сайланған ректоры Енрико Куальяринимен кездесіп, 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын бекітті. Келіссөз нәтижесінде Foundation бағдарламасы, экономика, ақпараттық технологиялар және экологиялық қауіпсіздік бағыттарында қосымша білім беру бағдарламаларын іске қосу жоспарланды.
Сонымен қатар, екі университет оқытушы-профессорлар құрамының алмасуын, бірлескен ғылыми жобаларды және UNIVPM инфрақұрылымын пайдалану жөнінде келісім жасады. Мұндай қадамдар бірлескен зерттеулердің, халықаралық конференциялардың және академиялық ұтқырлықтың ауқымын кеңейтіп, өңірдің аграрлық-инновациялық әлеуетіне нақты инвестиция ретінде қызмет етеді.
Студенттің әлеуеті және әлеуметтік қолдау
Студент – университеттің басты құндылығы. Сондықтан сапалы біліммен қатар студенттің тұлғалық, шығармашылық және әлеуметтік дамуына жағдай жасау – І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің тұрақты басымдығы. Университетте спорт секциялары, шығармашылық және ғылыми үйірмелер, дебат клубтары, еріктілер қозғалысы және өзге де қауымдастықтар жүйелі жұмыс істейді. Бұл орта студенттердің көшбасшылық, коммуникация және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік қорғау тетіктері де нақты нәтижеге бағдарланған:
күндізгі бөлімдегі академиялық топтардың барлық студенттеріне ай сайын қоғамдық көлікпен тегін жүру билеттері беріледі; ата-анасы жоқ және әлеуметтік жағынан осал санаттағы (аз қамтылған, көпбалалы отбасылар) студенттерге университет асханасында тегін тамақ және жатақханада тегін тұру мүмкіндігі қарастырылған. Ғылыми және білім жолындағы жоғары жетістіктері бар студенттерге оқу ақысына жеңілдіктер беріледі.
Жетістікті ынталандырудың жарқын мысалы ретінде студент Әлихан Әскербайдың Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатында екі мәрте әлем рекордын жаңартуын атауға болады. Университет рекордшы студентке тегін білім алуға білім беру грантын тағайындады.
Адам капиталын дамыту
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет ететін адам капиталын қалыптастырып қана қоймай, ғылыми зерттеуді жүйелі дамыту, цифрлық трансформацияны іске асыру, халықаралық академиялық интеграцияны кеңейту және студентке бағытталған әлеуметтік саясатты жүргізу арқылы өңірлік инновациялық экожүйенің зияткерлік тірегіне айналып отыр.
Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын сақтай отырып,
университеттің алдағы кезеңдегі басым мақсаты – жауапты цифрландыру мен жасанды интеллекті енгізу, зерттеу нәтижесін тәжірибемен ұштастыру тетіктерін күшейту және халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы білім беру арқылы Жетісу өңірінің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына үлес қосу.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін университет білім беру сапасын қамтамасыз ету тетіктерін күшейтуге, деректерді басқару мен киберқауіпсіздік мәдениетін орнықтыруға, академиялық адалдық қағидаттарын цифрлық ортада нақты рәсімдер арқылы бекітуге және зерттеу нәтижелерін қолданбалы шешімдерге айналдыру арналарының тиімділігін арттыруға басымдық береді.
Өңірлік дамудың ұзақ мерзімді траекториясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің миссиясы – дәстүрлі академиялық құндылықтарды сақтай отырып, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды жауапты қолдану мәдениетін қалыптастыру және «университет – мемлекет – бизнес – қоғам» әріптестігін ғылыми негізде кеңейту арқылы Жетісу өңірінің тұрақты дамуына үлес қосу.
АННОТАЦИЯ
Председатель правления – ректор Жетысуского университета им. И. Жансугурова Ермек Бөрібаев рассказывает о работе, проводимой в ведущем вузе региона, непосредственно влияющем на научно-инновационный потенциал и социальную стабильность региона, освещает вопросы внедрения цифровизации и искусственного интеллекта, подготовки квалифицированных кадров, отвечающих требованиям рынка труда, систематического развития научно-исследовательской культуры, создания научно-инновационной среды и обеспечения студентов качественным и доступным образованием в соответствии с международными стандартами.




Comments