«Ғылым ордасы»: түрік тілі курсын аяқтаған қызметкерлерге сертификаттар табысталды
- Редакция "СО"
- 33 minutes ago
- 1 min read
2025 жылдың 30 мамырында Ғылым ордасында түрік тілі курсын сәтті аяқтаған қызметкерлерге салтанатты түрде сертификаттар табысталды. Аталған курс Ғылым ордасының бастамасымен және Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығымен жасалған өзара түсіністік туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.

Сертификат табыстау рәсіміне «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының білім жөніндегі атташесі Айхан Коркмаз, курс ұстаздары Ахмет Караман мен Ялчын Юрдакул, сондай-ақ мекеме қызметкерлері қатысты.
Курс 2025 жылдың 21 қаңтарында басталып, оған Ғылым ордасының 31 қызметкері қатысты. Оқу нәтижесінде қатысушылар түрік тілінің бастапқы — А1 деңгейін меңгергенін растайтын сертификаттарға ие болды.
Курстың негізгі мақсаты – ұйымның халықаралық байланыстарын нығайту, қызметкерлердің тілдік құзыреттілігін арттыру арқылы кәсіби біліктілігін жетілдіру және мәдениаралық түсіністікті дамыту.
Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, келесідей пікір білдірді:
«Ғылым ордасы – тек ғылыми мұраны сақтап, зерттеумен шектелмей, заман талабына сай үнемі жаңарып, дамып келе жатқан мекеме. Қызметкерлеріміздің кәсіби және тілдік құзыреттілігін арттыру – басты басымдықтарымыздың бірі. Осы ретте ұжымның тіл үйренуге деген ынтасы мен даму жолындағы табандылығы қуантады. Алдағы уақытта да халықаралық серіктестік аясында мұндай игі бастамаларды жалғастыра береміз», – деді Ұлар Мұқажанов.
Курс ұстаздары қатысушылардың белсенділігі мен ынтасын ерекше атап, олардың тіл үйренуге деген табандылығы мен еңбекқорлығы курс барысында анық байқалғанын жеткізді.
Ғылым ордасы қызметкерлерінің кәсіби және тұлғалық дамуына арналған тегін курстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазіргі уақытта парсы тілі курсы өтуде, ал жақын арада ағылшын тілінен курс ұйымдастырылмақ. Осындай бастамалар ұйым қызметкерлерінің әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға да үлкен септігін тигізеді.
Comments