Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына әйелдердің білім мен ғылымға қатысуын кеңейту бойынша нәтижелерін таныстырды
Женевада Қазақстан делегациясы мен БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті арасында Қазақстан Республикасының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны орындау жөніндегі алтыншы мерзімді баяндамасын қарау аясында сындарлы диалог өтті, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Қазақстан Комитетке әйелдердің құқығын қорғауға, олардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейтуге, экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі реформалардың нақты нәтижелерін таныстырды..

Қазақстан делегациясының құрамында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова болды. Отырыста ол Комитет мүшелерінің білім беру саласына қатысты, оның ішінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сұрақтарына жауап берді.
Білім беру саласында вице-министр Қазақстанда әйелдер мен ерлердің білім алуға, ғылыми және қоғамдық қызметке тең қолжетімділігі қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Бүгінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде білім алушылардың жартысынан астамын әйелдер құрайды. Атап айтқанда, бакалавриатта – 52,5%, магистратурада – 54,7%, докторантурада – 61%.
Әйелдердің ғылым мен технологиялық бағыттарға қатысуын кеңейтуге де ерекше назар аударылады. 2025 жылы зерттеулер мен әзірлемелер саласында еңбек ететін зерттеушілер мен мамандардың 55,4%-ын әйелдер құрады. Ғылыми дәрежесі немесе академиялық мәртебесі бар әйелдердің саны 11 343 адамға жетті. Ал 2017 жылдан бері философия докторлары (PhD) дәрежесіне ие әйелдердің саны сегіз еседен астам өсіп, 318-ден 2 665 адамға дейін артты. Сонымен қатар 2025-2027 жылдары іске асырылып жатқан жобалардың ғылыми жетекшілерінің 57%-ын әйелдер құрайды. «Жас ғалым» жобалары жетекшілерінің арасында әйелдердің үлесі 63,4%-ға жетті.
Сонымен қатар Қазақстан қыздардың STEM, инженерлік және цифрлық бағыттарға қатысу мүмкіндіктерін жүйелі түрде кеңейтіп келеді. 2025-2026 оқу жылында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыттарында білім алушылардың 24,4%-ын, ал инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларында білім алушылардың 31,3%-ын әйелдер құрады. Қыздардың цифрлық және техникалық құзыреттерін дамытуға бағытталған кәсіби бағдар беру және білім беру бастамалары жүзеге асырылып келеді.
Қауіпсіз, инклюзивті және кемсітушілікке жол бермейтін білім беру ортасын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Жоғары оқу орындарында зорлық-зомбылықтың алдын алуға, өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға және білім беру процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған ағартушылық және тәрбие жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы Комитетке ұсынылған нәтижелер Қазақстанның әйелдердің құқығын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы және мемлекеттік тетіктерді жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын көрсетеді.
Қазақстан делегациясының алтыншы мерзімді баяндаманы қарау рәсіміне қатысуы халықаралық сарапшылармен ашық диалог жүргізуге, қол жеткізілген нәтижелерді таныстыруға және әйелдердің құқығы мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі алдағы қадамдарды талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

Comments