top of page

Қазақстан мен Қытайдың жаңа технологиялық альянсы: жасанды интеллект және болашақ инновациялары

Бейжің, 2025 жылғы 2 қыркүйек. Қазақстан-Қытай бизнес-форумы аясында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қытай Халық Республикасының Төрағасының қатысуымен, кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект саласындағы Қазақстан-Қытай ғылыми-технологиялық инновациялар альянсын құру және «Бір белдеу — бір жол» Бірлескен зертханасын қалыптастыру туралы Келісімге қол қойылды.


Қазақстан мен Қытайдың жаңа технологиялық альянсы: жасанды интеллект және болашақ инновациялары

Салтанатты рәсім екі ел басшыларының қатысуымен өтті және ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Қүрішбаевтың ҚХР-ға ресми сапарының басты оқиғаларының бірі болды.

 

Халықаралық әріптестік. Альянстың құрылтайшылары: ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Чжэцзян технологиялық университеті (ҚХР), Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Zhejiang Zhonghe Technology Co., Ltd. (ҚХР).


Альянс ғылым, білім мен өнеркәсіптің өзара ықпалдастығын жеделдету, трансшекаралық технологиялар трансферін дамыту және Қазақстан мен өңірде жасанды интеллект индустриясын жаңғыртуға арналған ашық платформа ретінде құрылып отыр.

 

ree

Негізгі бағыттар:

  • Кеңістіктік-уақыттық интеллект және тұрақты даму жөніндегі бірлескен зертхананы дамыту;

  • Қазақстандағы алғашқы ірі жасанды интеллект тілдік моделін DeepBas әзірлеу;

  • ТЖ, экология, энергетика және тұрақты даму салаларына арналған ЖИ сервистік платформасын құру;

  • Спутниктік технологияларды, ұшқышсыз жүйелерді, сенсорлар мен «Бэйдоу» навигациясын интеграциялау;

  • Бірлескен білім беру бағдарламалары арқылы кадрлар даярлау, оқытушылармен алмасу, жаңа оқулықтар мен оқу ресурстарын шығару.

 

Күтілетін нәтижелер. Алдағы бес жылда Қазақстан мен Қытайда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша кемінде 100 студентті дайындау, сондай-ақ жыл сайын 200-ден астам маманды кәсіби оқыту жоспарланған. Маңызды нәтижелердің бірі — DeepBas моделін енгізу, экологиялық мониторинг жүйелерін, смарт ауыл шаруашылығын, көлік және энергетикалық қауіпсіздік шешімдерін дамыту болмақ.

 

Стратегиялық маңызы. Альянс ҚР Президентінің ҚХР-ға ресми сапары барысында жоғары деңгейде қол қойылған негізгі құжаттар пакеті құрамына еніп және Орталық Азиядағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам ретінде қарастырылады. 

 

Жоба стратегиялық маңызға ие: Қазақстан үшін — ауыл шаруашылығы, көлік және энергетика салаларына озық технологияларды енгізу құралы ретінде; Қытай үшін — аймақтағы ғылыми-білім беру және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі ретінде.

 

Ұзақ мерзімді перспективада «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық білім мен технологиялардың тиімді трансферін қамтамасыз етіп, өңірдің ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтады және жаңа буын зерттеушілер мен мамандарды даярлауға жол ашады.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page