top of page

Қазақстанда эндаумент-қорлар туралы жеке заң пайда болады

Мәжіліс «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен әзірленген бұл заң жобасы нысаналы капитал қорларын және эндаумент-қорларды ашық түрде қалыптастыру мен жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалайды.



Онда білім беру, ғылым және инновациялық қызмет, бұқаралық спорт, дәрілік қамту мен медициналық қызмет көрсету, халықты әлеуметтік қорғау сияқты эндаумент-қорлардың қаржыландыру салалары нақты айқындалған.


Эндаумент-қордың активтері құрамына ақшалай қаражат, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зияткерлік меншік кіре алады. Оған мүлікті шектеусіз мерзімге, кем дегенде 10 жылға дейін беруге болады. Берілген мүліктің құны сақталады, тек оны басқарудан түскен инвестициялық табысты ғана жұмсауға рұқсат етіледі.


Активтер көлемі заң жобасында белгіленген шектен асқан жағдайда, олар міндетті түрде кәсіби басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына берілуге тиіс. Депутаттардың ұсынысы бойынша бұл шек 10 мың АЕК мөлшерінде белгіленді, ал активтерді беру мерзімі – 3 ай. Осы уақытқа дейін олар екінші деңгейлі банктердің депозиттерінде орналастырылады.


Мәжіліс депутаттары нақтылап өткендей, бұл заң жобасы автономды білім беру ұйымдарының эндаумент-қорларының қызметіне қолданылмайды.


Заң жобасында эндаумент-қорды басқару үшін коммерциялық емес ұйым саналатын нысаналы капитал қоры құрылатыны қарастырылған. Бұл қор қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган бекітетін типтік жарғының негізінде жұмыс істейді және егер мақсатты жарна немесе қайырымдылық туралы шарттарда көзделсе, бірнеше эндаумент-қор құра алады.


Жұмыс тобындағы талқылау нәтижесінде нысаналы капитал қорының әкімшілік-басқарушылық шығындарының лимиті инвестициялық кірістің 15 пайызынан аспау керек деп белгіленді. Ал егер мұндай кіріс болмаса, бұл шығындар есепті жылдағы эндаумент-қордың таза активтерінің орташа құнының 0,5 пайызынан аспауға тиіс.


Нысаналы капитал қорын басқару құрылымына жоғары орган ретінде қамқоршылар кеңесі, атқарушы орган және ішкі аудит қызметі кіреді. Қамқоршылар кеңесі стратегиялық басқаруды жүзеге асырады, инвестициялық декларация мен қаржылық жоспарды бекітеді, қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылайды және басқарушы компанияны таңдау туралы шешім қабылдайды.


Ілеспе заң жобасы арқылы Азаматтық кодекске (Ерекше бөлім), сондай-ақ «Білім туралы», «Ғылым және технологиялық саясат туралы», «Қайырымдылық туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл өзгерістер эндаумент-қорлардың қаржыландыру көздерін нақтылауға, олардың активтерін сенімгерлік басқарудың ерекшеліктерін белгілеуге, қолданыстағы заңнаманың ұғымдық аппаратын өзектендіруге бағытталған.


Тағы бір жаңа нормаға сәйкес, білім беру ұйымдарына нысаналы капитал қорларын құруға және олардың қызметінен түскен кірісті студенттерді, ғалымдарды және ғылыми қызметкерлерді ынталандыру үшін пайдалануға құқық беріледі.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page