ҚазҰУ-да Сутегі технологиялары инновациялық орталығы ашылды
- Редакция "СО"

- 8 hours ago
- 2 min read
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шанхай қаласының мэрі Гун Чжэннің Қазақстанға ресми сапары аясында маңызды шара өтті. Университет базасында еліміздің энергетика саласы үшін стратегиялық маңызы бар Сутегі технологиялары инновациялық орталығының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Астана мен Алматы қалаларын байланыстырған телекөпірге ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Шанхай мэрі Гун Чжэн және екі елдің ресми делегация өкілдері қатысты. Салтанатты шара аясында ҚазҰУ, Шанхай Цзяотун университеті (SJTU) және Energy China International компаниясы арасында үшжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Шараны ашқан ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның сутегі энергетикасы бойынша әлеуетін жоғары бағалап, ҚазҰУ-дың Энергетика министрлігінің салалық технологиялық құзыреттер орталығы ретінде таңдалуы кездейсоқ емес екенін атап өтті: «Сутегі энергетикасы біздің секторды дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. 2024 жылы қабылданған Тұжырымдама экономиканы декарбонизациялауға бағытталған жаңа саланы қалыптастыру үшін құқықтық және экономикалық база қалады. Жаңа орталық жаңа форматтағы инженерлерді даярлауға, қолданбалы зерттеулер жүргізуге және инновацияларды өндіріске жедел енгізуге арналған басты бейінді алаңға айналуы тиіс», – деді министр.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазіргі таңда әлем энергетика саласында түбегейлі өзгерістер кезеңінде тұрғанын алға тартты. «Кез келген технологияны дамыту ауқымды энергия ресурстарын талап етеді. Осыған байланысты министрлік екі негізгі бағытта жұмыс жүргізуде: білікті кадрлар даярлау және перспективалы ғылыми-зерттеу жобаларын іске қосу. Бүгін Шанхай Цзяотун университетімен маңызды меморандумға қол қойылады. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және еліміздің басқа да жетекші жоғары оқу орындарында сутегі энергетикасы бойынша арнайы білім беру бағдарламалары іске қосылды», – деді министр.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде қазіргі университеттердің стратегиялық орталықтарға айналғанына назар аударды. «Бүгінгі университеттер – тек кадр даярлайтын орын ғана емес, экономикалық өсімнің, технологиялық дамудың және елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі драйверлері. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ соңғы жылдары осы миссияны жүйелі түрде жүзеге асырып, жаңа буын университетіне айналуда. Біз тек білім берумен шектелмей, озық технологияларды әзірлеу, жаңа нарықтарды қалыптастыру арқылы мемлекет пен индустрияның стратегиялық әріптесіне айналып келеміз», – деді ректор.

Шара соңында нақты уақыт режимінде магний негізіндегі суды электролиздеу және сутегін сақтау бойынша интеграцияланған жүйе іске қосылды. Жаңа орталық болашақ мамандарды даярлаудың институционалдық негізіне айналып, сутегі энергетикасы саласындағы жобаларды жүзеге асыруға серпін бермек.




Comments