ҚазҰУ-да Қытай компьютерлік федерациясының филиалы ашылды
- Редакция "СО"

- 2 hours ago
- 1 min read
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай компьютерлік федерациясының (CCF) Алматы филиалының салтанатты ашылуы өтті.

Жиында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов жобаның маңызына тоқталды. Оның айтуынша, университеттің 100-ден астам оқытушысы мен ғалымы қазірдің өзінде CCF мүшесі атанып үлгерген. Бұл әріптестік отандық мамандардың халықаралық тәжірибе алмасуына және озық технологияларды меңгеруіне кең жол ашады.
ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов жаңа филиал студенттер мен зерттеушілер үшін әлемдік деңгейдегі сарапшылармен тікелей байланыс орнатудың бірегей алаңына айналатынын атап өтті.
Салтанатты шара аясында CCF бас хатшысы Тан Вэйцин филиалдың алғашқы атқарушы комитетінің құрамын таныстырды. Комитет мүшелігіне еліміздің жетекші ЖОО-лары (ХАТУ, ҚБТУ, АТУ) мен Huawei және ZTE сияқты халықаралық технологиялық компаниялардың топ-менеджерлері енді. Бөлімшенің алғашқы төрайымы болып Мәдина Мансұрова тағайындалды.
Бағдарлама барысында CCF туы ресми түрде тапсырылып, Alibaba Cloud компаниясының өкілі Ли Бэй көшбасшылық дәріс оқыды.
Жаңа филиал қазақстандық ғалымдарға China National Computer Congress сияқты беделді халықаралық конференцияларға қатысуға, сондай-ақ үлкен тілдік модельдер мен нейрожелілер бағытында бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.



Comments