ҚазҰУ мен «Самғау» қоры меморандумға қол қойды
- Редакция "СО"

- 1 hour ago
- 1 min read
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған келісімге ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың «Самғау» қорының басқарма төрағасы Төлеген Орашевпен ресми кездесуі барысында қол жеткізілді.
Құжат негізінде тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып, инновациялық әзірлемелерді коммерцияландыру бағытында ортақ жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар университет базасындағы ғылыми орталықтар мен зертханалардың әлеуетін тиімді пайдалану көзделіп отыр.
Жүздесу барысында Төлеген Орашев «Самғау» қорының қызметі туралы мәлімет беріп, бүгінге дейін атқарылған жұмыс нәтижесін таныстырды. Өз сөзінде қор басшысы өзара тиімді серіктестік ғылым мен өндіріс байланысын нығайтып, жас ғалымдардың бастамаларын қолдауға және жаңа технологиялық жобаларды дамытуға мүмкіндік беретінін алға тартты.
Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жасанды интеллект, биология, медицина, ауыл шаруашылығы, жаңа технология бағыттары бойынша жетістіктеріне тоқталды. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары түрлі салада инновациялық әзірлемелер дайындап, оларды өндіріске енгізуге дайын. Қазіргі таңда университетте зерттеушілер 100-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырды. Бүгінде аталған жобаларды коммерцияландыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде», – деді ректор.
Кездесу соңында тараптар арнайы кешенді жұмыс жоспарын бекітіп, бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.



Comments