ҚазҰУ ғалымдары шетелде жобаларын дамытады
- Редакция "СО"

- 5 days ago
- 1 min read
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Федералдық зерттеулер, технологиялар және ғарыш министрлігінің Орталық Азиядағы ғылыми ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Патриция Романовски мен Мартина Лютер Халле-Виттенберг университетінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Петер Либельтті қабылдады.

Кездесу барысында білім мен ғылым саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейту жолдары қаралды. Оның ішінде бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіп, ортақ мақалалар жазу және мақалаларды халықаралық журналдарға жариялау мәселесіне басымдық берілді.
Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін таныстырып, университет зерттеушілерінің инновациялық жобалары жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ өз сөзінде ректор заманауи білім беру бағыттарын енгізу, инновациялық жобаларды қолдау және ғылыми байланыстарды кеңейту университеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін жеткізді.
Шетелдік ғалымдар Патриция Романовски мен Петер Либельт ҚазҰУ базасындағы ғылыми орталықтар мен зертханалардың әлеуетін жоғары бағалап, ондағы инновациялық әзірлемелер ғылымның ілгерілеуіне зор септігін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар меймандар университет ғалымдарымен бірлескен жобалардың нәтижелі іске асырылып жатқанына тоқталып, бұл серіктестік болашақта да жоғары деңгейде жалғасатынына сенім білдірді.



Comments