ҚАТЗУ алаңында Қазақстан-Қытай аграрлық ғылым әріптестігінің 10 жылдығы аталып өтті
- Редакция "СО"

- 7 hours ago
- 2 min read
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің (NWAFU) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттарымен аграрлық ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастығының 10 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Маңызды жиынның ашылу рәсіміне Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық ғылым және білім департаментінің директоры Сұлтан Айхан, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Асанов, ҚХР Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің вице-президенті Чжан Хунмин, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Сейітбек Қуанышбаев, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Ербол Исакаев, сондай-ақ жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының және серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушыларға құттықтау сөзбен ҚАТЗУ Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қанат Тіреуов сөз сөйледі. Ол он жыл ішінде қазақстандық ұйымдар мен NWAFU арасында берік ғылыми және білім беру байланыстары қалыптасқанын атап өтті. Ректор бірлескен зерттеулерді, академиялық алмасуды және жас мамандарды даярлауды одан әрі дамыту аграрлық сала үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
ҚХР Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің вице-президенті Чжан Хунмин ынтымақтастықтың Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық ғылым және білім беру саласындағы тиімді әріптестіктің маңызды үлгісіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы бірлескен жобалар академиялық алмасуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және ауыл шаруашылығына инновациялық шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Іс-шара барысында қатысушылар он жылдық өзара іс-қимылдың қорытындыларын шығарып, алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Бірлескен зерттеулерге, академиялық ұтқырлыққа, білім беру бағдарламаларына, биотехнологияларға, цифрлық ауыл шаруашылығына, тұрақты дамуға және жас зерттеушілерді даярлауға ерекше назар аударылды.
Шара аясында меймандар Қазақстан-Қытай білім және ғылым орталығының ашылуына куә болды. Жаңа алаң бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын дамытуға ықпал етпек. Сондай-ақ қонақтар Агротехнопарк пен ҚАТЗУ-дың ғылыми жетістіктер көрмесін аралады.
Бағдарламаның көшпелі бөлімі аясында қатысушылар А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы барып, егіс науқанының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты.Бұл ынтымақтастықтың қолданбалы сипатын және ғылым, білім мен аграрлық өндіріс арасындағы тығыз байланысты айқындады.
Мерейтойлық іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым мен білім беру ынтымақтастығын нығайтып, алдағы онжылдықтағы серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындаған маңызды кезеңге айналды.




Comments