ҚАТЗУ және Нидерланды – ынтымақтастық перспективалары
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Нидерланд Корольдігінің делегациясын қабылдады. Кездесу университет пен Нидерландтың ғылыми, білім беру және өндірістік ұйымдары арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға арналды.

Кездесуге ҚАТЗУ-дың Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық департаментінің директоры Эльмира Утеубаева, сондай-ақ бейінді институттардың директорлары қатысты. Қонақтарға университеттің ғылыми-білім беру әлеуеті, зертханалары мен тәжірибелік алаңдарының мүмкіндіктері таныстырылды.
Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, озық агротехнологияларды енгізу, ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу және академиялық алмасуды дамыту перспективаларын талқылады. Негізгі бағыттар қатарында ауыл шаруашылығы өндірісіндегі инжиниринг пен автоматтандыру, азық-түлік технологиялары, мал шаруашылығы мен ветеринария, ауыл және орман шаруашылығы салалары аталды.
Сапар соңында делегация ТИКА ғылыми-зерттеу зертханасының жұмысымен танысты. Кездесу бірлескен зерттеулер жүргізу, академиялық алмасуды дамыту және агроинновацияларды өндіріске енгізу бойынша алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.


Comments