ҚАТЗУ мен Чехия ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне Чехия Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ярослава Шпалкова бастаған делегация келді.

Сапар «KazAgroFarm-2026» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі аясында ұйымдастырылып, аграрлық ғылым, білім беру және инновациялар саласындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталды. Чехия делегациясының құрамында Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Павол Шепеляк, Чехия Ауыл шаруашылығы министрлігінің, дипломатиялық корпус пен ғылыми және салалық ұйымдардың өкілдері болды.
Қазақстандық тараптан кездесуге ҚАТЗУ Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қанат Тіреуов, Басқарма мүшесі – Provost Роза Әбішева және университет өкілдері қатысты.
Кездесуде құттықтау сөз сөйлеген Қанат Тіреуов университет қызметінің негізгі бағыттарын, ғылыми-білім беру әлеуетін және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін таныстырды.

Өз кезегінде Чехия Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ярослава Шпалкова ғылым мен білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Чехияда білім алып, еңбек етіп жүрген қазақстандық студенттер мен мамандар жоғары бағаланып, үлкен құрметке ие. Ол мұны Қазақстандағы білім беру сапасы мен мамандар даярлау деңгейінің жоғары екендігінің айғағы ретінде бағалады. Сондай-ақ министрдің орынбасары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Сапар барысында университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына ерекше назар аударылды. Чехия делегациясы ҚАТЗУ-дың ғылыми зертханалары мен инновациялық орталықтарын аралап, аграрлық зерттеулер жүргізу және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы мүмкіндіктерімен танысты.

Кездесу екіжақты диалогты нығайтуға және Қазақстан мен Чехия арасындағы ауыл шаруашылығы ғылымы, білім беру және агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамыту салаларындағы алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді.

Comments