Ұлттық ғылым академиясында микробиология, вирусология және биологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық конференция өтті
30 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Микробиология мен вирусологияның биотехнологияны дамытуға және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Қатысушылар іргелі және қолданбалы зерттеулердің жаңа нәтижелерін, халықаралық ынтымақтастықты дамытуды және биотехнологиялық әзірлемелерді практикаға енгізуді талқылауда.

Конференцияға мемлекеттік органдардың, ғылыми институттардың, жоғары оқу орындарының, халықаралық орталықтардың және бизнестің өкілдері қатысты. Микробиология мен вирусологияның жетістіктері, биотехнологиялық зерттеулердің басымдықтары, биологиялық қауіпсіздікке ғылыми тәсілдер, іргелі ғылымның қолданбалы әзірлемелермен байланысы, нәтижелерді коммерцияландыру және ғылымның бизнеспен ынтымақтастығы талқыланды.
Конференция екі мерейтойға арналды: Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының 70 жылдығына және биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың екі дүркін лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері академик Аманкелді Садановтың 75 жылдығына.

Айтулы мерейтойларға орай мемлекеттік органдар мен ел өңірлерінен құттықтау хаттар келіп түсті. Атап айтқанда, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және бес облыстың әкімдіктері. Хаттарда орталықтың және академиктің микробиология мен вирусологияны дамытуға, әзірлемелерді өндіріске енгізуге және ғылыми кадрларды даярлауға қосқан үлесі атап өтілді.
Академия президенті Ахылбек Күрішбаев Аманкелді Садановтың басты жетістігі – ол ғылымды өндіріспен байланыстырғаны деп атады. «Ең бастысы – Аманкелді Құрбанұлы ғылым мен өндірісті біріктіре білді», – деді ол. Оның айтуынша, 1200-ден астам ғылыми еңбек, 180-нен астам патент және ғалым құрған ғылыми мектеп отандық биотехнологияны айтарлықтай ілгерілетті. Мұндай мектептердің дамуы үшін ғылымды мемлекеттік қолдауды күшейту, зерттеу инфрақұрылымын жаңарту, кадрлар даярлау және ғылымда жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажет, деп атап өтті академия президенті.

Comments