Ұстаз – ұлттың шамшырағы
- Ермек Бөрібаев, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма-төрағасы, ректоры

- Aug 21, 2025
- 3 min read

Республика бойынша ұстаздардың бас жиыны – тамыз конференциясы «Білім келешегі: адал азамат-кәсіби маман» тақырыбында өтті. Астана қаласында өткен жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім саласы мемлекет дамуының стратегиялық өзегі екенін білдірді. Жиында мемлекет басшысы «Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық», – деп білім мен ғылымға тиісінше назар аударып, білім сапасын дамытуға серпін беретін бес жолды атап өтті.

Оның біріншісі – білім сапасын жақсарту. Ғылым мен білім, технология жылдам өзгеріп жатқан уақытта ұстаздар қауымы өзгеріске ілесе алуы керек. Әрине, ол үшін әрдайым ізденіп, біліміңді жетілдіріп, озық тәжірибені меңгеріп, әдіс-тәсілді қолдануың қажет. Бірақ озық тәжірибені қаз қалпында көшіріп алып, оны ұлттық болмысқа бейімдемей қолдануға болмайтынында президент ескертіп жатыр. Сондай-ақ ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты түзету керектігін айтты. Білім сапасы, материалдық базасы, инфрақұрылымдық ресурстары, оқу үрдісі қала мектебімен тең болуы шарт. «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек», – деді президент.
Екінші, білім мен тәрбиенің қатар жүруі. Тәрбие болған жерде білім озады. Сондықтан білім мен тәрбиені ұштастыру маңызды. Конференцияда жаңа оқу жылынан бастап «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылатыны айтылды. Бұл бағдарламаны мектептермен қоса педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары да тәрбие ісінде пайдаланатын болады.
Үшінші басымдық – өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау мәселесі. Бұл тұста президент нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресуде мұғалімдердің рөлін айрықша атап өтті. Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болу керектігін баса айтты.
Білім сапасын арттыруға серпін беретін төртінші жол – білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу қажеттігі. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы: «Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады»,-деді. Соңғы жылдары жасанды интеллектінің игілігін көріп жүрміз. Өмірдің қай саласында болсын, кез-келген істі жасанды интеллектінің көмегімен жеңілдетуге болады. Осы мақсатта жоғары оқу орындарында студенттерге ЖИ оқытуға көп көңіл бөліп отырмыз.
Педагог беделін арттыру міндеті әрдайым өзекті. «Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санайтынын айтты.

«Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі»,– деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, қоғамда ұстаздың орны әрдайым жоғары болуы тиіс.
Дәстүрлі тамыз конференциясы Жетісу облысы педагогтерініңде арасында өтті. Келелі жиын білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, жас буынға сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру жолдарын қарастыратын маңызды платформа. Бас қалада өткен тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатырсыздар. Шын мәнінде, Мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр», – деген еді. Жиынға қатысқан облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы да жас буынға блім беріп жүрген ұлағатты ұстаздардың еңбегін бағалай келе, облыс бойынша білім саласында атқарылған игі істерге тоқталып, білім беру сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жандандыру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.

Бүгінгі таңда мұғалім информатор, бақылаушы, тексеруші емес, ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек.
Оқу-тәрбие үрдісін технологияландыру әр мұғалімнен ғылыми еңбекті талап етеді. Осы орайда, Жетісу университеті облыс мектептерімен ынтымақтастықта жұмыс істеуге әзір екенін айтқым келеді.
Біз үшін білім мен тәрбие сапасын арттыру, цифрлық технология мен жасанды интеллектіні енгізу, жастарды адал әрі еңбекқор азамат ретінде тәрбиелеу басты міндет.



Comments