Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 8 мыңнан астам адам оқуға түсті
- Редакция "СО"

- 1 hour ago
- 1 min read
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Білім күніне және 2026-2027 оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Жаңа оқу жылында оқу орны құрамына 8117 білім алушы қосылды.

Биыл университет бакалавриатына 6236 студент қабылданды. Олардың қатарын 674 «Алтын белгі» иегері мен республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған 46 спортшы толықтырды. Сондай-ақ мемлекеттік грант иеленген 84 студент ҰБТ-дан 130-дан жоғары балл жинап, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 86,7 пайызға өсті.
Сондай-ақ магистратураға – 1167, докторантураға 462 зерттеуші қабылданды. Ал колледжге 199 білім алушы, бейінді мектепке 53 оқушы оқуға түскен.
Студенттерді жаңа ортаға бейімдеу және оларға кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында университеттің барлық 16 факультетін қамтыған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылды.
Кездесулерге проректорлар, декандар, кафедра меңгерушілері мен куратор-эдвайзерлер қатысып, университет табалдырығын жаңадан аттаған жастарға білім беру бағдарламалары мен оқу үдерісінің ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар студенттерге ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу, шығармашылық пен қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру және студенттік ұйымдарға мүше болу мүмкіндіктері таныстырылды.
Әр факультет кәсіби бағдар беру шараларын өзіндік форматта ұйымдастырды. Атап айтқанда журналистика факультетінде «MEDIA START – 2026: First Year Media Orientation» бағдарламасы өтіп, болашақ медиа мамандары факультеттің тыныс-тіршілігі, оқытушылар құрамы және жеке кәсіби даму мүмкіндіктерімен танысты. Ал филология факультетінде жаңа буынға арналған «Tanys Bol» іс-шарасы ұйымдастырылса, биология және биотехнология факультетінде «Қош келдің, бірінші курс студенті!» атты арнайы кездесу өтті.
Салтанатты бағдарлама аясында бірінші курс студенттеріне арналып ҚазҰУ кампусы бойынша танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Жастар Фараби кітапханасын, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығын, бас музейді, FARABI HUB инновациялық орталығы мен Суперкомпьютер орталығын аралап көрді. Экскурсия барысында қатысушылар университеттегі заманауи инфрақұрылымның мүмкіндіктерін зерделеп, білім алуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған алаңдар туралы мәліметке қанықты.



Comments