top of page

2025 жылы 177 мыңнан астам студент Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуын аяқтайды

20 мамырда ҚР Үкіметі отырысына ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысып, еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы туралы баяндады.


Талғат Ешенқұлов

Бүгінгі таңда республикада 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде 10 зерттеу жоғары оқу орны және 23 шетелдік университет филиалдары бар. 2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 624 500 бакалавриатта, 39 200 магистратурада, 7 600 докторантурада және 8 900 резидентурада білім алып жатыр. Айта кету керек, биылғы көрсеткіштер бойынша шетелдік студенттер саны 31,5 мыңды құрайды. Алғаш рет Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД елдерінен келген білім алушылар санынан асып түсті: Азия елдерінен – 17 456 адам, ТМД елдерінен – 12 816 адам.


ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрінің айтуынша, биылғы ЖОО түлектерінің саны 177 586 адамды құрайды. Оның ішінде бакалавриат бойынша 149160, магистратура, резидентура – 26093, докторантура – 2333 адамды құрайды.


«Түлектердің басым бөлігі келесі бағыттар бойынша маманданды. Педагогикалық мамандықтар бойынша – 48 428, бизнес, басқару және құқық – 24 666, инженерлік ғылымдар – 24 320, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 13 393, денсаулық сақтау – 10 300 және ауыл шаруашылығы – 1 776 студент», – деді вице-министр.

Талғат Ілиясұлы соңғы 5 жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өскенін атап өтті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді (бакалавриат – 77 084, магистратура – 13 113, докторантура - 2 919). Сонымен қатар биылғы жылы 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясының өлшемі өседі.


«Бакалавриат үшін стипендияның өлшемі 52 372 теңге, магистратурада 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңгені құрайтын болады. Яғни, ағымдағы жылы бакалавриат деңгейінде стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура және докторантура деңгейінде 1,75 есеге артады», – деді ол.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанына тоқталды. Бүгінгі таңда жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылы 82 500-ден 2024 жылы 14 873-ке дейін азайды. Осы ретте, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жатақханаларда орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті формат бойынша ұсынылады.


Жоғары оқу орындарында ағымдағы оқу жылы шілденің 10-на дейін аяқталады және сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Сонымен қатар 2025 жылы 217 мыңға жуық талапкер оқуды бітіреді, оның ішінде 183 мың адам ҰБТ-ға тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 30 мыңға артты. Бұл ретте 16 мамырдан бастап 46 өңірлік орталықтарда жоғары оқу орындарына үміткер талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізіліп жатыр. ҰБТ 7 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлерге осы аралықта ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген. Өңірлік тестілеу орталықтары 46 елді мекенде орналасқан және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Грантты тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау шілденің 13 мен 20 аралығында жүргізіледі. Оның нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орнына тіркелу 25 тамызға дейін өтеді.

Comentarios


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page