top of page
Search

27 олимпиада жеңімпазы Margulan University-нің гранттары мен сертификаттарын алды

27 олимпиада жеңімпазы Margulan University-нің гранттары мен сертификаттарын алды. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде оқу орнының гранты бойынша IX-пәндік олимпиада аяқталды.

Пәндік олимпиаданың негізгі мақсаты – Павлодар Ертіс өңірінің дарынды оқушыларын анықтау және қолдау, оларға пәндер бойынша өз білімдерін көрсетуге мүмкіндік беру және университеттің білім грантын алу.


Олимпиада бір ай бойы облыстың 11 сынып оқушылары арасында өткізіліп, екі кезеңнен тұрды. Интеллектуалдық сайыстар математика, физика, химия, биология, география, қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, тарих сынды пәндер бойынша өтті.


Жеңімпаздарды университет ректоры Жанбол Жилбаев құттықтап, гранттар мен сертификаттар табыстады.

«Пәндік олимпиаданы өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды. Өткен жылы білім олимпиадасына 164 оқушы қатысса, биыл 700-ден астам түлек тіркелді. Биылғы жылы аудан, ауыл мектептерінің оқушыларының грантқа көбірек ие болғаны бізді қуантады. Грант пен сертификат алған талапкерлерді құттықтаймын, күзде оқу орнымыздың студенті болуға шақырамын», – деді Жанбол Жилбаев.

Жеңімпаздар қатарында Павлодар қаласының №8 дарынды балаларға арналған лицейі, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты, дарынды балаларға арналған көпсалалы мектеп-интернаты, Аққұла, Ақтоғай, Ертіс аудандары, Ақсу және Павлодар қалалары мектептерінің оқушылары бар.




bottom of page