Ұлттық тәрбие мен заманауи педагогикалық технологияларды үйлестіру
Updated: 4 days ago

Мектепке дейінгі білім беру ұлттық тәрбиенің және тұлғаның рухани дамуының негізін қалайды. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында» білім беру мазмұнына ұлттық құндылықтарды, мәдени дәстүрлерді және отбасылық тәрбиені енгізу қажеттілігі ерекше атап көрсетілген.
Ұлттық тәрбие – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, рухани құндылықтары арқылы тұлғаны тәрбиелеу жүйесі.
Адамның ұлттық сана-сезімі мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңызды құралы болып табылады. Оның негізінде адамгершілік, еңбекқорлық, үлкенді құрметтеу, отансүйгіштік, табиғатты аялау сияқты құндылықтар жатыр. Ұлттық тәрбиенің негізгі компоненттері мыналар болып табылады: ұлттық мәдениет пен дәстүрлер; халықтық педагогика; ұлттық ойындар; фольклор мен әдеби мұра; ұлттық өнер мен қолөнер. Мектепке дейінгі ұйымдағы білім беру үдерісін баланың оқуы мен дамуы табиғи түрде – ойын, қарым-қатынас, шығармашылық және қоршаған әлеммен белсенді әрекеттесу арқылы өтетіндей етіп құру маңызды. Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жетекші іс-әрекеті және оның жан-жақты дамуы мен оқуының табиғи ортасы болып табылады. Ойын арқылы мектеп жасына дейінгі бала әлеуметтік рөлдер мен мінез-құлық ережелерін меңгереді; сөйлеуін, ойлауын, қиялы мен есте сақтауын дамытады; құрбыларымен сөйлесуге және ынтымақтасуға үйренеді; бастамашылдық пен шығармашылық танытады; ересектер өмірінен алынған қатынастар мен жағдайларды модельдейді. Бұл ретте мектепке дейінгі жаста танымдық-зерттеушілік, өнімді (сурет салу, мүсіндеу, құрастыру), коммуникативтік және қимыл-қозғалыс әрекеттері де өте маңызды.

Білім беру жүйесіне заманауи педагогикалық технологияларды енгізу мәдени сәйкестілікті сақтауға және мектеп жасына дейінгі балалардың қоғамдағы әлеуметтік бейімделуінің табысты болуына ықпал етеді.
Заманауи педагогикалық технологиялар оқыту мен тәрбиелеу үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған инновациялық әдістер мен тәсілдердің жүйесін білдіреді. Оларға ойын технологиялары, жобалау технологиясы, проблемалық оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, цифрлық білім беру технологиялары, интерактивті оқыту әдістері, ЖИ пайдалану және т.б. жатады. Бұл технологиялар білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және оқу үдерісін қызықты әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.
Ұлттық құндылықтарды дамытудың әдістері мен тәсілдері
Интерактивті оқыту әдістері балаларға белсенді қатысуға мүмкіндік береді, мысалы, рөлдік ойындар, пікірталастар, шығармашылық тапсырмалар арқылы және балалардың ұлттық құндылықтарды терең түсінуіне ықпал етеді.
Мысал:
Шығармашылық педагогикалық технологияларды ұлттық өнермен ұштастыру, мысалы, ою-өрнек жасау, ұлттық қолөнер элементтері, халық музыкасы мен биін пайдалану балалардың эстетикалық талғамын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Интерактивті және рөлдік оқыту әдістерін ұлттық тәрбие мазмұнымен біріктіру. Рөлдік ойындар мен сахналық қойылымдар арқылы балалар қазақ халқының салт-дәстүрлерін (қонақ күту, тұсаукесер, шілдехана және т.б.) тәжірибе жүзінде меңгереді. Бұл әдістер балалардың коммуникативтік дағдыларын және әлеуметтік тәжірибесін дамытуға ықпал етеді.
Мысал:
Ұлттық тәрбие мен ойын технологияларын үйлестіру. Қазақ халқының ұлттық ойындары (асық, ақсүйек, тоғызқұмалақ элементтері, бестемше және т.б.) балалардың танымдық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуына ықпал етеді. Мысалы, асық ойыны моториканы және логикалық ойлауды дамытса, «Ақсүйек» ойыны командалық әрекетті қалыптастырады, «Бестемше» ойыны стратегиялық ойлауды дамытады. Ойын технологияларын пайдалану арқылы ұлттық ойындар білім беру үдерісінің белсенді әдісіне айналып, балалардың шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын қалыптастырады.

Жобалау технологиясы балалардың зерттеушілік қабілетін дамытуға мүмкіндік береді, олардың ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдени мұра туралы білімдерін тереңдетеді. «Ұлттық тағамдар», «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Менің отбасымның дәстүрлері», «Ұлттық ойындар әлемі» сияқты жобалар балалардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырады.
Мысал:
Жобаның тақырыбы: «Менің отбасымның дәстүрі».
Мақсаты: балаларды өз отбасының дәстүрлерімен таныстыру, отбасы құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын қалыптастыру және отбасы мүшелері арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті түсінуге бағыттау.
Міндеттері:
балалардың отбасы туралы түсініктерін кеңейту, отбасындағы ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар туралы білім қалыптастыру;
ата-анаға, үлкендерге деген құрмет сезімін тәрбиелеу;
балалардың сөйлеу, әңгімелеу және ой бөлісу дағдыларын дамыту;
отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Жоба кезеңдері:
Кіріспе: Тәрбиеші балалардан отбасындағы мерекелер туралы сұрайды.
Зерттеу: Балалар ата-анасынан ұлттық дәстүр туралы сұрап келеді.
Шығармашылық кезең: Балалар сол дәстүрді сурет арқылы бейнелейді. Ата-аналарымен бірлескен шығармашылық жұмыс жасайды. Атасы, әжесі ертегі, әңгімелер оқып береді.
Қорытынды: Балалар өз жұмыстарын таныстырады.
Нәтижесінде: балалардың ұлттық мәдениетке қызығушылығы артады, сөйлеу дағдылары дамиды.

Ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық технологиялар. Заманауи мультимедиялық құралдар ұлттық мәдениет элементтерін көрнекі түрде таныстыруға мүмкіндік береді. Интерактивті тақта, бейнематериалдар, цифрлық ойындар арқылы балалар ұлттық киімдермен, ұлттық аспаптармен, ертегілермен және аңыздармен таныса алады. Бұл тәсіл білімді қабылдауды жеңілдетіп, оқу үдерісін қызықты етеді.
Мысалдар:
1. Интерактивті презентация (интерактивті тақта арқылы). Цифрлық технологияның қарапайым әрі тиімді түрі – интерактивті презентация. Тәрбиеші интерактивті тақта немесе планшет арқылы ұлттық киімдердің суреттерін көрсетеді (сәукеле, камзол, шапан, тақия, бөрік). Әр суретке басқанда оның атауы мен қысқаша сипаттамасы шығады. Балалар киімдердің атауын қайталап айтып, олардың ерекшеліктерін талқылайды. Бұл әдіс балалардың есте сақтауын және сөздік қорын дамытуға көмектеседі.
2. Бейнематериалдар пайдалану. Қазақтың ұлттық киімдері туралы қысқа танымдық бейнероликтер көрсету балалардың визуалды қабылдауын күшейтеді. Мысалы, ұлттық мерекелерде немесе дәстүрлі рәсімдерде адамдардың қандай киім киетінін көрсету арқылы балалар мәдени контексті түсінеді.
3. Цифрлық ойындар. Балаларға арналған қарапайым интерактивті ойын ұйымдастыруға болады. Мысалы, экранда әртүрлі киімдердің суреттері беріледі, ал балалар ұлттық киімдерді таңдайды. Тағы бір ойын түрі – «Кімге қандай киім?» ойыны. Экранда қыз бала, ұл бала немесе батырдың суреті беріледі, балалар сәйкес ұлттық киімді таңдайды.
4. Виртуалды киіндіру тапсырмасы. Планшет немесе интерактивті тақта арқылы балаларға «виртуалды киіндіру» тапсырмасы беріледі. Экрандағы кейіпкерге балалар сәукеле, камзол, шапан сияқты киімдерді таңдап кигізеді. Бұл тапсырма балалардың логикалық ойлауын және шығармашылық қабілетін дамытады.

Педагогтің рөлі
Ұлттық тәрбие мен заманауи педагогикалық технологияларды үйлестіру қазіргі білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл үдеріс ұлттық мәдениетті сақтауға және оны жаңа буынға жеткізуге мүмкіндік береді. Цифрлық технологияларды қолдану ұлттық тәрбиені жаңа деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі мекеме педагогтері балалардың ұлттық құндылықтарды тиімді меңгеруі үшін жағдай жасайды. Олар ұлттық мәдениетті насихаттаушылар болып, балалардың рухани дамуына бағыт береді. Педагогтердің міндеттеріне тәрбиелік ортаны ұйымдастыру; ұлттық құндылықтарды білім беру мазмұнына енгізу; инновациялық технологияларды тиімді қолдану; балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту кіреді.
Ұлттық тәрбие мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, педагогтер баланың тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Құндыз КӨШЕН
№ 39 «Меруерт» балабақшасының меңгерушісі
Жансая ҚАЛЫМБЕТОВА инновация әдіскері
ӘсемТҰҚБАЕВА педагог-психолог
Аннотация
В статье рассматриваются содержание национального воспитания и возможности его интеграции с современными педагогическими технологиями. Также анализируются эффективные пути реализации национальных ценностей в дошкольных организациях через инновационные методы. Предлагаются практические модели сочетания культурного наследия с цифровыми технологиями и интерактивными методами обучения.

Comments