Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық қабілеттерін тәжірибелік-зерттеу қызметі арқылы қалыптастыру

Қазіргі заманда алға қойылып отырған маңызды мәселелердің бірі – жан-жақты дамыған өнегелі, рухани ізденісі мол жас ұрпақ тәрбиелеу. Еліміздің болашағы – бүгінгі кішкентай бүлдіршіндер. Осы балалардың білім алуға деген танымдық қабілеттері мен белсенділігін арттырып, қалыптастыру – педагогтердің міндеті, яғни тәрбиеші ретінде біздің де тікелей міндетіміз.
Жалпы, танымдық қызығушылық, танымдық белсенділік дегеніміз не?
Танымдық белсенділік – бұл баланың жаңа білімді меңгеруге деген дайындығы мен ұмтылысы, біліктілік пен тәжірибе жинақтауы, белгілі бір іс-әрекетте, нәтижеге қол жеткізу үшін баланың өз мүмкіндігінше дербестік танытып, ұмтылуы.
Зерттеу әдісі – баланың өзінің шығармашылық зерттеу ізденісінің арқасындағы танымдылық жолы. Оның негізгі құрамдас бөліктері – проблемаларды айқындау, болжам жасау және қалыптастыру, бақылау, эксперимент және осылардың негізінде пайымдау мен қорытынды жасау. Балалар мектепке дейінгі шақта жаратылысынан зерттеуші. Оларға эксперимент жасауға талпыныс, білім құмарлыққа және мәселелі жағдаяттарды өз бетінше шешуге ықылас таныту тән. Педагогтердің көзқарасы бойынша, осы әрекетті жою емес, керісінше, баланың қиялы мен ойлауын мақсаттылыққа ынталандырып және белсенді түрде көмектесу, олардың түрлі мәселелерді шешуде білімін қалыптастыру қажет. Сол себепті, ерте жастан бастап баланың табиғи қажеттілігін қолдана отырып, оны қоршаған ортадағы құбылыстар мен заттарға көңіл аударып, ерекше тапсырмалар мен материалдарға қызықтыру, белгісіз жағдайды танып-білуге талпынысын ынталандыру, оның құпиясын ашуда қуаныш сезімін ояту керек. Осы негізде, балаларды бос уақыттарында топқа бөліп, үйірме жұмыстарын ұйымдастыра бастадық. Үйірме жұмысы кезінде балалардың өзінің таңдауына ерік беру және тәжірибеден қорытынды жасап, өз-өздерін бағалауы оң нәтиже бере бастады. Зертханада балаларға микроскоптар алынып, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Зертханалық жұмыстарда тәрбиеленушілер микроскоппен тастарды, өсімдіктерді, түрлі жәндіктерді қарап, олардың құрылысын, түр-түсін зерттеп біле бастады. Енді осы зертханалық жұмыстардан және тәжірибеден мысалдар келтіре кетейін.

Тас түрлерімен, магнитпен танысып, олардың атауларын, пайдасын, зиянын және қасиеттерін зерттеп біледі. Балалардың сөздік қорлары кеңейіп, тілдері дамиды. Жалпы алғанда, балалардың өзі көріп, сезіп, өздерін бағалауы өте тиімді болады деп ойлаймын. Балалардың бойындағы жаңалыққа деген құмарлық қоршаған ортаны тануға мүмкіндік береді. Ал, жаңаны тану қоршаған ортадағы балалар үшін ерекше құбылыстарды зерттеу, тәжірибелік сабақтың шынайы өтуіне негіз болады. Балалардың жинаған ақпараттарды естерінде сақтап, оларды кейіннен біріктіріп, өмірді түсіну туралы идеялары қалыптаса бастайды. Мысалы, алғашқы рет қар үстіне шыққанда оның үстіне құлау арқылы оның жұмсақ әрі суық болатындығын білсе, кейбір балалар оны ұстап көріп, суық әрі тез еритіндігін байқайды. Бұл әрекетке кейбір балалар тез кірісіп кетсе, кейбір балалар басқалардың әрекеттерін ұзақтан бақылап барып, кейіннен өзі жасап көруге шешім қабылдауы мүмкін. Яғни, оларда қоршаған орта туралы ой қалыптаса бастайды. Балалар өздерінің не істегендігін, сөз арқылы бөліспес бұрын, қимылдармен, түрлі дыбыстардың көмегімен жеткізуге тырысады, олар өз ойларын әрекетке ауыстыру арқылы жаңа идеялар туындатады және оны тәжірибеде сынайды.
Біздің әлем күнде өзгеруде. Техникаға, өмірге деген көзқарас, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы өзгереді. Заманауи білім беру технологиялары баланың зияткерлік және жеке тұлғалық міндеттерін шешу қабілетін ұшқыр және қызықты дамытуға мүмкіндік береді, жаңа мәселелерді шешу үшін қызметтің өз бетінше игерілген тәсілдерін қолдану қажеттігі туындады.
Қазіргі жұмыс атқаратын Астана қаласының №80 «Ботақан» балабақшасында мектеп жасына дейінгі баланың танымдық-зияткерлік белсенділігін дамытудың тиімді тәсілі ретінде тәжірибелік-зерттеушілік қызметін таңдау, тәрбиешінің де шығармашылық жұмысын осы бағытқа бейімдейді. Әрине, тәжірибелік-зерттеу қызметі мектепке дейінгі білім саласында жаңалық емес екені айқын. Балабақшада шет мемлекеттердің де іс-тәжірибелерін педагогикалық жиналыста әріптестердің ортасында «Мектепке дейінгі білім беруде заманауи инновациялық технологиялар» деген тақырыбында талқылап, олардың қол жеткізген нәтижелерін ескере отырып, әсіресе, итальяндық Реджио Эмилио педагогикалық әдісі және ресейлік «Наурандия еліндегі Наураша» атты сандық зертханасы туралы еңбектерін жүзеге асыруды қолға алдық. Осы бағыттарды бізде өз тәжірибемізге енгізуді қолдап, әдістердің тиімділігі туралы зерттеу жүргіздік және тәжірибеге қажетті құрал- жабдықтарға тапсырыс бердік.
Өз ойымызбен бөлісу нәтижесінде Астана қаласы білім беру басқармасының бұйрығы негізінде балабақшамызда эксперименттік алаң ашылып және басқада инновациялық технологиялар қолға алынды. Шағын зертхана жұмысы, «Наурандия еліндегі Наураша» сандық зертханасы, «Smart-table және логика» кабинеті жұмыс істей бастады. Ата-аналардың қызығушылығымен қосымша ақылы қызметтер жұмысын жасай бастады. Біздің балабақша серіктестік балабақша қатарында болса, осы жұмыстардың нәтижесінде жетекші балабақшалардың бірі атанды. Балабақша педагогтері өз тәжірибелерімен қалалық және республикалық деңгейде бөлісті. Атап айтсам, Педагогтер және инновация әдіскері 2024 жылдың қазан айында Астана қаласында ұйымдастырылған «Зерттеу жұмысы» атты қалалық байқауға қатысып, балабақшаның интеллектуалдық бағыттағы жұмысын көрсетіп жүлделі орындарға ие болды. «Наурандия еліндегі Наураша» сандық зертханасы көптеген қатысушылардың қызығушылығын оятты.
Жалпы «Наурандия әлеміндегі Наураша» атты сандық зертханасының жұмыс істеуіне балабақша меңгерушісі Ж. Дүйсенова тікелей басшылық жасады. Сандық зертхана жабдықталып, балалармен жұмыс жасауда әдіс-тәсілдері айқындалды. Сандық зертханада қоршаған ортаны сезінетін кішкентай ғалым, зерттеуші «Наураша» атты құрылғы бар, ол бізге барлық тәжірибені жасауда көмектеседі. «Наурандия әлеміндегі Наураша» атты сандық зертхана 8 жұмыс модульден тұрады: температура, жарық, магниттік өріс, дыбыс, күш, электр, қышқыл, пульс. Жалпы «Наураша» Ресей елінен келгендіктен орыс тілінде, сондықтан ол зертханада пайдаланғанда қазақ тіліне аударып өткіземіз. Сандық зертханада жасалған тәжірибелер жүйеленіп, лэпбуктар жасалды.

Мысалға, магнит өрісімен жасалған зерттеу жұмысының үлгісін көрсетуге болады, ол үшін қабылдағыш құрылғы, түрлі-түсті магнит, темір болат және мыс темір, жалғауыш кабель, жалпақ магнит, кофе ұнтағы, компас, пластмасс зат т.б. құрал-жабдықтар қажет. Проекторға компьютердің көмегімен Наураша қабылдағыш құрылғысын қосып, барлық тәжірибе экран арқылы бақыланады. Балаларға Жер шарының өзі де магниттен тұратынын, магнит өрісі солтүстік полюс және оңтүстік полюс болып бөлінетінін айта отырып, қабылдағыш құрылғы арқылы магнит өрісін зерттеуге болатыны түсіндіріледі. Жалпақ магнит көк немесе солтүстік полюс жағынан қабылдағыш құрылғыға қаратып қойылады, монитордағы темір үгінділерінің қозғалысы бақыланып, магнит өрісіндегі үрдіс сипатталады. Келесі тәжірибеде түтікше алынып екі магнитті оңтүстік полюс жағымен салып, осы үрдіс сипатталады.
Балалардың үрдісті мұқият қарап, санасына сіңіруіне осындай тәжірибелердің орны ерекше, себебі зертхананың жұмыс істеуінен бастап балалардың оған деген ерекше ынтызарлығы артты, зертханада балаларға микроскоптар алынып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берілді. Микроскоптар көмегімен тастарды, өсімдіктерді, түрлі жәндіктерді қарап, олардың құрлысын, түр-түсін зерттеп біле бастады, мысалы, шыбынның табиғатымен танысты. Тас түрлерімен, магнитпен танысты, олардың атауларын, пайдасын, зиянын және қасиеттерін зерттеп біледі. Үрдісті түсіндіру кезінде балалардың сөздік қорларының кеңейюімен бірге, сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Бүгін Реджо-Эмилияда пайда болған мектеп жасына дейінгі білім беруді әлемнің көптеген озық елдерінде: Израиль, АҚШ, Ұлыбритания елдерінде кездестіруге болады. Реджио-педагогиканың негізін қалаушы Лорис Малагуцци. Реджио педагогикадағы басты әдістер жобалық зерттеу қызметі, мол шығармашылық, қоршаған орта арқылы оқыту және педагогтердің балалармен ынтымақтастығы болып табылады.
Баланы құрметтеу және оның көзіне тура қарау.
Реджио-педагогикадағы ең бастысы: бала ол үлкен немесе кішкентай ұжымның бір бөлігі екенін сезінеді, онда ол басқалар сияқты бағалы, бұл басқа бала немесе ата-ана, педагог болсын. Біз баламен бір деңгейде болуымыз керек. Балаларлармен бір деңгейде орындығында немесе еденде отыру, көзіне қарап сөйлесу және әр ісімізде баланың деңгейімен бірдей болу керек.
Балабақшада реджио-педагогика жобасы бойынша зерттеу жұмыстары үзбей жүргізіліп келеді. Реджио-педагогика – балаларды ерте жастан дамытудың инновациялы жобаларының бірі. Мысалы, «Реджо-ателье» немесе шығармашылық ателье балаларға қиялды дамытуға көмектеседі. Балаларға табиғи және қалдық материалдарды пайдалана отырып, қиялындағы жобаларын жүзеге асыруға еркіндік беріледі. Педагогтердің бағыттауымен, балалар өз шығармашылығын дамытады.
Реджо-Эмилия әдісінің негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
Балаларды оқыту қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне негізделеді.
Балалар қызықты тақырыптарды тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді жобаларға қатысады.
Басқа балалармен және ересектермен қарым-қатынас оқуда басты рөл атқарады.
Кеңістік ізденіс пен шығармашылықты ынталандыру үшін ұйымдастырылған.
Тәжірибелік-зерттеу жұмысының нәтижелігі – шетелдік әріптесіміз Реджио-педагогикасы әдісінің көзбен көріп, құлақпен естіп, есте сақтай отырып, баланы ізденіске, іскерлік пен танымдық ынтаға, шығармашылық қабілетті жетілдіру арқылы түрлі мәселелерді шеше білуге, тапқырлыққа, жаңа ғылыми ізденіске жетелеуде.
Реджо-педагогикасы мектепке дейінгі жастағы шығармашылыққа, білімқұмарлықты, қызығушылықты және зерттеу қызметінің дағдыларын дамытуда маңызды.
Балаларға тәжірибе қоюды ұсына отырып, педагог оларға мақсаты мен міндеттерін балалардың өздері не істеу керектігін анықтайтындай етіп хабарлайды. Ойлауға уақыт береді, содан кейін эксперименттің әдістемесі мен барысын талқылауға балаларды тартады. Жұмыс барысында міндеттерді шешудің жеке тәсілдерін іздеген балалар мадақталады. Сонымен қатар баяу жұмыс істейтін балаларға назар аударамыз, қандай да бір себеппен артта қалып, негізгі ойды жоғалтады. Эксперименттің қорытынды кезеңі қорытынды шығару және қорытынды жасау болып табылады.
Реджио-педагогикада мынадай қағидат бар: білім алу үшін белгілі бір уақыт жоқ. Білім беру үдерісі барлық жерде ұйымдастырылады: серуендеуде, үй-жайда, түскі ас кезінде.

Мұнда сіз түскі ас үстел үстінде отырғанда, сұрақ қоюға болады: бұл сорпа неден дайындалған? Баланың тәжірибесі бар және ол болжай алады. Мәселен, бұл қызғылт сорпа. Қызғылт сары не болуы мүмкін? "Мен білемін, асқабақ қызғылт сары! "Бірақ бұл асқабақ көрінбейді, неліктен? Оны үгіткіштен өткізді! "Немен үгіткіштен өткізді деп ойлайсыңдар? Миксермен өткізді тағы сол сияқты балалармен коммуникативтік қарым-қатынас жасау, баланың тілін ғана дамытып қоймай, танымында дамытады.
Қорыта келгенде, балаларға дайын өнімді қабылдайтын ғана емес, өз бетімен ізденетін, дербес іс-әрекет жасай алатын тұлға ретінде қарау тәжірибелік-зерттеушілік қызметтің негізі болып табылады.
Балабақшада тәжірибелік-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Зерттеуші бүлдіршіндер» атты авторлық бағдарлама жасалып, Өрлеу БАҰО АҚ Ф Астана қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Эксперттік кеңесінің шешімімен Республикалық деңгейде таратуға ұсынылды.
Жұлдыз ҚОНАҚБАЕВА
Астана қаласындағы
№80 «Ботақан» балабақшасының меңгерушісі
АННОТАЦИЯ
Данная методическая разработка посвящена актуальной проблеме формирования познавательных способностей детей дошкольного возраста посредством опытно-исследовательской деятельности. В работе раскрывается сущность понятий «познавательная активность» и «познавательный интерес», обосновывается значимость исследовательского метода в дошкольном образовании.
Автор делится практическим опытом детского сада №80 «Ботақан» города Астаны, где в качестве эффективного способа развития познавательно-интеллектуальной активности детей выбрана опытно-исследовательская деятельность. В материале описывается внедрение инновационных технологий: цифровая лаборатория «Наураша в стране Наурандии», мини-лаборатория, кабинет «Smart-table и логика», а также применение итальянского педагогического метода Реджио-Эмилия.

Comments