Kozybayev University: тәжірибелік-бағдарлы оқыту
Kozybayev University, Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университеті және CT Agro компаниясы арасындағы серіктестік 2025 жылы басталды. Practical Trainee Triesdorf-Kasachstan жобасы аясында «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар» білім беру бағдарламасының үш студенті Германиядағы Триздорф кампусында 20 апталық оқудан өтті. Бағдарлама қорытындысы бойынша олардың екеуі CT Agro компаниясына жұмысқа орналасты.

Бүгін Practical Trainee Triesdorf-Kasachstan жобасының үйлестірушісі Мағираш Шәрімова «Агрономия», «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» және «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламаларының 1-3-курс студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында ол «Ауыл шаруашылығындағы агроменеджмент» тақырыбында дәріс оқыды. Студенттер аграрлық бизнесті басқарудың заманауи тәсілдерімен, халықаралық жобаға қатысу мүмкіндіктерімен, Германияда тәжірибеге бағытталған білім алу және CT Agro компаниясында кәсіби тұрғыдан даму жолдарымен танысты. Сонымен қатар білім алушылар бағдарламаның келесі кезеңіне қатысу үшін іріктеуден өтті.
Қазақстанда бұл бағыттағы ынтымақтастық тек екі жоғары оқу орнымен, соның ішінде біздің университетпен жүзеге асырылып келеді.

Жоба студенттерге ауыл шаруашылығы саласында заманауи теориялық білім мен практикалық тәжірибе жинақтауға, озық агротехнологияларды меңгеруге және аграрлық өндірісті тиімді басқару қағидаттарымен танысуға мүмкіндік береді. Бағдарламаны аяқтаған түлектер CT Agro компаниясына жұмысқа орналасады.
Осылайша, жоба кәсіби дамудың толыққанды жолын қалыптастырады: Германия университетінде білім алу - халықаралық тәжірибе жинақтау - өндірістік практикадан өту - кепілді жұмысқа орналасу.
Мұндай серіктестік әлемдік деңгейдегі сапалы білім мен еңбек нарығындағы нақты мүмкіндіктерді ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етеді.


Comments