top of page
Search

Архив және кітапхана мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік грант саны 5 есе ұлғайды

Биыл «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» білім беру бағдарламасы бойынша «Бакалавриат» жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 5 есе ұлғайды, «Современное образование» журналы хабарлайды.

Осыған дейін аталған мамандықтарға 20 грант қана бөлінген болса, биылғы жылдың маусым айында енгізілген өзгерістерге сәйкес грант саны 100-ге дейін ұлғайтылды. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асты. Басты мақсат - мемлекеттік архивтер мен кітапханалардың кадрлық әлеуетін білікті жас мамандармен күшейту. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған облыстардың жастарына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсуі үшін арнайы мемлекеттік білім гранттары қарастырылып отыр. Оған сәйкес, 5 өңірге кітапхана және архив мамандарын даярлауға арналған қосымша 89 грант берілді. Оның ішінде Түркістан облысына – 52, Шымкент қаласына – 14, Жетісу облысына – 12, Ұлытау облысына – 1 және Абай облысына – 10. Сонымен қатар, 2023-2024 оқу жылына магистрлерді даярлауға - 20, PhD докторына 3 грант бөлу жоспарланып отыр.

«Мәдениет және спорт министрлігі архив және кітапхана салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырады. Оның ішінде кітапханашыларды шетелде оқыту немесе тағылымдамадан өтуге жіберу. Сондай-ақ тұрақты түрде біліктілік арттыру іс-шараларын ұйымдастыру. Аталған мамандыққа грант санының ұлғаюы жас мамандармен саланың кадрлық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді», – деді ҚР МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш.








bottom of page