Студент тұлғасын дамытудағы сапалы білім мен тәрбиенің бірлігі
- Салтанат Басыгараева, директор Колледжа сервиса и туризма акимата города Астаны

- 7 hours ago
- 6 min read
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген өсиеті қай заманда да ізденімпаз, білімге ұмтылған тұлғаның қоғамда алға шығатынын айқындайды.
Білім – болашаққа бағдарланған ең сенімді инвестиция болса, тәрбие – үздіксіз шығармашылық ізденіс процесі. Ол жекелеген адамның ғана емес, тұтас қоғамның өркендеуіне жол ашады. Жас ұрпақтың алған білімі мен бойына сіңірген тәрбиесі ел тағдырын айқындайтын басты құндылық екені анық.
Астана қаласының сервис және туризм колледжінде бұл бағытта студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мазмұнды жобалар мен шығармашылық жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып, тұрақты өткізіліп отырады.
Осы тұрғыда колледжде студенттердің жан-жақты дамуына бағытталған мазмұнды жобалар мен шығармашылық жұмыстар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, «Ұрпаққа аманат» жобасы тарихи сананы қалыптастыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Жоба шеңберінде өткізілетін танымдық іс-шаралар студенттердің ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, олардың патриоттық сезімін нығайтуға ықпал етеді.
Мысалы, студенттер Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне және Президент орталығына экскурсияға барып, тарихи жәдігерлермен танысты. Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай және тіл: ұлттың рухани коды» тақырыбындағы кездесуде білім алушылар ұлы ойшылдың мұрасы туралы тың ақпарат алып, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған дөңгелек үстелде студенттер баяндамалар оқып, талқылау жұмыстарына белсенді қатысты.
Сонымен қатар, «Терең тарихтан – жарқын болашаққа» атты интеллектуалды ойын барысында студенттер тарихи білімдерін көрсетіп, топтық жұмыс дағдыларын дамытты. Ал Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған суреттер көрмесі арқылы білім алушылар елорданың мәдени келбетімен танысып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырды.
Ал «Саналы ұрпақ» клубының жұмысы да жүйелі негізде ұйымдастырылып, әр оқу жылында жоспарланған дебат турнирлері, шығармалар байқауы, әлеуметтік роликтер сайысы және «Адалдық сағаттары» арқылы жүзеге асырылады. Бұл тұрақты іс-шаралар студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастырады. Мысалы, 1-курс студенттері арасында өткен «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» тақырыбындағы шығарма жазу барысында білім алушылар жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсерін зерттеп, өз көзқарастарын қалыптастырды.
Сонымен қатар, «Патриотизм білімде: адал болу — азамат болу» тақырыбындағы дебат турнирінде студенттер патриотизм, адалдық және азаматтық ұстаным туралы пікір алмасып, өз ойларын дәлелдермен жеткізу дағдыларын көрсетті.
Клуб қызметінің маңызды бағыттарының бірі – тәжірибелік және шығармашылық жұмыстар. Мәселен, «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» атты әлеуметтік роликтер байқауында студенттер антикоррупциялық тақырыпта бейнероликтер дайындап, өздерінің азаматтық позициясын шығармашылық тұрғыда білдірді.
Сонымен қатар, дебат қозғалысы белсенді дамуда. «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті», «Әділет пен жауапкершілік: қазіргі қоғамға қажет қасиеттер ме?», «Адалдық – табыстың кепілі» тақырыптарындағы пікірсайыстар барысында студенттер өз ұстанымдарын қорғап, сыни ойлау, талдау және дәлелдеу дағдыларын жетілдірді.
Зияткерлік бағытта «Не? Қайда? Қашан?» ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар құқықтық тақырыптар бойынша білімдерін көрсетіп, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды.
Клубтың ауқымды іс-шараларының бірі – «Адалдық сағаты», онда 650 студент қамтылып, академиялық адалдық, әділдік және жауапкершілік ұғымдары кеңінен талқыланды.
Осылайша, «Саналы ұрпақ» клубының жұмысы теория мен практиканы ұштастыра отырып, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға және адалдық қағидаттарын күнделікті өмірде ұстануға бағытталған.
«Өнегелі өмір» жобасы аясында ұйымдастырылатын түрлі сала өкілдерімен кездесулер студенттердің кәсіби және тұлғалық бағдарын айқындауға, олардың мотивациясын арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба жұмысы нақты кездесулер арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, Қазақстан халқының Тілдер күніне орай өткен «Jastar Talks» форматындағы кездесуде студенттер көптілділік пен шет тілдерін меңгерудің маңызы туралы тәжірибелік ақпарат алды. Қонақ өз жетістіктерімен бөлісіп, жастарға нақты кеңестер берді.
Сонымен қатар, «Ұрпақтар сабақтастығы: Күміс еріктілер қозғалысы» тақырыбындағы кездесуде аға буын өкілі өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, студенттерге еңбек жолындағы құндылықтар мен жауапкершілік туралы тағылымды әңгіме ұсынды. Бұл формат жастар мен үлкен буын арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.
Жоба аясында түрлі кәсіби бағыттағы кездесулер де ұйымдастырылды. Мәселен, әлем чемпионы Венера Жақсыбаевамен өткен кездесуде студенттер спорттағы табандылық, тәртіп және мақсатқа жету жолдары туралы білді. Ал колледж түлегі, халықаралық деңгейдегі флорист Ержан Балтабаймен кездесуде білім алушылар нақты мамандық бойынша жетістікке жету тәжірибесімен танысты.
Сонымен қатар, «Поэзия пульсі» атты әдеби кездесуде ақындармен сұхбат ұйымдастырылып, студенттер шығармашылық, шабыт және рухани даму туралы ой-пікірлермен танысты. Ал «Бірлік – қол жетпейтін бекініс» тақырыбындағы TEDx форматындағы кездесуде жастар саясаты, азаматтық ұстаным және жеке даму мәселелері талқыланды.
Осылайша, жоба аясындағы кездесулер тек ақпарат берумен шектелмей, сұрақ-жауап, пікір алмасу, тәжірибемен бөлісу форматында өткізіліп, студенттердің белсенді қатысуына негізделеді. Бұл студенттердің болашақ мамандығын саналы таңдауға, өз мақсаттарын айқындауға және қоғамдағы өз орнын табуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, «Еңбегі адал жас өрен» жобасы еңбек құндылықтарын дәріптеуге және студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Жоба аясында өткізілетін шеберлік сыныптары, өндірістік экскурсиялар, кездесулер мен жәрмеңкелер білім алушылардың еңбекке деген құрметін арттырып, олардың болашақ мамандығын саналы таңдауға ықпал етеді.
Мәселен, «Шеберлік құпиялары» шеберлік сыныптары барысында студенттер өз мамандықтары бойынша тәжірибелік дағдыларын көрсетіп, мектеп оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар берді. Сонымен қатар, «Күзгі асар» жәрмеңкесінде білім алушылар өз қолдарымен дайындаған өнімдерін ұсынып, еңбек нәтижесін бағалауға және үнемшілдікке үйренді. Ал «Назарбаев Университетіне» ұйымдастырылған экскурсия студенттердің кәсіби бағдарын айқындап, олардың болашақ білім жолын саналы таңдауға мүмкіндік берді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүзеге асырылатын «Заттарға екінші өмір сыйла» жобасы студенттердің табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Қайта өңдеу, ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық сана қалыптастыру бойынша жүргізілетін жұмыстар бұл бағыттың өзектілігін айқындай түседі.
Жоба аясында нақты тәжірибелік іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Қағазға екінші өмір сыйла!» экочелленджі барысында студенттер тұрмыстық қағаз қалдықтарынан түрлі пайдалы және сәндік бұйымдар жасап, олардың экологиялық маңызын түсіндірді. Әр топ өз идеясын қорғап, қайта өңдеу мәдениетін насихаттады.
Сонымен қатар, флористика бағытындағы шеберлік сыныптарында білім алушылар табиғи және қайта пайдалануға болатын материалдардан композициялар жасауды үйреніп, экологиялық әрі эстетикалық көзқарастарын дамытты.
Аталған іс-шаралар студенттердің экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Аталған тәрбиелік бастамалардың жүйелі жалғасы ретінде студенттердің денсаулығын сақтау мен нығайту мәселесіне де айрықша көңіл бөлінеді. Осы бағытта «Өмірге салауатты қадам» жобасы кешенді сипатқа ие.
Жоба аясында спорттық-сауықтыру іс-шаралары, профилактикалық дәрістер, ақпараттық кездесулер және тәжірибелік тренингтер ұйымдастырылып, студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалады. Бұқаралық спорт түрлері арқылы жастардың дене белсенділігі артып, командалық өзара іс-қимыл дағдылары қалыптасады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау мәдениетін арттыру мақсатында зиянды әдеттердің алдын алу, репродуктивті денсаулық, дұрыс тамақтану және психологиялық саулық мәселелері бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл өз кезегінде студенттердің жауапты өмірлік ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік-адамгершілік тәрбие беру бағытында «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Халықаралық қарттар күніне орай өткізілген «Ұрпақтар сабақтастығы – Тәуелсіз елдің белгісі» тақырыбындағы кураторлық сағат студенттердің аға буынға деген құрметін арттырып, олардың өмірлік тәжірибесінің маңызын түсінуге ықпал етті.
Сондай-ақ, ерікті жастардың «Серебряный век» қарттар үйіне барып, қарттарды мерекемен құттықтауы ерекше тәрбиелік мәнге ие болды. Студенттер қарттарға жылы лебіздерін білдіріп, көңіл бөліп, ізгілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Сонымен бірге, «Қарияларымыз – қазынамыз» атты қайырымдылық шарасы барысында студенттер концерттік бағдарлама ұсынып, қарттарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл іс-шара ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, жастардың адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін дамытуға үлкен әсер етті.
Аталған шаралар студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, үлкен буынға құрмет көрсету, қамқорлық таныту сияқты маңызды құндылықтарды қалыптастыруда ерекше рөл атқарды.
«Бойтұмар» қыздар клубы мен «Отбасылық өмір этикасы» клубы студенттердің тұлғалық дамуына, ұлттық және отбасылық құндылықтарды терең түсінуіне бағытталған маңызды тәрбие алаңдары болып табылады. Бұл клубтар жасөспірім қыздардың өздерін-өзі жетілдіруіне, рухани және мәдени тұрғыдан дамуына мүмкіндік береді. Клуб мүшелері ұлттық дәстүрлерді зерделеп, отбасыдағы жауапкершілік, сыйластық, қамқорлық сияқты құндылықтарды күнделікті өмірде тәжірибе жүзінде меңгереді.
«Бойтұмар» қыздар клубы мен «Отбасылық өмір этикасы» клубының жұмыстары да жүйелі түрде өткізіліп тұратын шеберлік сағаттары, кездесулер мен тәрбиелік іс-шаралар арқылы жүзеге асады. Бұл клубтар студенттердің ұлттық және отбасылық құндылықтарды терең түсінуіне ықпал етеді. Мысалы, «Жіптен өрілген шеберлік», «Ұлттық әшекей жасау шеберлігі» сияқты іс-шаралар арқылы студенттер қолөнер дәстүрін меңгеріп, ұлттық мұрамен танысады.
«Отбасылық өмір этикасы» клубы студенттердің отбасы институтын түсінуіне және отбасылық құндылықтарды тәжірибе арқылы меңгеруіне ықпал етеді. Клуб отбасылық қарым-қатынас, жауапкершілік, адамгершілік және моральдық құндылықтарды насихаттау арқылы жастарды саналы, тәрбиелі және мейірімді азамат ретінде қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ, бұл клуб студенттерге болашақта өз отбасы мен қоғамдағы рөлін дұрыс түсінуге, өзара сыйластық пен қолдауға негізделген қатынастар орнатуға көмектеседі.
Осылайша, екі клуб та студенттердің тұлғалық, рухани және әлеуметтік дамуына зор үлес қосып, олардың ұлттық және отбасылық құндылықтарды терең түсінуіне және өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік жасайды. Бұл тәрбие алаңдары жастарды білімді, мәдениеті мен адамгершілігі жоғары, қоғамға жауапкершілікті азамат ретінде қалыптастырудағы маңызды құрал болып табылады.
Студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуда «Шабыт» клубының қызметі ерекше орын алады.
Студенттік театр аясында сахналық қойылымдарға қатысу арқылы студенттер белгілі бір кейіпкердің бейнесін сомдап, адамның мінез-құлқын, өмірлік құндылықтарын тереңірек түсінеді, яғни театр тек қана қойылым емес, бұл – эмоцияның тікелей эфирі.
Мәселен, кинода қате кетсе, қайта түсіруге болады, ал театрда екінші дубль жоқ, дауыс дірілі және іс-қимыл бәрі шынайы, яғни экранға емес, тірі адамның шынайы энергиясына куә бола аласыз, яғни, бұл – жанды емдеу. Нәтижесінде, студенттер шығармашылық қабілетін дамытуға, өз ойын еркін жеткізуге, өзіне деген сенімділігін арттырып, топпен жұмыс істеуге және сахна мәдениетін меңгеруге үйренеді.
Қорытындылай келе, сапалы білім мен тәрбиенің бірлігі – болашақ маманның ғана емес, тұтас қоғамның дамуының кепілі. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын». Сондықтан біз жүйелі тәрбиелік іс-шаралар арқылы студенттерді тек білімді ғана емес, саналы, мәдениетті, отансүйгіш тұлға ретінде қалыптастыруды басты міндетіміз деп білеміз.
Аннотация
В колледже сервиса и туризма г. Астаны реализуются содержательные проекты и организуется творческая работа, направленная на всестороннее развитие студентов. Познавательные мероприятия способствуют повышению экологической грамотности студентов, развитию творческих способностей, интереса к истории страны.
Астана қаласының сервис және туризм колледжінде студенттердің жан-жақты дамуына бағытталған мазмұнды жобалар мен шығармашылық жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар шеңберінде өткізілетін танымдық іс-шаралар студенттердің экологиялық сауаттылығын арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, шығармашылық қабілеттері мен ел тарихына деген қызығушылығын дамытып, олардың патриоттық сезімін нығайтуға ықпал етеді.

Comments