top of page

Балабақша және бастауыш мектеп: педагогикалық сабақтастық тәжірибесі

Бала тұлғасының үздіксіз дамуы – қазіргі білім берудің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл міндет баланың білім жолындағы екі маңызды, бастапқы кезеңі болып табылатын балабақша мен бастауыш мектеп арасындағы педагогикалық сабақтастықтың сапалы іске асырылуымен тығыз байланысты. Олардың арасындағы үйлесімділік балалардың мектепке бейімделу үдерісін жеделдетеді әрі жеңілдетеді, оқу үдерісіне деген оң көзқарасты қалыптастырады және оқу көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етеді. Елорданың мектепке дейінгі ұйымдары мен мектептері Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы жүзеге асыратын «Педагогикалық SABAQTASTYQ» жоспарын басшылыққа ала отырып, бірлескен жұмыс жүргізуде. Бұл жоспардың негізгі мәні – баланың мектепке психологиялық, танымдық және әлеуметтік дайындығын қамтамасыз ету, тәрбие мен оқыту үдерісінде қолданылатын әдістер мен тәсілдердің үйлесімділігін қолдау. Астана қаласының № 87 «Қадыр» балабақшасы осы міндеттерді белсенді шешудің бір мысалы болып табылады.


Педагогикалық сабақтастықтың мәні – білім беру кезеңдері арасындағы мазмұндық, әдістемелік және тәрбиелік байланысты қолдау. Зерттеулер көрсеткендей, оның жоқтығы баланың мектепке бейімделуін қиындатып, оның когнитивті, эмоционалды және әлеуметтік дамуына теріс әсер етеді.

Біріншіден, психологиялық қиындықтар туындайды: мектептен қорқу, жаңа жағдайға, мұғалімге және сыныптастарға сенімсіздікпен қарау, үрей мен өзін төмен бағалау.

Екіншіден, оқуға қатысты мәселелер анықталады: нұсқауларды орындаудағы қиындықтар, оқу тапсырмаларын орындай алмау, зейіннің тұрақсыздығы, тез шаршау және материалды игеру қарқынының төмендігі.

Үшіншіден, әлеуметтік бейімделу қиындайды: балаға тәртіп сақтау қиынға соғады, ол құрдастарымен қарым-қатынаста кедергі сезінеді және ұжымдық жұмысқа қатысудан қорқады.

Төртіншіден, мінез-құлық өзгереді: тұйықталудан бастап шектен тыс қозғыштыққа, тіл алмаушылыққа немесе тіпті мектепке барудан бас тартуға дейін барады.

Балабақша мен бастауыш мектептің жүйелі жұмысы бұл мәселелерден аулақ болуға көмектеседі. Мұндай жүйелі тәсілдің нәтижесі баланың үйлесімді дамуы, өзіне деген сенімділігі және жаңа ортаға тез бейімделуі болмақ.

Мазмұндық сабақтастық

Бұл аспект оқу бағдарламаларының логикалық байланысын, сондай-ақ білім мен дағдылардың біртіндеп тереңдеуін білдіреді. Мысалы, балабақшада негізі қаланған қарапайым математикалық ұғымдар (санау, салыстыру, пішіндерді тану) бірінші сыныптағы математиканың іргетасына айналады. Тілдік дамыту және әріптермен танысу сауат ашуды үйренуге дайындайды, ал қоршаған орта туралы алғашқы түсініктер «Дүниетану» сабақтарында ғылыми деңгейге ауысады. Осылайша, жаңа материал бұрыннан бар тәжірибеге негізделеді, күрделілік деңгейі ешбір үзіліссіз және олқылықсыз, бірқалыпты өседі.

Әдістемелік сабақтастық

Байланыстың бұл түрі баланың жасын ескере отырып, оқыту әдістерін біртіндеп өзгертуден тұрады. Балабақшада жетекші әрекет ойын болып қала беретіндіктен, бірінші сыныпта ойын элементтерін: дидактикалық тапсырмалар мен сергіту сәттерін сақтау қажет. Мектеп жасына дейінгі балаларға таныс көрнекі бейнелер арқылы оқыту бастауыш мектепте де жалғасады, ал тапсырмалар балалардың психологиялық дайындығына қарай күрделене түседі. Бұл жағдайда оқыту стилі шұғыл өзгермейді, бірінші сынып оқушысы үшін күйзеліссіз, біртіндеп академиялық сипатқа ие болады.

Тәрбиедегі сабақтастық

Құндылықтардың біртұтас жүйесін сақтау, әлеуметтік дағдылар мен мінез-құлық нормаларын бекіту де дәл сондай дәрежеде маңызды. Балабақшада қалыптасқан өзіне-өзі қызмет ету дағдылары, тәртіп және командада жұмыс істей білу мектепте одан әрі дамиды. Отансүйгіштік, адамгершілік және еңбекқорлық сияқты қасиеттер жүйелі түрде нығая түседі. Бұл ретте әрбір балаға эмоционалды қолдау көрсетуге баса назар аударылады, бұл оның мектеп ортасына бейімделуін айтарлықтай жеңілдетеді.

Бірінші сынып балабақшаның логикалық жалғасы, келесі деңгейі ретінде қарастырылуға тиіс. Мемлекеттік стандарттар мектепке дейінгі және бастауыш білім беру мазмұнының үйлесімін қарастырады. Мектеп үдерісі, жоғарыда атап өткеніміздей, бірден таза академиялық режимде басталмайды: бейімделу кезеңі, баланың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін түсіну қажет. Алайда, тәжірибеде кейде талаптардың күрт жоғарылауы байқалады. Шынайы сабақтастыққа тек мұғалімдер мен тәрбиешілердің бірлескен кәсіби жұмысы нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Бұл – мазмұндық, әдістемелік және тәрбиелік бірлікті сақтау кезінде тиімді жүзеге асырылатын, тұлғаның үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін негізгі қағида.

Балабақшадағы тәрбие мен оқыту – бастауыш мектеп білімінің негізі. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдар баланың танымдық қызығушылығын дамытуға, дербестігін қалыптастыруға және қарым-қатынас мәдениетін тәрбиелеуге басты назар аударуы керек.

Балалардың жаңаны тануға деген табиғи ұмтылысы бар. Бұл қызығушылықты дамыту үшін біздің балабақшада қарапайым эксперименттер жүргізу (әртүрлі заттарды суға салып, олардың бататынын немесе батпайтынын анықтау), өсімдіктерді бақылау (тұқым себу, олардың өсуін күнделікке жазу), табиғат құбылыстарын бақылау (қардың еруі, жаңбыр, жел) сияқты зерттеу шаралары ұйымдастырылады.

Баланы ойлануға үйретудің маңызды әдістерінің бірі – «Неліктен?», «Сен қалай ойлайсың?» деген ашық сұрақтар. Бұл ретте оның жауаптарын бірден түзетпей, ойлануға мүмкіндік беру керек.

Сондай-ақ, ойын арқылы оқыту жүргізіледі, бұл дидактикалық ойындар (салыстыру, топтастыру, логикалық тапсырмалар), мозаика мен пазлдарды жинау арқылы ойлау дағдыларын дамытуды білдіреді.

Бұл сабақтардың нәтижесінде бала мектепте оқи бастағанда тапсырмаларды қызығушылықпен орындайды, жаңа ақпаратты қабылдауға дайын болады.

Маңызды сәттердің бірі – баланың өз әрекеттерін ұйымдастыру, шешім қабылдау қабілетін қалыптастыру. Бұған өзіне-өзі қызмет ету дағдылары кіреді: киіну, шешіну, заттарын жинау. Сонымен қатар, балаларға таңдау жасауға мүмкіндік беру өте маңызды – ойын түрін, тапсырманы орындау тәсілін таңдау, бұл сыни ойлауды дамытады. Оған қоса, шағын міндеттерді жүктеу, соның ішінде кезекші рөлін атқару (гүлдерге су құю, үстелді дайындау), топтық жұмыста рөл беру пайдалы.

Мұндай жоспарлы жұмыс нәтижесінде бірінші сыныпта бала педагогтің нұсқауларын түсінетін болады, өз бетінше жұмыс істей алады, оқу әрекетіне тез бейімделеді.

Бала мектепте табысқа жете алуы үшін мектепке дейінгі деңгейде-ақ оған өз ойын дұрыс білдіруге, тыңдауға және құрмет көрсетуге көмектесу керек. Ол үшін біз топтық және жұптық жұмыстарды – ортақ тапсырмаларды бірлесіп орындауды, рөлдік ойындарды («дүкен», «дәрігер», «мектеп»); сөйлеу дағдыларын дамытуды – әңгіме құрастыруды, ертегіні айтып беруді, өз пікірін толық сөйлемдермен білдіруді; әдептілік ережелерін меңгеруді – сыпайы сөздерді қолдануды, сондай-ақ шиеленісті жағдайларды сөзбен шешу тәжірибесін қолданамыз.

Мектепке келгенде, мұндай сабақтар мен тәрбие тәжірибесі бар бала құрдастарымен және тәрбиешімен еркін араласады, жаңа ортаға тез бейімделеді.

Көріп отырғанымыздай, мектепке дейінгі ұйымдағы жұмыс тек оқытумен ғана шектелмейді, өйткені мектепке дейінгі жас – тұлғалық дамудың негізін қалайтын ең маңызды кезең. Танымдық қызығушылығы қалыптасқан, өз бетінше ойланып, әрекет ете алатын және қарым-қатынас мәдениетін меңгерген бала бастауыш мектептегі білім беру үдерісіне психологиялық және зияткерлік тұрғыдан дайын болады.

Мұндай нәтижеге қол жеткізуге педагогтердің бірлескен іс-әрекеттері көмектеседі. «Педагогикалық SABAQTASTYQ» бағдарламасы аясында № 87 «Қадыр» балабақшасы жақын маңда орналасқан № 75 мектеп-гимназиясымен меморандумға отырды. Бірлескен жұмыс жоспарына ашық сабақтар, кіріктірілген сабақтар, тәжірибе алмасу семинарлары және балабақша тәрбиешілері мен бастауыш мектеп педагогтерінің интерактивті кездесулері енді.

Ашық сабақтар мен кіріктірілген сабақтар ең қызықты әрі тиімді болып шықты. Тәрбиешілер бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлық топтарындағы сабақтарға шақырды. Өз кезегінде мұғалімдер тәрбиешілерді бірінші сынып оқушыларымен жұмысқа тартып, оларды білім беру үдерісінің ерекшеліктерімен таныстырды. Нәтижесінде біз, мысалы, балабақшада балалардың тыңдау дағдылары мен нұсқауларды соңына дейін орындау іскерлігін дамытуға көбірек көңіл бөлу керектігін көрдік.

Тәжірибе алмасу семинарларында бастауыш мектеп мұғалімдері бірінші сынып оқушыларының алғашқы айларда жиі кездесетін қиындықтарын атап өтті: бұл, атап айтқанда, жазу қарқыны, партада дұрыс отыру, уақытты тиімді пайдалану, дыбыстық талдау. Сондықтан біз мектепке дейінгі оқытуға ойын түріндегі дыбыстық талдау элементтерін енгіздік, сондай-ақ белгілі бір уақыт аралығында орындалуы керек шағын тапсырмаларды жиі қолдана бастадық.

Жұмыстың тағы бір түрі қорытынды ата-аналар жиналысында ата-аналардың бастауыш мектеп мұғалімдерімен кездесуі болды. Бұл кездесулерде мұғалімдер «мектепке дайындық» ұғымының мазмұнын нақтылап, бұл тек әріптер мен сандарды тану ғана емес, ең алдымен психологиялық және әлеуметтік даму екенін, ал баланың дербестігі мен жауапкершілігін қалыптастыру басты басымдық болып табылатынын түсіндіреді.

Осылайша, мектепке дейінгі мекеме мен бастауыш мектеп арасындағы мазмұндық, әдістемелік және психологиялық сабақтастықты қамтамасыз ету баланың үйлесімді дамуының кепілі болып табылады. Және бұл жұмыс білім мен тәрбие берудің қос буынының тығыз ынтымақтастығы жағдайында күнделікті, жүйелі және мақсатты түрде жүргізілуге тиіс.


АННОТАЦИЯ

Мазмұны, әдістемесі мен тәрбие тәсілдерінің бірлігі бірінші сынып оқушыларының мектепке сәтті бейімделуі үшін балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықты дамыту арқылы қамтамасыз етіледі. «Педагогикалық SABAQTASTYQ» жобасы аясында Астана қаласының № 87 «Қадыр» балабақшасы № 75 мектеп-гимназиясымен меморандумға отырып, педагогтердің өзара іс-қимылының тиімді тәжірибесін жинақтады және аталған материалда осы іс-тәжірибесімен бөліседі.



Единство содержания, методик и воспитательных подходов обеспечивается через развитие преемственности между детским садом и школой для успешной адаптации первоклассников. В рамках проекта «Педагогикалық SABAQTASTYQ» детский сад № 87 «Кадыр», заключив меморандум со школой-гимназией № 75, наработал эффективный опыт практического взаимодействия педагогов, которым делится в своем материале.

 
 
 

Recent Posts

See All
Әрбір мұғалімге арналған жасанды интеллект

Соңғы екі жылда жасанды интеллект тақырыбы футуристік болжамдардан әрбір оқушының қалтасындағы күнделікті құралға айналу жолынан өтті. Ал біз бұл процесті сырттан бақылап қана отыра алмаймыз. Алда біз

 
 
 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page