top of page

Марке политехникалық университеті филиалының алғашқы студенттері Италияға аттанды

2 hours ago
1 min read

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Италияның Марке политехникалық университетіне оқуға аттанатын студенттермен кездесу өтті, деп хабарлайды «Замануи білім беру» журналы ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында университет ректоры Ермек Бөрібаев студенттердің шетелде оқуға жауапкершілікпен қарауының, сондай-ақ академиялық білім деңгейін арттырып, жаңа тәжірибе алуының маңыздылығын атап өтті.


Марке политехникалық университеті филиалының алғашқы студенттері Италияға аттанды

2024 жылы Жетісу университеті мен Марке политехникалық университетінің ынтымақтастығы аясында Жетісу университетінің базасында итальяндық жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Сол жылы алғашқы қос дипломды білім беру бағдарламасы әзірленіп, студенттерді қабылдау басталды. 2025 жылдың 16 шілдесінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен филиал кампусының ресми ашылу салтанаты өтті. Бастама халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, студенттердің академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейтуге және қос дипломды білім беру бағдарламаларын одан әрі дамытуға бағытталған.


Қазіргі уақытта «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» қос дипломды білім беру бағдарламасының алғашқы топ студенттері академиялық ұтқырлық аясында Анкона қаласына аттанып, Марке политехникалық университетінде оқуын жалғастырады.

«Сіздер — Жетісу университетінің қос диплом бағдарламасы аясында Италияға аттанып отырған алғашқы топ студенттерісіздер. Шетелде оқу барысында тек өз университеттеріңізді ғана емес, елімізді де лайықты таныстыру маңызды. Марке политехникалық университетінде сапалы білім алып, жаңа тәжірибе жинақтап, алған білімдеріңізді болашақта ел игілігіне жұмсайтындарыңызға сенімдімін. Сапарыңызға сәттілік тілеймін!» – деді ректор.

Кездесу барысында студенттерге Италияда болу кезіндегі қауіпсіздік талаптары, жаңа ортаға бейімделу мәселелері, оқу процесін ұйымдастыру тәртібі және академиялық талаптар түсіндірілді.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page