С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті ШЫҰ елдері ауыл шаруашылығы университеттері ректорларының V форумына қатысты
- Редакция "СО"
- 2 hours ago
- 2 min read
2026 жылғы 6–9 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің ұйымдастыруымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің ауыл шаруашылығы университеттері ректорларының V форумы және Жібек жолы ауыл шаруашылығы білімі мен ғылыми инновациялар альянсының XI жыл сайынғы конференциясы өтті.

Форум «Технологиялық инновациялар – болашақ ауыл шаруашылығына бастар жол, өзара тиімді ынтымақтастық – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі» ұранымен ұйымдастырылды. Іс-шара барысында ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялау, аграрлық білім беруді жаңғырту, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форумға 19 елден келген 86 жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу ұйымының өкілдері қатысты. Іс-шара академиялық ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, озық тәжірибе алмасуға және аграрлық сала үшін жоғары білікті мамандар даярлауға арналған беделді халықаралық алаңға айналды.
Форумда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің делегациясын Басқарма мүшесі – Provost Роза Әбішева бастап барды.
Жиын аясында Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің ректоры У Пу Тэ Қазақстан делегациясымен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту, серіктестік байланыстарды кеңейту, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру перспективаларын талқылады. Кездесу соңында өзара құрметтің, достықтың және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген дайындықтың белгісі ретінде естелік сыйлықтармен алмасты.
Университеттің форумға қатысуының маңызды нәтижелерінің бірі – Ресей Федерациясындағы П.А. Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университеті мен Қазақстан Республикасындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті арасында «Жер ресурстарын цифрлық басқару» магистрлік білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды бағдарламаны іске асыру туралы шартқа қол қойылуы болды. Аталған келісім халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадамға айналды.
Форум бағдарламасы аясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің делегациясы Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің Тағамтану ғылымы және инженерия институтында болып, заманауи ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен, ғылыми-зерттеу зертханаларының қызметімен және тағам технологиялары саласындағы мамандар даярлаудың негізгі бағыттарымен танысты.
Сонымен қатар Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде қос диплом бағдарламасы бойынша білім алып жатқан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің магистранттарымен кездесу өтті. Кездесу барысында оқу үдерісін ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу қызметі, тұру жағдайлары, академиялық ұтқырлық және білім алушылардың алдағы кәсіби даму перспективалары талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар қол жеткізілген уағдаластықтар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, аграрлық ғылым мен білім беру саласына инновациялық технологияларды енгізуге, сондай-ақ әлемдік ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенім білдірді.