top of page

Шығыс Қазақстан облысының Ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында Шығыс Қазақстан облысының Ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті.



Жиында ғылым мен инновация саласындағы реформалар, қолданбалы ғылымды дамытуға бағытталған бастамалар кеңінен талқыланды. Ғылыми ұйымдар мен өндіріс орындары арасындағы өзара іс-қимыл механизмдері, жоғары технологиялар мен инновацияларды өндіріске енгізу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар өңірлік кеңестің құрамы және ғылыми кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеу бойынша жұмыс тобының мүшелері бекітілді.


Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ғылым комитетінің өкілдері, өңірдегі ғылыми ұйымдар мен өндіріс басшылары, өңірлік университет ректорлары және облыстың жетекші ғалымдары қатысты.


Шығыс Қазақстан өңірі машина жасау, металлургия, энергетика және агроөнеркәсіптік кешен сияқты негізгі салаларда қуатты индустриялық база мен дамыған инфрақұрылымға ие. Мұнда Үлбі металлургиялық зауыты, Титан-магний комбинаты, «KAZZINC» және басқа да стратегиялық маңызды кәсіпорындар жұмыс істейді. Осындай өндірістік әлеует қолданбалы ғылыми зерттеулерге және инновациялық шешімдерді белсенді енгізуге жоғары сұраныс қалыптастырады. Осы орайда ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы тиімді ынтымақтастықты жолға қою міндеті алға қойылып отыр.


–  Өңірлік ғылыми кеңес ғылым, өндіріс және мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіретін, практикалық ұсыныстар әзірлейтін және өңірдегі ғылыми саясатты үйлестіретін маңызды алаңға айналуы тиіс, –  деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық жоғары оқу орындарының шетелдік университеттермен бірлескен білім беру және ғылыми жобаларының сәтті мысалдарын таныстырды. Ол, атап айтқанда, АҚШ университеттерімен бірлескен үш ғылыми бағдарламаның іске қосылғанын, сондай-ақ Козыбаев атындағы СҚУ мен Аризона университетінің бірлескен ғылыми жобасын атап өтті. Сонымен қатар Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Қытайдың серіктестерімен бірге «Лу Бан шеберханасы» аясында жүргізіп жатқан белсенді жұмыстарын атап өтті.


–  Енді біздің міндетіміз – университеттердің әлеуетін өндірістің нақты міндеттерін шешуге бағыттау. Өңірлік университеттердегі өсім нүктелерін ғылыми-техникалық мәселелерді шешуге пайдалану қажет, –  деп атап өтті министр Саясат Нұрбек.

Ол Қ.И.Сәтбаевтың мына сөзін мысалға келтірді:


«Тек өндіріс өмірімен тығыз байланысқан, өндірістің дамуына көмектесетін әрі оны жоғары технологиялық деңгейге көтеретін ғылым ғана алдыңғы қатарлы ғылым бола алады».

2025 жылғы ақпан айында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының тау-кен кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық дамуы» атты ғылыми-техникалық сессия өтті. Оған «KAZZINC» компаниясының өкілдері қатысты. Сессия нәтижесінде сарапшылар тарапынан төрт ғылыми-техникалық тапсырма әзірленіп, оларды Ғылыми және ғылыми-техникалық кеңесте қарау және әрі қарай ҚР ҒЖБМ тарапынан қаржыландыру ұсынылды.


Шара аясында «Қорғаныш және функционалды жабындар» жастар ғылыми орталығы ашылды. Орталықтың зерттеу бағыттарына болат пен қорытпаларды плазмалық азоттау және ультрадыбыстық әсер әдістерімен өңдеу, доғалы металлизация, магнетрондық және ауа-плазмалық бүрку әдістерімен жабындар түсіру, сондай-ақ материалдардың бетін өңдеуге арналған өнеркәсіптік технологиялар мен құрылғылар әзірлеу жатады.


Өңірлік ғылыми кеңестер ғылым, өндіріс, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасында тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, өңірлік деңгейде ғылыми міндеттер мен басым бағыттар бойынша ұсыныстар әзірлейді. Индустриясы дамыған, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындары арасында тарихи тығыз байланыс орнаған Шығыс Қазақстан облысы үшін өңірлік ғылыми кеңестің жұмысы қолданбалы ғылым мен инновацияларды дамытуда маңызды рөл атқарады.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page