«Ғылым ордасы» мен Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы ғылым саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады
- Rimma Abdykadyrkyzy
- 5 hours ago
- 1 min read
2026 жылғы 14 шілдеде «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Туғба Алан Өзденфедакармен (Tuğba Alan Özdenfedakar) кездесті. Кездесуге Түркия Республикасының Білім жөніндегі атташесі Шүкрү Көсе (Şükür Köse) және «TÜRKTAV» түркі тарихы мен мәдениеті қорының атқарушы директоры Әсел Лахаева қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты — Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық байланыстарды дамыту, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен насихаттау бағытындағы мүмкіндіктерді талқылап, өзара әріптестікті кеңейту болды.
Кездесу барысында түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, архивтік және қолжазба қорларымен жұмыс жүргізу, бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеу және мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Тараптар екі елдің ғылыми мекемелері арасындағы серіктестікті дамытуға, халықаралық ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға, ғалымдар мен жас зерттеушілердің тәжірибе алмасуына жағдай жасауға, сондай-ақ ғылыми кадрлардың әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар Ғылым ордасы мен өзге де ғылыми мекемелердің қызметкерлеріне арналған түрік тілі курстарын және қызығушылықтарына қарай үйірмелер ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды. Мекеме құрамындағы Орталық ғылыми кітапхананың кітап қорын жаңа әдебиеттермен толықтыру және материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері де сөз болды. Кездесу аясында түрік тарапы Орталық ғылыми кітапхананың қорына гуманитарлық бағыттағы жаңа басылымдарды тарту етті.
Кездесу соңында тараптар ғылым, білім және мәдениет салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдіріп, нақты бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты. Бұл кездесу Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.















Comments