top of page

«Ғылым ордасы» қоры халықаралық ғылыми басылымдармен толықты

2026 жылғы 21 сәуірде «Ғылым ордасы» қорына АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулдығы тарапынан 100-ден астам ғылыми басылымнан тұратын бірегей кітаптар топтамасын табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға АҚШ Бас консулы Мишель Еркін, «Ғылым ордасы» РМК бас директорының міндетін атқарушысы Азамат Нұршанов, консулдық өкілдері және Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлері қатысты.



АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркін бұл жобаны екі елдің ғылыми әлеуетін тоғыстыратын бірегей платформа ретінде бағалап, оның стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды.


«100-ден астам іргелі ғылыми еңбектің табысталуы мен «Америкалық кітаптар бұрышының» негізі қалануы — білім сабақтастығын тереңдетуге бағытталған стратегиялық бастама. Біз ұсынып отырған заманауи ресурстар ғылыми ізденістерге жаңа серпін беріп, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобалардың жүзеге асуына жол ашатынына сенімдімін», – деп түйіндеді Мишель Еркін.

Қоры 5,8 миллионнан астам сақтау бірлігін қамтитын, оның ішінде латын, қытай, араб және шағатай тілдеріндегі сирек қолжазбалар бар Орталық ғылыми кітапхана осы бастаманы жүзеге асыру үшін қолайлы институционалдық база болып саналады. Табысталған кітаптардың қатарында Scopus пен Routledge сияқты халықаралық дерекқорларда индекстелетін ғылыми басылымдардың болуы олардың жоғары академиялық құндылығын және қазіргі ғылыми кеңістікте сұранысқа ие екенін көрсетеді.



Кітап табыстау бастамасы аясында АҚШ ғылымы мен мәдениетінің жетістіктерін жүйелі түрде таныстыруға бағытталған «Америкалық кітаптар бұрышын» құру көзделген. Бұл бастама тек кітап қорын толықтырумен шектелмей, ғылыми және мәдени байланыстарды институционалдық деңгейде дамытуға мүмкіндік беретін тұрақты инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, ұсынылған басылымдарды цифрландыру арқылы олардың қолжетімділік аясын Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де кеңейту жоспарлануда.


Бұл бастама академиялық алмасу мүмкіндіктерін кеңейтудің, халықаралық ғылыми диалогты жандандырудың және ғылыми қауымдастық үшін сапалы білім ресурстарына қолжетімділікті арттырудың маңызды құралына айналмақ.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page