Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік жас химиктері: IChO-2025 олимпиадасында төрт медаль иеленді
- Редакция "СО"
- 13 hours ago
- 1 min read
Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар басталды: IChO, IPhO, IMO, IBO, IGeO, IOL, IOІ. Бұл маусымды Қазақстан оқушылары сүйіншілі жаңалықпен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі – алтын медаль.

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
I орын — Кирилл Ким, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; I орын — Абылай Кабдулхадыр, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; II орын — Еңлік Бақытбекова, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; II орын — Аңсар Жақсылықов, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.
Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі - қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.
«Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», - деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.
Comments