top of page

ҚазҰУ ректоры ТМД ғалымдарының форумында баяндама жасады

1 hour ago
2 min read

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер ғалымдарының VI форумында баяндама жасады. Биыл «Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым: ынтымақтастық пен дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбына арналған шара ҚР Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай ұйымдастырылды.


Ректор ТМД ғалымдарының форумында баяндама жасады

Халықаралық жиынға ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев пен Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және өзге де мемлекеттерден келген ғалымдар, сарапшылар жиналды.


Форумның ашылуында сөз сөйлеген Ақылбек Күрішбаев жасанды интеллектінің дамуы ауқымды деректерді өңдеуді, күрделі үдерістерді модельдеуді және зерттеу гипотезаларын тексеруді жеделдету арқылы ғылыми қызметтің сипатын түбегейлі өзгертіп жатқанын жеткізді. 


«Жасанды интеллект зерттеушінің мүмкіндіктерін кеңейте алады, алайда ғылыми әдісті, сыни ойлауды және кәсіби жауапкершілікті алмастыра алмайды. Түпкілікті тұжырым жасап, шешім қабылдау ғалымның құзыретінде қалуға тиіс. Қоғамның жаңа технологияларға сенімін қалыптастыру үшін дәл осындай ұстаным қажет», – деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.


Ал ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы жолдаған құттықтау хатында: «Ғылыми-технологиялық әлеуеті қаншалықты жоғары болса да, ешбір мемлекет жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жеке-дара толық іске асыра алмайды. Зияткерлік, инфрақұрылымдық және зерттеу ресурстарын біріктіру елеулі ғылыми нәтижелерге қол жеткізудің қажетті шартына айналып отыр», – делінген.


Ректор ТМД ғалымдарының форумында баяндама жасады

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-да ғылымды трансформациялауда жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулердің маңызы артып келе жатқанын айтты. Ректор аталған жұмыс төрт бағыт бойынша жүргізілетінін жеткізді. Атап айтқанда: суперкомпьютерлік есептеулер, жаңа технологиялар мен модельдер әзірлеу, цифрлық шешімдерді басқару және ғылымды деректер негізінде талдау.


«ҚазҰУ-дағы Суперкомпьютер орталығы ауа райын болжау, сейсмикалық тәуекелдерді бағалау, геоаналитика және тілдік модельдерді дамыту секілді міндеттерге қолданылады. Университет «Қазгидрометпен», Бас прокуратурамен және Қытай ғылым академиясымен бірлесіп есептеу мен зерттеу жобаларын жүзеге асырып келеді», – деді ректор. 


Өз сөзінде ЖОО басшысы «AI-Sana» бағдарламасы бойынша 17 687 тыңдаушы сертификат алып, жасанды интеллектіні қолдану бойынша білімін жетілдіргенін алға тартты.


«Зерттеушілердің жұмысын жеңілдету үшін университетте Farabi Scholar, ScreenFlow, Norma Flow және Horizon сияқты арнайы ЖИ платформалары мен агенттері іске қосылды. Арнайы әзірленген Norma Flow жүйесі гранттық қаржыландыру мен коммерцияландыруға арналған күрделі ғылыми құжаттарды дайындауды оңтайландырады. ScreenFlow платформасы өтінімдерді қабылдау, сараптамалық бағалау және нәтижелерді салыстыру процестерін автоматтандыруға көмектеседі. Ал Farabi Inference Gateway білім ордасындағы барлық ЖИ модельдеріне қолжетімділікті қауіпсіз басқарып, деректерді өңдеуді қамтамасыз етеді», – деді Жансейіт Түймебаев. 

Шарада отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар сөз сөйлеп, жасанды интеллектіні ғылым мен өндіріске енгізудің маңыздылығын талқылады. 

 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page