Ұлттық ғылым академиясы Егінжай күнін өткізді
- Редакция "СО"
- 1 hour ago
- 2 min read
2025 жылдың 19 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының 2060 жылға дейін Қазақстан Республикасының климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында алғаш рет «Тұрақты ауыл шаруашылығы: органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту» тақырыбында Егінжай күнін өткізді.

Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Алматы облысының әкімі, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстары әкімдіктерінің басқарма басшылары, жетекші халықаралық және отандық ғалым-сарапшылар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты:
– Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту;
– көміртекті секвестрлеу және топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жөніндегі инновациялық шешімдерді көрсету;
– органикалық секторды қолдаудың институционалдық тетіктерін талқылау.
Қазақстандағы органикалық және көміртекті егіншіліктің даму перспективалары:
1. Климаттың жаһандық өзгерісі мен парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелер аясында көміртекті егіншілік аграрлық секторды дамытудың стратегиялық бағытына айналуда. Қазақстан кең ауқымды ауыл шаруашылығы алқаптары бар және топырақ-климаттық жағдайлары осал мемлекет ретінде топырақтың жедел деградациясы, органикалық көміртек мөлшерінің азаюы және агроценоздардың биологиялық өнімділігінің төмендеуі секілді проблемаларға тап болуда.
2. Органикалық егіншілік – синтетикалық тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдануды болдырмайтын тұрақты тәсіл ретінде агроэкожүйелердің жай-күйі нашарлаған қазіргі жағдайда өзектілігін арттыруда. Қазақстанда тиісті сертификаттау базасы болған жағдайда органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға айтарлықтай әлеует бар.

Климаттың өзгеруі, топырақ деградациясы және ауыл шаруашылығы ландшафттарындағы экожүйелік функциялардың әлсіреуі сияқты қазіргі үрдістер агроөнеркәсіптік кешенді «жасыл» трансформациялау аясында стратегиялық бағыттар ретінде көміртекті және органикалық егіншілікке жүйелі түрде көшу қажеттілігін айқындап отыр.
Егінжай күні аясында көміртекті және органикалық егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер талқыланды:
– агрожүйелердегі көміртек баланстарын верификациялаудың ұлттық жүйесін құру және көміртекті агроэкожүйелік сервистерді әзірлеу; – Қазақстанның түрлі табиғи-климаттық аймақтарына бейімделген көміртекті егіншілікке арналған агротехнологиялар тізілімін әзірлеу; – көміртек баланстарын мониторингтеу және верификациялау мақсатында ГАЖ, қашықтықтан зондтау және көміртектің биогеохимиялық айналымы модельдері негізінде ұлттық кадастрлық жүйені қалыптастыру; – климаттық тәуекелдер, топырақтың аймақтық ерекшеліктері және агробиоәртүрлілікті ескере отырып, өңірлік бейімделген органикалық шаруашылық жүйелерін әзірлеу; – аграрлық ұйымдар, орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттары базасында білім беру және агроэкологиялық платформаны қалыптастыру.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті А. К. Күрішбаев өз сөзінде былай деп атап өтті:
Қазақстанда көміртекті егіншілікті табысты дамыту үшін агроэкожүйелердегі көміртекті басқарудың жүйелі моделі қажет. Бұл бағыттың маңыздылығын ескере отырып, Ұлттық ғылым академиясы «Көміртекті егіншілік аясында топырақтағы көміртек пен парниктік газдарды басқаруға арналған кешенді және интеграцияланған тәсілдер: топырақ құнарлылығын арттыру мен аграрлық сектордың климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету стратегиясы» атты ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға арналған техникалық тапсырма жобасын әзірлеп, оны жүзеге асыру бастамасын көтерді. Бағдарлама көміртек үнемдеуші агротехнологияларды енгізуді, геоақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект негізінде көміртек балансының мониторинг жүйесін құруды, топырақтағы органикалық көміртекті секвестрлеудің нормативтерін ғылыми тұрғыда негіздеуді, сондай-ақ ел аумағында көміртекті полигондар желісін дамытуды көздейді.
Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстанда көміртекті және органикалық егіншілікті дамытуға арналған, ғылыми тұрғыдан негізделген шаралар мен оларды ұлттық деңгейде іске асыру тетіктерін қамтитын резолюция әзірленеді.

Comentarios